Алматыда пандемия салдарынан тәуелсіз театрлардың 65 пайызы жабылды
Алматыда пандемия салдарынан тәуелсіз театрлардың 65 пайызы жабылды

Алматы қаласында пандемия басталғалы тәуелсіз театрлардың тек 35%-ы жұмыс істеп тұр. Бізге шектеу нормаларын сақтай отырып әрі қарай да жұмысты жалғастыруға рұқсат беріңіздер, - деп өтініш білдірді "Арт-убежище BUNKER" тәуелсіз театрының негізін қалаушы Ксения Драчукова. Бұл туралы Informburo.kz басылымы хабарлады. 

"2020 жылы пандемия басталған кезде Алматы қаласында 21 тәуелсіз театр алаңы болды. Осы көрсеткішті 100% деп алып отырмыз. Қазіргі сәтте 8 (35%) алаң толықтай жабылды және тағы 5-еуі (30%) өз жұмысын белгісіз мерзімге дейін тоқтатты. Сонда 35%-ы ғана қалып отыр. 2020 жылдың наурыз айында 47 (100%) тәуелсіз театр ұжымы мен шығармашылық бірлестігі болды. 2021 жылдың соңына дейін олардың 17-сі (36%) жұмыс істеп тұрды. Екі жыл пандемия нәтижесінде тәуелсіз театр алаңдары мен ұжымдардың үштен екі бөлігі жабылды. Құрғақ статистика осындай", – деп бөлісті Ксения Драчукова.
Осы орайда, Драчукова тәуелсіз театрларды мемлекеттік театрлармен салыстыруға келмейтінін айтты.
"Үнемі бір нәрсені айтып жүремін: "Бізді мемлекеттік театрлармен салыстырмаңыздаршы!". Мемлекеттік театрларға ғимарат берілген, ал біз өз ақшамызға жалдаймыз. Мемлекеттік театрларда орын саны 1000-нан асады, ал тәуелсіз театрларды небәрі 50-120 орын ғана. Бұдан өзге мемлекеттік театрлар коммуналдық төлем, қызметкерлердің жалақысына мемлекеттен қаржы алады. Ал біз билеттерден келіп түскен ақшаға күнелтуге мәжбүрміз. Екі жыл пандемия біздің табысымызды ондаған есе азайтып жіберді", – деді театр негізін қалаушы.
Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің 13.01.22 жылғы №1 қаулысында "Театр, филармония және концерт залдарының жұмысы толықтай тоқтатылсын" делінген. Алайда кинотеатрларға 30% толымдылықпен жұмыс істеуге рұқсат. Осы орайда, Ксения Драчукова тетарларға қарағанда кинотетарларда ауру жұқтыру мүмкіндігі жоғары екеніне тоқталды.
"Кинотеатрлар аптасына 7 күн бойы жұмыс істейді, ал театрлар 2-3 күн ғана. Алғашқысында тәулік бойы сеанс бірінен кейін бірі жүреді. Ал театрда қойылым күніне бір рет қана көрсетіледі. Қайсысында адам тығыз болады? Ауру жұқтыру қаупі қайсысында жоғары? (...). Біз мемлекеттен ғимарат, қайтарымсыз қаржылай көмек, салықтарды алып тастауды сұрап тұрған жоқпыз. Бізге белгілі бір шектеулерді сақтай отырып жұмыс істеуге рұқсат беріңіздерші", – деп өтініш білдірді театр жетекшісі.