«Күрең беретті» генерал келді
Қаңтардың 19-ы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізіп, генерал Мұрат Бектановты қызметінен босатты да, орнына генерал Руслан Жақсылықовты тағайындады. Сөйтіп, әу баста И.Конев атындағы жалпы әскерлік командалық училищесінде оқып, кейін М.Фрунзе атындағы әскери академияны, РФ Қарулы күштері Бас штабының әскери академиясын аяқтаған, алайда соңғы 20 жыл бойы ІІМ Ішкі әскерінде, Ұлттық ұлан сапында қызмет еткен генерал тұтас қорғаныс саласын басқаруға кірісті. Әрине, әскери қызметін мотоатқыштар, барлау бөлімдерінде бастаған генералдың бұрынғы Ішкі әскердегі, қазіргі Ұлттық ұландағы арнайы күштердің элитасы саналатын «Бүркіт» бөліміне тиесілі «күрең берет» иегері екені жұртшылықтың назарын аударғаны жасырын емес. Әрі кәдімгідей үміт оятқаны бар. Өйткені «күрең береттілер» аса ауыр сынақтар мен ең жоғарғы деңгейдегі дайындықтан өтеді. Арнаулы күштердің ішіндегі ең беделдісі саналады. Дегенмен Ішкі әскер саласының тұтас Қарулы Күштерден өзгешелеу екенін де назардан тыс қалдырмаған абзал. Тек генералдың жастау кезінде «әскери барлауды жедел-тактикалық командалық-штабтық басқару» және «мемлекеттің әскери қауіпсіздігі» мамандықтарын оқығаны министрдің біліктілігіне қатысты күмәнді сейілткендей болады. Алайда теория мен нақты жағдай бөлек екені анық. Оның үстіне, Қарулы Күштер дегеніңіздің өзі тым күрделі құрылым. Оның өзіне тән білім беру, денсаулық сақтау, қаржыландыру, тіпті мәдени-ағартушылық жүйелері бар. Тіпті, Қарулы Күштерді жарақтандырудың өзі күрделі іс. Әскери әуе қорғанысы, құрлық әскерлері, әскери теңіз күштері тәрізді түрлі салаға бөлінетіні тағы бар. Оған қоймалардың жай-күйін, көлік-логистикалық кешеннің жағдайын, одан қалса Қарулы Күштерді реформалау мен дамытудың тұтас тұжырымдамасын қосыңыз. Офицерлердің моральдық-психологиялық жағдайы, әскердегі суицид, жемқорлық, халықаралық ынтымақтастық дейсіз бе, қысқасы жаңа министр үшін жұмыс шаш етектен болғалы тұр. Оның үстіне, Президент жаңа тапсырмалар да жүктеп тастады.Президент жүктеген міндеттер қандай еді?
Жоғарғы Бас қолбасшы жаңа министрге ең алдымен ел басшылығын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлер туралы уақытылы әрі нақты ақпараттармен қамтамасыз етуге тиісті әскери барлау қызметін күшейтуді тапсырды. Біздің пайымдауымызша, әскери қызметінде 11 жыл бойы барлау бөлімдерін басқарған Руслан Жақсылықовтың бұл міндетті орындауға қабілеті жетуі тиіс. Алайда ел басшылығын түрлі қауіп-қатер жайлы дер кезінде хабардар етіп отыру үшін әскери барлау өзге күш құрылымдарындағы барлаушылармен тізе қоса жұмыс істеуі қажет. Айталық, бұрынғы «Сырбар» 2019 жылдан бері ҰҚК құрамында, қарсы барлау да ұлттық қауіпсіздік қызметінің ажырамас бөлігі. Ішкі істер министрлігі бағытында ресми түрде барлау органдары жоқ. Полицейлер кейде кеңестік кезеңнен келе жатқан ескі тәсіл – бейресми агентураға сүйенеді. Сондықтан жаңадан тағайындалған Қорғаныс министріне әскери барлауды жетілдірудің тың тұжырымдамасын жасау қажет болатын сыңайлы. Ал Президент Жарлығына сай құрылатын Арнаулы операциялар жөніндегі күштердің басшылығы «күрең беретті» генералға таңсық емес. Яғни, сарбаздардың даярлығын тексеруге оның біліктілігі жетеді. Дегенмен Арнаулы операциялар жөніндегі күштер басшылығы қандай құқықтық нормалар негізінде жұмыс істейтінін анықтау қажет болады. Өйткені арнаулы күштердің қандай құрылымға бағынатыны маңызды болғалы тұр. Егер Бас штаб арқылы жұмыс істейтін болса, арнаулы күштерді пайдалану үшін ҰҚК немесе ІІМ рұқсат сұрауға мәжбүр болуы ықтимал. Өйткені бейбіт күнде Бас штабқа өзге күш құрылымдарының бөлімшелері бағынбайды. Тек соғыс жағдайында Бас штаб барлық күштерді басқаруы тиіс. Запастағы генерал-майор Әділбек Алдабергенов те масс-медиаға берген сұхбатында ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы әдетте мүлдем бөлек қызмет атқаратынын, сондықтан бейбіт күнде оларды Бас штабқа бағындыру қажет емес екенін айтқан еді. Оның үстіне, армиядағы арнаулы күштердің сирек қолданылатынын ескерсек, Арнаулы операциялар жөніндегі күштер басшылығының Бас штаб немесе Қорғаныс министрлігі аясында емес, ҰҚК, ІІМ құрылымдарына жақын болғаны жөн сияқты. Бірақ қаңтардың басындағы бүлік кезінде бұл құрылымдардың барлығында дерлік командирлердің қауқарсыздығы, дербес шешім қабылдауға батылы жетпей қалғаны байқалды. Ал бұл жағдай өз кезегінде Арнаулы операциялар жөніндегі күштер басшылығын жасақтауды жан-жақты пысықтауға мәжбүр етіп отыр. Сондықтан кесіп-пішіп пікір айту әзірге ерте. Президенттің келесі тапсырмасы қару-жарақ сақтайтын нысандардың қауіпсіздігіне қатысты болды. 