Жаңа генералға – жаңа міндет
Жаңа генералға – жаңа міндет
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
330
оқылды
Айналдырған алты ай ішінде елі­мізде Қорғаныс министрі екі рет ауысты. Ведомствоны басқарған екі генерал да Қарулы Күштердегі олқылықтар үшін қызметпен қош айтысты. Олардың біреуі отстав­каға кетуге өзі өтініш берсе, екін­шісі Жоғарғы Бас қолбасшының Жарлығымен орнынан алынды. Прези­дент жаңадан тағайындалған министрге нақты тапсырма жүктеді. Ал біз қорғаныс және қауіпсіздік саласында не өзгеруі мүмкін екенін саралап көрдік.

«Күрең беретті» генерал келді

Қаңтардың 19-ы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізіп, генерал Мұрат Бектановты қызметінен босатты да, орнына генерал Руслан Жақсылықовты тағайындады. Сөйтіп, әу баста И.Конев атындағы жал­пы әскерлік командалық училищесінде оқып, кейін М.Фрунзе атындағы әскери акаде­мияны, РФ Қарулы күштері Бас штабының әскери академиясын аяқ­таған, алайда соңғы 20 жыл бойы ІІМ Ішкі әскерінде, Ұлттық ұлан сапында қызмет еткен гене­рал тұтас қорғаныс саласын басқаруға кірісті. Әрине, әскери қызметін мотоат­қыш­тар, барлау бөлім­дерінде бас­таған генералдың бұрынғы Ішкі әскердегі, қа­зіргі Ұлттық ұландағы арнайы күштердің элитасы саналатын «Бүркіт» бөліміне тиесілі «күрең берет» иегері екені жұрт­шылықтың назарын аударғаны жасырын емес. Әрі кәдімгідей үміт оятқаны бар. Өйткені «күрең берет­тілер» аса ауыр сы­нақтар мен ең жоғарғы деңгейдегі дайын­дықтан өтеді. Арнаулы күштердің ішіндегі ең беделдісі сана­лады. Дегенмен Ішкі әскер саласының тұтас Қарулы Күштерден өзгешелеу екенін де назардан тыс қалдырмаған абзал. Тек ге­не­ралдың жастау кезінде «әскери бар­лауды жедел-тактикалық командалық-штаб­тық басқару» және «мемлекеттің әс­кери қауіп­сіздігі» мамандықтарын оқы­ғаны ми­нистрдің біліктілігіне қатыс­ты күмәнді сейілткендей болады. Алайда теория мен нақты жағдай бөлек еке­ні анық. Оның үстіне, Қарулы Күштер де­геніңіздің өзі тым күрделі құрылым. Оның өзіне тән білім беру, денсаулық сақ­тау, қар­жыландыру, тіпті мәдени-ағарту­шы­лық жүйелері бар. Тіпті, Қарулы Күштерді жарақтандырудың өзі күрделі іс. Әскери әуе қорғанысы, құр­лық әскерлері, әскери теңіз күштері тәрізді түрлі салаға бөлінетіні тағы бар. Оған қой­ма­лардың жай-күйін, көлік-логистикалық кешеннің жағдайын, одан қалса Қарулы Күштерді реформалау мен дамытудың тұ­тас тұжырымдамасын қосыңыз. Офицер­лердің моральдық-психологиялық жағдайы, әс­кердегі суи­цид, жемқорлық, халықаралық ынты­мақтастық дейсіз бе, қысқасы жаңа ми­нистр үшін жұмыс шаш етектен болғалы тұр. Оның үстіне, Президент жаңа тапсыр­малар да жүктеп тастады.

Президент жүктеген міндеттер қандай еді?

