СҚО-да айыппұл тұрағындағы көліктер 500 мың теңге бастапқы бағамен сатылып жатыр
СҚО-да айыппұл тұрағындағы көліктер 500 мың теңге бастапқы бағамен сатылып жатыр
Сурет: qazaly.kz
411
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында айыппұл тұрағындағы көліктер сатылып жатыр. Тұрақ автокөліктерге лық толғандықтан, басқа көліктерді қоятын орын қалмаған, - деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Сатылымға шығарылған машиналар – 10 жылдан артық тұрып қалған ескі көліктер.
"Тұрақта 341 машина бар. Солардың ішінде 2-3 көлік он жылдан артық тұр. Солар болуы мүмкін", – дейді Петропавлдағы мамандандырылған айыппұл тұрағының күзетшісі Нұрлыбек Қуандықов.
Аукцион арқылы сатылымға әуелі иесіз көліктер шығарылады. Қазір сондай 3 жеңіл машина бар. Олардың бірі 1992 жылғы Audi маркалы көлік болса, қалған екеуі 28 жыл бұрын шығарылған Volkswagen машиналары. Бұл көліктер контрабандалық жолмен шекара асырмақ болғандардан тәркіленген. Содан бері иесі табылмай қысы-жазы ашық аспан астында қаңтарылып, әбден ескірген.
"Айыппұл тұрағындағы тек иесі жоқ көліктер сатылады. Әрбіріне 500 мың теңге бастапқы баға қойдық. Әрине, жағдайы жақсы деп айта алмаймыз. Бірақ, қосалқы бөлшек ретінде де қолдануға болады", – дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Жанболат Батырбеков.
Әкімдіктегілер бұдан кейін тағы алты көліктің құжаттарын рәсімдеп, сатуға қоймақ. Осылайша ешкімге керексіз көліктерді сатып, бюджетке табыс түсіреді. Оның үстіне жүк тасымалдау ережелерін бұзған жүк көліктерін қоятын жер жоқ. Көлік бақылау инспекциясы мамандарының сөзінше, айып тұрақта орын болмағандықтан ауыр техниканы күндіз-түні өзіміз күзетуге мәжбүр екенін айтады.