1 миллионның әлегі: біреудің шотына байқамай ақша аударған қызылордалық қаржысын қайтара алмай жүр
1 миллионның әлегі: біреудің шотына байқамай ақша аударған қызылордалық қаржысын қайтара алмай жүр
366
оқылды

Былтыр қазан айында қызылордалық әйел  құрбысының картасына ақша аудармақ болған. Алайда ол картаның соңғы төрт санын шатасып теріп жіберген. Сөйтіп, миллион теңге Қостанай облысындағы Әулиекөл ауылының тұрғынына түскен. Бұл жайында Astаnа арнасы жариялады.

Оның айтуынша, ол картасына үлкен сомада ақша түскенін білмеген. Өйткені әйелдің телефонында банктың қосымшасы жүктелмеген. Содан болар, оған картаға қомақты қаржы түскені жайлы хабарлама да келмеген. Оған қоса, әйелдің банк алдында қарызы болғандықтан, картаға түскен ақшаның тең жартысы ұсталған.

– Картаға көп ақша түседі деп кім ойлаған. Сол сәтте ондай ақшаның түскенін білгенімде, картаны бұғаттап тастар едім. Сонда банк ақшаны шешіп алмас па еді, кім білер?! Алайда банкке хабарласқанымда, бүкіл есепшотым бұғатталғанын білдім. Қандай сома түссе де, банк бірден қарызын өтеп алады, – дейді Әулиекөл тұрғыны.

Нәтижесінде, ол ақшаның иесіне тек банктен қалған соманы қайтарған. Ал банк ұстаған қарызды қайтара алмаған. Айтуынша, қазір ол жұмыссыз, декреттік демалыста. Сондықтан қолма-қол беретін өзінде ондай ақша жоқ. Салдарынан іс сотқа кеткен. Әуелде екеуі бұл мәселені бейбіт жолмен шешпек болған, бірақ келісімге келе алмады. Арызданушы ақшаны қолма-қол қайтаруды талап етуде. Ал жауапкер болса ақшаны өзінен емес, банктен талап ету керегін айтты. Түптеп келгенде, бұл мәселеде қателесіп аударған шағымданушының өзі дейді ол. Нақты шешім, алдағы күндері шығады. Қостанай облыстық сотының баспасөз хатшысы Зәуре Едікованың сөзінше, Әулиекөл аудандық сотына Қызылорда облысының тұрғынынан негізсіз баю туралы арыз келіп түскен. "Қазір арыз бойынша азаматтық іс қарастырылу сатысында”, – деді ол.