Ақмола полициясында 80 миллион теңгенің жанармайы ұрланды
Ақмола полициясында 80 миллион теңгенің жанармайы ұрланды
322
оқылды
Ақмола облысы Полиция департаментінде 80 миллион теңгенің жанар-жағармайы ұрланды. Осындай ақпарат өңірдің әлеуметтік желілерінде желдей есті, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Таралған ақпараттар бойынша, Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары облыстық Полиция департаментіндегі жанармай ұрлығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ұрлық көлемі жалпы 80 миллион теңгеден асып жығылған. Дерек көзі аталған жанармайдың өңірдің патрульдік-бекеттік қызметінің жұмысын қамтамасыз етуге арналғанын айтады. Бірақ әзірге өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті аталған факті бойынша қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Департамент басшысы тек ресми хат беріліп, одан кейін заң бойынша көрсетілген мерзім өткеннен кейін ғана жауап бере алатынын айтты. «Бұл қылмыстық іс. Сондықтан мұндай оқиға бойынша қандай да бір ақпарат бере алмаймын. Ақпарат, алдымен,  прокуратураның рұқсатымен ғана берілетін болады», – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Арман Рахимов. Қомақты қаржы ұрлығы жөнінде полиция департаментінің баспасөз қызметінен де мәлімет алмақ болдық. Полиция өз қатарында сыбайлас жемқорлықпен күрес басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жанармай ұрлығы департаментте өткен жылдың көктемінде-ақ тіркелген. «Өткен жылдың 17 наурызында полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері патрульдік полиция ротасы қызметкерлерінің жанармайды заңсыз сату фактілерін анықтаған. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлімінің 3-тармағы «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған», – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. Жүргізілген жедел тергеу шаралары мен сараптамалар қорытындылары бойынша төрт күдікті адам өздеріне сеніп тапсырылған мүлікті ұрлауға қатысы бар екені анықталып, қылмыстық іс 189-баптың 4-тармағы бойынша қайта қозғалған. Ал өткен жылдың 27 шілдесінде қылмыстық іс әрі қарай өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тергеу үшін тапсырылыпты. Жалпы соңғы екі жыл ішінде жеке қауіпсіздік басқармасымен ішкі істер бөлімінің 8 қызметкеріне сыбайлас жемқорлыққа қатысты 5 қылмыстық іс қозғалып, олар сотқа жолданған. Қазіргі уақытта кінәлі болған тұлғаларға қатаң жазада үкім кесілген.