«Қаңтар трагедиясынан» кейін Ішкі істер министрлігі халықты түбегейлі қарусыздандыруға көшкендей. Қолда бар қаруын өткізбегендер жазаланатынын да қоса айтты. Онсыз да қоғамда «қару ұстауға рұқсат беру керек пе?» деген сауал өзекті еді. Бұл мәселеге қатысты елдің пікірі бұрыннан екіге жарылған. Бірі қару ұстау мәдениеті қалыптаспағанын, кез келген адамға оңды-солды қару берсек, қылмыс көбейетінін айтса, екіншісі өзін-өзі қорғау үшін халықта қару болуы керек дейді. Осы екіжақты ойдың ешбірін негізсіз дей алмаймыз.
Министрлік «қылмыстың алдын алумен» әуре
Негізі, халықты қарусыздандыру процесі бүгін басталған дүние емес. Ішкі істер министрлігінің ұстанымы әуелден айқын: қару – қауіпсіздік кепілі емес. Халықтан қару сатып алу, яғни ел арасынан қару жинау 2008 жылдан бастап іске асты. 2021 жылғы дерек бойынша, содан бері 53 мыңнан астам дана қару-жарақ жиналып, республикалық бюджеттің 1,7 млрд теңгесіне 2 миллионнан астам патрон алыныпты. Дегенмен құзырлы органдар мұны қанағат тұтпады. Былтыр көктемде Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға заңсыз сақталған қаруды тапсырып, ол үшін ақша алуға тағы бір мүмкіндік берді. Ол үшін республикалық бюджеттен 95 миллион теңге бөлінді. Ведомство тым ескі, тозған қаруға 30 мың теңге, жақсы сақталған қару үшін ең жоғары баға – 300 мың теңге төледі. Бірақ тіркелген қаруға ақы бермеді. Соған қарағанда жауапты орган ел ішінде жасырын жатқан қарулардан сескенген. Кім білсін, қылмыстың көбеюіне себепкер болады деген шығар.
Ал осы жолғы елдегі жаппай бүліктен кейін Ішкі істер министрлігі «сыпайылықты» ұмытты. «Ақы төленеді» деп отырған жоқ, тұрғындар заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәріні, жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыруы тиіс екенін айтып, талап қойды. Азаматтар соның есесіне қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады екен. Үндеуінде министрлік бұл амал арқылы жазатайым оқиғалардың алдын алатынын ескертіпті. Егер қаруды заңсыз сақтағандар анықталса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Әрине, біз министрліктің бұл амалын құптамаудан аулақпыз. Егер мәселе қылмыстың алдын алуға тіреліп тұрса, орынды әрекет екені анық. Елімізде заңсыз сақталған қару арқылы соңы адам өлімімен аяқталған қылмыстар жетерлік. Мәселен, былтыр Қостанайдың Лисаковск өңірінде көршілер арасында жанжал шығып, соңы екі адамның өлімімен бітті. Ашуын тізгіндей алмаған зейнеткер заңсыз сақталған аңшы мылтығынан оқ атып, көршілерін «жайратып» тастаған. Айтпақшы, елімізде атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстардың барлығы ішкі істер органдарында тіркеуге алынбаған екен, себебі көбі заңсыз айналымдағы қару-жарақтардың кесірінен болады.
Оның үстіне, Ішкі істер министрлігі елдің ішінде қару онсыз да көп екенін айтып жүр. 2019 жылы елімізде 200 мыңнан астам аңшы бар екені анықталған, олардың әрбірі бір ғана емес, кемі 2 мылтық ұстайды екен. Ал қаруды заңды түрде ұстайтындарға қатысты әңгіме басқа. Заң бойынша, ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемденуге рұқсатты 18-ге толған кез келген азамат ала алады. Рұқсат мерзімі – бес жыл. Ал атыс немесе аңшылық қаруды аңшы куәлігі барлар ғана ұстай алады. Талапқа сай әр азаматтың иелігіндегі аңшылық қарудың, газды тапанша, тіпті электрлі қарудың саны да екеуден аспауы керек.
Қарусыздандыру – екіұшты мәселе
Енді екінші тараптың пікірін талдап көрсек. Қару қылмысқа бастама болуы мүмкін екен. Бірақ ол қауіпсіздік үшін де қажет, мұны жоққа шығара алмаймыз. Әуелі мына сұраққа жауап берсек: халықта мұнша қару қайдан жүр? Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, әдетте қазақстандықтарда жүрген қарудың басым бөлігі мұра болып қалған. Одан бөлек, тіркеу бойынша шектеулер енгізілгенге дейін табылған не сатып алынған қаруларды үйінде заңсыз сақтайды.