2019 жылы Арыста, былтыр Жамбыл облысында әскери қоймалардың өртенуі салдарынан жойқын жарылыс болып, елдің дүрліккені есте. Біздің пайымдауымызша, қоймалардағы қауіпсіздіктің сақталмауы, оқ-дәрілердің пайдалану мерзімінің өтуі мен оларды сақтайтын орындардың тозуы бірер жылда қалыптасқан жағдай емес. Әріге кетсек, бұл жағдай Сағадат Нұрмағамбетовтен кейінгі барлық Қорғаныс министрлері назардан шығарып алған мәселе. Тіпті, әскери қоймалардың жасырылмауы, жер серіктерінен еркін суретке түсіріле беретіні КСРО кезінде «уақытша» деп асығыс салынғанынан басталады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңа әскери оқ-дәрі қоймасы ешқашан салынған емес. Әрі елдегі әскери арсенал, қоймалар әлі күнге толық инвентаризациядан өтпеген. Былтыр Қорғаныс министрлігі елдегі әскери қоймалардың инвентаризация көрсеткіші 20 пайыз болғанын мәлімдеген. Арыстағы жарылыстан екі қойма салынатыны жөнінде мәлімет тараған. Бірақ кейін экс-министр Нұрлан Ермекбаев қоймалардың тек жобалық-сметалық құжаттары ғана әзірленгенін айтты.Қару-жарақтың ескіргені рас
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа министрді таныстырған жиында Қазақстан армиясының техникалық және жауынгерлік жабдықтарын жаңарту міндетін жүктеді. – Әскердегі қару-жарақтың дені 30-50 жыл болған Кеңес дәуіріндегі техника. Ескірген техникалардың мерзімінің өткеніне байланысты қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы Күштер заманауи әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталуы тиіс. Қабылданатын шаралар жүйелі болуы керек. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндейтін, оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті дамыту қажет, – деді Жоғарғы Бас қолбасшы. Сөйтіп, «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» тәсіліне жүгінген сыңайлы. Өйткені қару-жарақ паркін жаңарту оңай емес. Армияға кез келген жаңа техниканы сатып алу үшін алдымен Қорғаныс министрлігі, ІІМ немесе ҰҚК тәрізді құрылымдар техниканың қажет екеніне Қаржы министрлігіндегі мамандардың көзін жеткізуі керек. Одан соң тапсырысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты мекемелерге береді. Өйткені қорғаныс өнеркәсібі де, техниканы жөндейтін зауыттар да осы министрлікке қарайды. Үшіншіден, қай елден, қандай техника немесе қару алу туралы мәселеге келгенде әскерилердің де бірауызды болмағы керек. Әйтпесе, итіс-тартыспен уақыт жоғалтамыз. Мәселен, соңғы екі жыл бойы Қарулы Күштерге отандық «Арлан» және «Барыс 8х8» бронды көліктерін қабылдау керек пе, жоқ, әлде шетелдік өнімдерді, соның ішінде түріктің Arma8x8 көлігін немесе Ресейдің БТР-82-сін алу керек пе дейтін дау дүркін-дүркін пайда болады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты мекемелер «Барыс 8х8» көлігін сынақтан өткен, дайын өнім деп таныстырса, кейбір әскерилер оның ешбір іске жарамайтын, әлі жетілдіруді қажет ететін прототип екенін алға тартады. Сол сияқты тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ешқашан жаңа буын танк сатып алған емес. Қарулы Күштердегі танктердің барлығы Т-72Б көліктері немесе олардың модернизацияланған түрлері. Яғни, әскери ғылымда 3++ буыны ретінде бағаланатын техникалар. Еліміз НАТО немесе Кореяның танктері түгілі ресейлік Т-90М қатарлы ұрыс техникасын да алмаған. Ал олар кемі 4 буын танктері саналады. Сол сияқты жауынгерлер қолданатын атыс қаруының барлығы дерлік Калашников автоматтары. Заманауи атыс қаруы тек арнаулы күштерде ғана бар. Әуе қорғанысы күштерінде тұрған зениттік зымыран кешендерінің көбі ескі. Қуатты саналатын С-300 ПС немесе С-300ПМУ зениттік зымыран кешендерінің ең жаңасы өткен ғасырдың 90-жылдары жасалған. Яғни, тағы сол кеңестік кезеңнен қалған құралдар. Айтпақшы, ашығын айту керек, армияда жаңартылған техникалар да бар. Соңғы үш жылда радиолокациялық қондырғылар жаңартылып жатыр. Атап айтқанда, «Нұр» РЛС сияқты қондырғылар пайда болды. Әскери теңіз күштерінің кемелері мен катерлерін де жаңа жабдықтар қатарына қосуға болады. Көбі өзіміздің «Зенит» зауытында құрастырылып жатыр. Сонымен қатар оптикалық құралдар мен бронда автомобильдер, аздап болса да артиллериялық қондырғылар жаңартылды. Біздің пайымдауымызша, бұл үрдіс жалғаса беруі тиіс. Өйткені 2020-2022 жылдарға арналған қорғаныс бюджетінің көлемі әу баста 2,55 миллиард долларға тең еді. Енді жаңа бюджетте қару сатып алу мәселесі мұқият қаралуы мүмкін. Тіпті, 2022 жылға арналған жоспар да өзгеретін болды.Амангелді ҚҰРМЕТ