Өртенген көліктің құнын кім өтейді?
Өртенген көліктің құнын кім өтейді?
507
оқылды
Алматыдағы дүрбелеңнен кейін ел есін енді жинап келеді. Мемлекеттік сектормен бірге бизнес құрылымдардың да шығындары есептеліп жатыр. Әзірге нақты қандай көлемде залал келтірілгені анық емес. Дегенмен жаппай тәртіпсіздік кезінде жекелеген азаматтар да біршама зардап шекті. Әсіресе, жеке көлігі бүлінген азаматтардың қарасы мол. Одан бөлек, пәтері, кәсіптік нысаны бүлінгендер де бар. Ал ендігі мәселе осы шығындарды кімнің немесе қандай құрылымның өтеп беруіне қатысты болып тұр. Негізі, бүлік кезінде қираған мүлік пен бүлінген заттар үшін азаматтарға нақ­ты қандай өтемақы берілетіні әлі толық пысықталған жоқ. Бірақ тәртіпсіздік кезінде бүлінген кейбір мүлікті мемлекет есебінен жөндеу жағы назардан тыс қалмапты. Жуырда Алматыдағы орталық алаңға жақын аумақта орналасқан әрі тәртіпсіздік кезінде бүлінген 37 пәтердің иесіне баспанасын қалалық бюджет есебінен жөндеп берілетіні жайлы құлақ­қағыс етілді. Алайда бүлінген пәтерлер бүгін-ертең жөнделе қоймайды. Өйткені тергеу жұмыстары әлі аяқталмапты. Мұны қалалық штабтың кеңейтілген отырысында қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев айтты. Ал өртеніп кеткен көліктердің иелеріне қандай өтемақы берілетіні жайлы әзірге ешкім тіс жарған жоқ. Содан да шығар, кейбір азаматтар әліптің артын бағып отырса, тағы біреулері жергілікті әкімдіктер мен өзге де жауапты органдарға жүгінген.

Арыз айта баратын нақты мекеме де жоқ

Дүрбелең кезінде көлігі өртеніп кеткен кейбір тұрғындар қайда барып шағымданарын да білмейді екен. Әзірге нақты ақпарат таратылмағандықтан, кө­лігі өртенген тұрғындар түрлі қауесетке құлақ түруге мәжбүр. Ал көп адам үшін өртенген көліктер отбасын асырап отыр­ған бірден-бір құрал болыпты. «Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні көлігім жол жиегіндегі тұрақта тұрғанда өртеніп кетті. Кейін білгеніміздей, оның жанында әскерилерді таситын КамАЗ көлігі де отқа ораныпты. Пайым­дауымызша, бұзақылар әскерилердің көлігін өртеген сәтте жақын тұрған менің машинама да от тиіп, жанып кеткен болуы керек. Сол оқиғаға дейін осы көлігіммен жеке таксопарктен тапсырыс алып, жұмыс істеп жүрген едім. Әйелім балалармен үйде отыр. Бұл көлікті екі жыл бұрын банктен несие рәсімдеп сатып алғанмын. Оның да мерзімі аяқталған жоқ. Әлі бір жыл бар. «Жығылғанға жұ­дырық» деп кешеден бері банктен де тоқтаусыз телефон соғып, несиемді өтеуді талап етіп жатыр. Өткенде елдегі төтенше жағдайға байланысты уақытша олар да тынышталып қалып еді. Енді оның мерзімі біте салысымен, мазаны алуды бастады. Тіпті, қайда барып шағымданарымды да білмеймін»,– дейді алматылық Ерасыл (есімі өз өтініші бойынша өзгертілді) есімді азамат.