Жоғарғы Бас қолбасшы жаңа ми­нистрге ең алдымен ел басшылығын сырт­қы және ішкі қауіп-қатерлер туралы уақы­тылы әрі нақты ақпараттармен қамтамасыз етуге тиісті әскери барлау қызметін кү­шей­туді тапсырды. Біздің пайымдауымызша, әскери қызметінде 11 жыл бойы барлау бөлімдерін басқарған Руслан Жақсы­лықовтың бұл міндетті орындауға қабілеті жетуі тиіс. Алайда ел басшылығын түрлі қауіп-қатер жайлы дер кезінде хабардар етіп отыру үшін әскери барлау өзге күш құ­рылымдарындағы барлаушылармен тізе қоса жұмыс істеуі қажет. Айталық, бұрын­ғы «Сырбар» 2019 жылдан бері ҰҚК құра­мында, қарсы барлау да ұлттық қауіпсіздік қызметінің ажырамас бөлігі. Ішкі істер министрлігі бағытында ресми түрде барлау органдары жоқ. Полицейлер кейде ке­ңестік кезеңнен келе жатқан ескі тәсіл – бейресми агентураға сүйенеді. Сондықтан жаңадан тағайындалған Қорғаныс ми­нистріне әскери барлауды жетілдірудің тың тұжырымдамасын жасау қажет бола­тын сыңайлы. Ал Президент Жарлығына сай құрылатын Арнаулы операциялар жөніндегі күштердің басшылығы «күрең беретті» генералға таңсық емес. Яғни, сарбаздардың даярлығын тексеруге оның біліктілігі жетеді. Дегенмен Арнаулы операциялар жөніндегі күштер басшылығы қандай құқықтық нормалар негізінде жұмыс істейтінін анықтау қажет болады. Өйткені арнаулы күштердің қандай құрылымға бағынатыны маңызды болғалы тұр. Егер Бас штаб арқылы жұмыс істейтін болса, арнаулы күштерді пайдалану үшін ҰҚК немесе ІІМ рұқсат сұрауға мәжбүр болуы ықтимал. Өйткені бейбіт күнде Бас штабқа өзге күш құрылымдарының бөлімшелері бағынбайды. Тек соғыс жағдайында Бас штаб барлық күштерді басқаруы тиіс. Запастағы генерал-майор Әділбек Алдабергенов те масс-медиаға берген сұхбатында ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы әдетте мүлдем бөлек қызмет атқаратынын, сондықтан бейбіт күнде оларды Бас штабқа бағындыру қажет емес екенін айтқан еді. Оның үстіне, армиядағы арнаулы күштердің сирек қолданылатынын ескерсек, Арнаулы операциялар жөніндегі күштер басшылығының Бас штаб немесе Қорғаныс министрлігі аясында емес, ҰҚК, ІІМ құрылымдарына жақын болғаны жөн сияқты. Бірақ қаңтардың басындағы бүлік кезінде бұл құрылымдардың бар­лы­ғында дерлік командирлердің қауқар­сыз­дығы, дербес шешім қабылдауға батылы жетпей қалғаны байқалды. Ал бұл жағдай өз кезегінде Арнаулы операциялар жөнін­дегі күштер басшылығын жасақтауды жан-жақты пысықтауға мәжбүр етіп отыр. Сондықтан кесіп-пішіп пікір айту әзірге ерте. Президенттің келесі тапсырмасы қару-жарақ сақтайтын нысандардың қауіпсіз­дігіне қатысты болды. 2019 жылы Арыста, былтыр Жамбыл облысында әскери қоймалардың өртенуі салдарынан жойқын жарылыс болып, елдің дүрліккені есте. Біздің пайымдауымызша, қоймалардағы қауіпсіздіктің сақталмауы, оқ-дәрілердің пайдалану мерзімінің өтуі мен оларды сақтайтын орындардың тозуы бірер жылда қалыптасқан жағдай емес. Әріге кетсек, бұл жағдай Сағадат Нұрмағамбетовтен кейінгі барлық Қорғаныс министрлері назардан шығарып алған мәселе. Тіпті, әскери қоймалардың жасырылмауы, жер серіктерінен еркін суретке түсіріле беретіні КСРО кезінде «уақытша» деп асығыс салынғанынан басталады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңа әскери оқ-дәрі қоймасы ешқашан салынған емес. Әрі елдегі әскери арсенал, қоймалар әлі күнге толық инвентаризациядан өтпеген. Был­тыр Қорғаныс министрлігі елдегі әскери қоймалардың инвентаризация көр­сет­кіші 20 пайыз болғанын мәлімдеген. Арыстағы жарылыстан екі қойма салынатыны жө­нінде мәлімет тараған. Бірақ кейін экс-министр Нұрлан Ермекбаев қоймалардың тек жобалық-сметалық құжаттары ғана әзірленгенін айтты.

