Таразда тәртіпсіздік кезінде полицейдің қалай көз жұмғаны белгілі болды
Таразда тәртіпсіздік кезінде полицейдің қалай көз жұмғаны белгілі болды
© видеодан алынды
205
оқылды
Тараздағы тәртіпсіздік кезінде көз жұмған полицейдің қалай қаза тапқаны белгілі болды. Қалалық полиция басқармасы 1-бөлімінің учаскелік инспекторы Рахат Сланбековті 6 қаңтар күні бүлікшілер атып өлтірген, - деп хабарлайды "Хабар 24".  Сол күні Тараздағы облыстық әкімдіктің ғимараты өртке оранды. Полицейлер бүлікшілерге тойтарыс беруге тырысты. Рахат Сланбековпен бірге оқиға орнында оның екі әріптесі болған. Олжас Төлегеновтің айтуынша, олар топқа жақындай бергенде қаруланған бүлікшілер ескертпестен оқ атқан. Көлікте отырған полицейлер ауыр жараланған. "Нұрсұлтан арқасына оқ тигенін, ауырып тұрғанын айтты, ал Рахат көліктің артқы орындығында отырды. Артқа қарағанымда, оның ес-түссіз жатқанын көрдім. Рахатты облыстық ауруханаға жеткіздік, ол сонда қайтыс болды", –  дейді аға инспектор Олжас Сүлейменов. Автокөліктен 14 оқтың ізі табылған. Оқтың бірі полиция капитаны Рахат Сланбековтің кеудесіне тиген.
"Өте жақсы жігіт еді, әрқашан сөзінде тұратын, батылдығымен, ержүректілігімен ерекшеленетін", – дейді Олжас Төлегенов.
Мемлекет басшысының бұйрығымен Рахат Сланбеков II дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Марқұмның отбасына орденнен бөлек үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Марқұмның артында анасы, жұбайы мен бес баласы қалды.