«Мен «Самұрық-Қазына» қорын реформалауды тапсырдым. Қазір қордың құрылымы ашық емес, оған саяси маңызды адамдар басшы болып барады. Қордың сатып алу жүйесі тиімсіз, жұмысшылар өз ішінде сыйыспайды. Шығынға батып жұмыс істеп отыр. Ауқымды жобалар аяқсыз қалды, қордың жұмысын қамтамасыз ету үшін қыруар қаражат кетіп жатыр. Осы мәселелердің барлығы қоғам наразылығын тудырды. Сол сияқты осы уақытқа дейін мұнай-химия зауытын сала алмағанымыз да іш ашытады», – деген болатын Президент.
Осы ескертуден кейін бүгін «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев Facebook-тегі парақшасында жазба жариялады.
«Қоғамда қызу талқыланып жатқан реформаларды жүзеге асыру. Реформалау бағдарламасына нақты, әрі тиімді ұсыныстар бере алатын азаматтармен диалог орнатуға дайынбыз. Жуық арада бұл жоспарлар біздің корпоративтік сайт пен басқа да ашық көздерге жарияланатын болады. Біз барлық сауалдарға жауап береміз», – деп жазды Алмасадам Сәтқалиев.
Сондай-ақ ол ел алдында есеп беруге дайын екенін де айтты.
«Самұрық-Қазына» Қазақстан Республикасы азаматтарына Қор активтерін тікелей иеленуге мүмкіндік бермек. Яғни, ұлт байлығын әділ түрде барша халыққа үлестіріп беру – біздің басты мақсатымыз.
Біз бизнес-процестер мен Қордың компаниялар тобындағы корпоративтік басқару тәжірибесін реформалауды ұсынамыз. Есеп беру мен басқару тетіктері басқаша болады. Мұнай, газ, көмір, тасымалдау мен ұқсату, электр қуатын өндіру, телекоммуникациялар және басқа да салалардағы қатынастарды жаңалауға бет аламыз.
Сатып алулар жүйесін түбегейлі өзгертіп, отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау механизмдерін күшейтеміз. Оларды бір пысықтап алу үшін сәрсенбі күні, 26 қаңтарда бизнес-қоғамдастықпен ашық диалог ұйымдастырылады. Әлеуметтік желілерде оның тікелей трансляциясы жүргізіледі.
Бірлесіп жасалған реформалау бағдарламасы бекітілсе, оны іске асырып, қатаң орындауға бар күшімді саламын. Конструктивті әрі нақты ұсыныстарыңызды біздің корпоративтік поштамыз usynys@sk.kz-ке жолдауларыңызды сұраймын», – деді Алмасадам Сәтқалиев.