Қару-жарақтың ескіргені рас

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа министрді таныстырған жиында Қазақстан армия­сының техникалық және жауынгерлік жабдықтарын жаңарту міндетін жүктеді. – Әскердегі қару-жарақтың дені 30-50 жыл болған Кеңес дәуіріндегі техника. Ескірген техникалардың мерзімінің өткеніне байланысты қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы Күштер заманауи әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталуы тиіс. Қабылданатын шаралар жүйелі болуы керек. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндейтін, оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті дамыту қажет, – деді Жоғарғы Бас қолбасшы. Сөйтіп, «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» тәсіліне жүгінген сыңайлы. Өйткені қару-жарақ паркін жаңарту оңай емес. Армияға кез келген жаңа техниканы сатып алу үшін алдымен Қорғаныс министрлігі, ІІМ немесе ҰҚК тәрізді құрылымдар тех­ни­каның қажет екеніне Қаржы министр­лі­гіндегі мамандардың көзін жеткізуі керек. Одан соң тапсырысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты мекемелерге береді. Өйткені қор­­ғаныс өнеркәсібі де, техниканы жөн­дейтін зауыттар да осы министрлікке қарайды. Үшін­шіден, қай елден, қандай техника немесе қару алу туралы мәселеге келгенде әс­керилердің де бірауызды болмағы керек. Әйтпесе, итіс-тартыспен уақыт жоғал­тамыз. Мәселен, соңғы екі жыл бойы Қарулы Күштерге отандық «Арлан» және «Барыс 8х8» бронды көліктерін қабылдау керек пе, жоқ, әлде шетелдік өнімдерді, соның ішінде түріктің Arma8x8 көлігін немесе Ресейдің БТР-82-сін алу керек пе дейтін дау дүркін-дүркін пайда болады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігіне қарасты мекемелер «Барыс 8х8» көлігін сынақтан өткен, дайын өнім деп таныстырса, кейбір әскерилер оның ешбір іске жарамайтын, әлі жетілдіруді қажет ететін прототип екенін алға тар­тады. Сол сияқты тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ешқашан жаңа буын танк сатып алған емес. Қарулы Күштердегі танктердің барлығы Т-72Б көліктері немесе олардың модернизацияланған түрлері. Яғни, әс­кери ғылымда 3++ буыны ретінде бағаланатын техникалар. Еліміз НАТО немесе Кореяның танктері түгілі ресейлік Т-90М қатарлы ұрыс техникасын да ал­маған. Ал олар кемі 4 буын танктері саналады. Сол сияқты жауынгерлер қол­данатын атыс қаруының барлығы дерлік Калашников автоматтары. Заманауи атыс қаруы тек арнаулы күштерде ғана бар. Әуе қорғанысы күштерінде тұрған зениттік зымыран кешендерінің көбі ескі. Қуатты саналатын С-300 ПС немесе С-300ПМУ зениттік зымыран кешендерінің ең жаңа­сы өткен ғасырдың 90-жылдары жасалған. Яғни, тағы сол кеңестік кезеңнен қалған құралдар. Айтпақшы, ашығын айту керек, ар­мияда жаңартылған техникалар да бар. Соңғы үш жылда радиолокациялық қондырғылар жаңартылып жатыр. Атап айтқанда, «Нұр» РЛС сияқты қондырғылар пайда болды. Әскери теңіз күштерінің кемелері мен катерлерін де жаңа жаб­дықтар қатарына қосуға болады. Көбі өзі­міздің «Зенит» зауытында құрасты­рылып жатыр. Сонымен қатар оптикалық құралдар мен бронда автомобильдер, аз­дап болса да артиллериялық қондырғылар жаңартылды. Біздің пайымдауымызша, бұл үрдіс жалғаса беруі тиіс. Өйткені 2020-2022 жылдарға арналған қорғаныс бюд­жетінің көлемі әу баста 2,55 миллиард долларға тең еді. Енді жаңа бюджетте қару сатып алу мәселесі мұқият қаралуы мүмкін. Тіпті, 2022 жылға арналған жоспар да өзгеретін болды.

Амангелді ҚҰРМЕТ