2013 жылы Мәжіліс депутаттары «Азаматтық тұлғаларға қазақстандық заңдар бойынша өзін-өзі қорғау құралдарына қатысты травматикалық қаруды иеленуге тыйым салатын» түзетулерді қабылдады. Бұл түзету қоғамда бір жыл бойы талқыланып, қарсылық тудырғаны есімізде. Сарапшылар травматикалық қаруға тыйым салу елдегі қылмыстық ахуалды ушықтырып жіберуі мүмкін екенін айтты. Себебі травматикалық қару арқылы жасалған қылмыстардың 90 пайызы тіркелмеген «тапаншамен» жасалған. Сондықтан ІІМ-нің халықтан травматикалық қаруды қайтарып алу акциясы заңға бағынатын азаматтарды қарусыздандырып, ал қылмыскерлердің қаруды жасырып қалуына септескендей көрінді. Мысалы, 2015 жылы Қазақстанда травматикалық қаруы бар 38 мың адам тіркелген. Билік науқан кезінде 20 мыңнан аса қаруды қайта сатып алып, ал қалғаны иелерінің қолында қалған. Әйтеуір, қауіпсіздік қызметкерлері бұл криминогендік жағдайдың жақсаруына әкеледі деп сендіріп, жағдайды ақтап алды.
Сонау 2010 жылы «Ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қызметін жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бұрын қолданыста болған «5+5» нормасын (бір адамның қолында аңшы қаруының ең көбі бес данасы болуы) «2+2»-ге дейін төмендетті. Яғни, аңшылардың қаруы азайды. Ал халықтың қолындағы қару тәркіленді. Тәркіленді демеске шара жоқ, себебі қаруды министрлік халықтың өз салығына, нарықтағы бағадан 3-4 есе кем құнына сатып алған. Ал заңгер Абзал Құспан халықты «жаппай қарусыздандыру» қауіпсіздік жайын ұмыт қылғанын айтады.
– Қару-жарақтың «сақтау ережесі» деген болады. Қаруды тәркілесін, егер құқық қорғаушылар елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алса. Бірақ олай болған жоқ. Мейлі, енді қауіпсіздік жайына тереңірек барсақ. Кез келген мемлекетте «Әскери доктрина» болуы тиіс. Бізде жасалмады. Онда «ықтимал қарсылас» деген түсінік болады. Еліміздің геосаяси орналасу аймағы күрделі. Халықтың қауіпсіздігіне жауап берер өз шамасы болуы қажет. Тағы бір жайт – Қазақстанда қару сататын дүкен иелерінің 100 пайызы ресейлік азаматтар. Әскери ұйымдардың жаттығуында да солар жүреді. Ал бізде қару ұстай алатын азаматтар аз. Кеңес Одағы кезінде мектеп қабырғасынан бастап қару ұстауға тәрбиелейтін. Қылмыс өз алдына, қауіпсіздікке келгенде жаппай қарусыздандыру процесіне қарсымын, – дейді ол.
Шетелде қалай?
Бұл тұста әлем елдерінің тәжірибесін ескерусіз қалдыруға болмас. Жалпы, дүниежүзінде қару ұстауға рұқсат берген елдердің қатары көп емес. Бәрінде де белгілі бір тыйымдар бар. АҚШ, Бразилия, Швейцария мен Эстония – қару ұстауға рұқсат берген елдер. Аталған елдер бұл мәселеге қауіпсіздік жағынан қараған сыңайлы. Бірақ өзіндік себептері бар. Мысалы, Бразилияда қылмыскерлер шамадан тыс көбейіп, қоғамға қауіп төндіре бастаған соң 2005 жылы халыққа қару ұстауға рұқсат берді. Ал АҚШ азаматтар қаруды ретсіз қолданбайтынына сенген. Себебі қаруы бар адам өзгеде де барын біледі, қылмысқа бармайды, қоғам қауіпсіз жүреді деп есептеген. Осы арқылы қарудың заңсыз айналымы шектелетініне сенген. Әйтпесе, халық қаруды заңсыз ұстаудың жолына көшеді-міс.
ТҮЙІН:
Үйінде қару ұстағандардың барлығы да қылмыскер емес шығар. Бірақ осындайда А.Чеховтың «Егер пьесаның бірінші актісінде қабырғада мылтық ілулі тұрса, онда соңғы актіде міндетті түрде атылуы керек» деген ойы еске түседі. Қолдағы қару, әйтеуір бір атылмай қоймас. Елімізде қарудың көлеңкелі айналымы туралы деректердің болмауы құқық қорғаушыларды алаңдататын сияқты. Қару тәркілеудің екіжақты мәселе екенін айттық. Алғашқысы қылмысты азайтуға септесер болса, келесісі азаматтардың қауіпсіздік жайын ұмыттырады. Сондықтан бұл мәселе алдағы уақытта да өзекті күйде қалып, талқылана беретін тәрізді.