Үшжақты сақтандырудан ғана үміт бар

Өкінішке қарай, әзірге көлігі өртенген азаматтардың шығынын сақтандыру компаниялары ғана өтеуі мүмкін. Мемлекет тарапынан қандай да бір көмек бол­маса, бұл жолдан басқа амал қалмайды. Алайда азаматтардың мүлікті сақтан­дыруға қатысты ұстанымдары мен қоғам­дағы стереотиптер өтемақыға кері әсерін тигізуі, сөйтіп көліктері өртенген азамат­тардың ешбір шығыны өтелмеуі мүмкін. Өйткені көлік жүргізушілер рәсімдейтін әдеттегі сақтандыру өртенген автомобиль үшін өтамақы төлеуге жарамайды. Заңгер Тілеужан Кішкенебаев та бұл жерде үшжақты сақтандыру маңызды екенін айтады. «Мұндай жағдай жалпы мемлекет үшін де, жеке азаматтар үшін де, өте күрделі сынақ деп айтуға болады. Енді жеке азаматтардың бүлінген мүліктерінің өтелу жолдарына келер болсақ, нақты жауап айту қиын. Бұған дейінгі тәжірибе бойынша көлігі өртенген немесе басқа жағдайда зардап шеккен азаматтар полицияға барып шағым қалдыруы керек. Мүмкін, сол көлікті өртеп жатқан сәт фото немесе видеоға түсіп қалған шығар. Егер солай болып, бүлдірген жазықты адам табылып жатса, қолданыстағы заңға сәйкес сол адам жазаланып, келген шығынды түгелдей қалпына келтіріп беруге міндеттеледі», – дейді заңгер Т. Кішкенебаев. Сонымен қатар заңгер көлік иелері міндетті сақтандыру жасаумен ғана шектелетінін, оның жол-көлік оқиғасы болғанда ғана пайдасы тиетінін айтады. Ал сақтандыру жүйесінде табиғи немесе басқа да төтенше жағдайлар болған кезде де келген шығынды төлеп беретін түрлері бар. «Мұны сақтандырудың үшжақты түрі деп атайды. Сәйкесінше, оның бағасы да едәуір қымбат болады. Сондықтан да біздің азаматтар оны көп құнттай бермейді. Көпшілігіміз қазақшылыққа салып, «Құдай сақтасын» деп жүре береміз. Ал өркениетті елдерде сақтандырудың бұл түрін тұрғындар өте көп қолданады. Тіпті, кейбір табиғи апаттар жиі болатын елдерде мұны міндеттеп қойғандары да бар екен. Ол біздің азаматтарымыз да сақтандырудың осы түріне дағдыланса, осындай кезде сабылып босқа сандалмас еді», –дейді заңгер.

Әкімдік бизнес пен мемлекет шығынын есептеп жатыр

Осы орайда айта кетейік, 20 қаңтар күні Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша зардап шеккен бизнесті қал­пына келтіру және қаланы одан әрі дамыту жөнінде жиын өткізді. Екі сағатқа жуық созылған жиында көлігі өртеніп, өзі дәрменсіз қалған жеке азаматтардың мәселесіне қатысты бірауыз сөз айтылған жоқ. Тек зардап шеккен мемлекеттік мекемелер мен арнайы техникалар, шағын және орта бизнес нысандарына келген шығын көлемі және оларды қалпына келтірудің жолдары әңгіме болды. Сонымен қатар осы жиында бүлік кезінде зардап шеккен дәрігер, өрт сөндіруші мен полицейлерге жара­қатының деңгейіне қарай 500 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін өтемақы берілетіні айтылды. Осы жиын барысында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған «Ылғи да зардап шеккен ШОБ нысандары мен мемлекеттік мекемелердің жағдайын айтып жатырсыздар. Жеке адамдардың шығынын өтеу мәселесі жайлы қашан шешім шығады? Сондай-ақ қаза болған, жарақат алған әскерилер полицейлер, дәрігерлер сияқты бірқатар тұлғаға мемлекет тарапынан қандай кө­мек көр­сетілетіні де айтылды, бірақ оқ тиіп қаза болған, жарақат алған азаматтар жайлы неге жақ ашпайсыздар?», деген сауалдар да жауапсыз қалды. Әрине, бұл қала басшылығы дең­гейінде емес, республикалық мінберде шешілетін мәселе екені де түсінікті. Бірақ тұрғындары ең көп зардап шеккен қала Алматы болғандықтан, мегаполис атқа мінерлері осы мәселенің тезірек шешілуіне атсалысуы керек-ақ. Тым болмағанда мүлкі қирап, не істерін білмей, әрі-сәрі күй кешкен тұрғындарға құқықтық көмек көрсету жағы ескерілсе дейміз. Әйтпесе, мүлкі бүлінген азаматтар назардан тыс қалғандай күйде жүр.

Алматы