Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан азаматтарды жерлеген соң арада екі апта өткенде қайта қазып алу туралы шыққан шешім жұртты шошытып отыр. Марқұмдардың жақындары эксгумацияға наразылық білдіріп, прокуратураға қайта шағым түсірген.
Елімізде болған жаппай наразылық кезінде қаза тапқан азаматтарға қайта сараптама жасау үшін эксгумация жасалып жатыр, – деп хабарлайды Экспресс К.
Шымкенттік Әлімжан Аманқұловтың ұлы қаңтардың 5-інде Алматыдағы наразылық кезінде оққа ұшқан. Үлкен ұлы қайтыс болған інісін мәйітханадан Шымкентке жеткізген соң жер қойнына тапсырғанын айтады.
"Ұлым қайтыс болған соң арулап, Шымкент маңындағы зиратқа жерледік. Мәйітханадан алғанда оқ тиіп көз жұмғаны туралы сараптама қорытындысын берген. Бірақ қаңтардың 17-сінде полиция эксгумация жасау туралы арнайы қаулымен таныстырды. Олардың айтуынша, қайтадан ұлыма сараптама жасамақ. Біз ол шешіммен келіспейміз. Адвокат жалдап, прокуратуға қайта шағым түсірдік. Енді осы аптада хабарын беруі керек", – дейді Әлімжан Аманқұлов.
Баласы оққа ұшқандардың бірі — алматылық Мұхамед Құлбаев. Оның 22 жастағы ұлы 5 қаңтарда Алматыдағы митингте қаза тапқан. Әкесі баласының наразылық шарасына қатысқанынан хабарсыз болдым дейді.
"Ұлым саудамен айналысатын. Сол күні біз оның қайда екенін білмедік. Ертеңінде мерт болғанын естідік. Қалай көз жұмғанынан хабарсызбыз. Тек маңдайында жарықшақ болды. 7 қаңтар күні Алматыда жер қойнына тапсырдық. Арада он күннен астам уақыт өткенде полиция қайтадан қазып алып, сараптама жасаймыз деп отыр. Біз оған келіспейміз. Өткен аптаның соңында Алатау аудандық полиция басқармасына шағым білдірдік. Енді оның жауабын осы аптада береді", – дейді Мұхамед Құлбаев.
Қаңтар айының басындағы Алматыда болған қанды оқиға кезінде жақынын жоғалтқандар көп. Әлеуметтік желіде Таразда жерленгендерді арада он күннен астам уақыт өткенде полиция қызметкерлері келіп, эксгумация жасау мақсатында қайта қазып алғанын көрсететін бейнежазба жарияланған болатын.
Бұған қатысты Алматы қалалық Полиция департаметі жауап беруден бас тартып, қаңтардағы қаралы оқиғаны талдаумен еліміздің Бас прокуратурасы айналысып жатқанын жеткізді.
Бас прокуратура өкілдері де аталған оқиғаға қатысты пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты. Экспресс К аталған өкілетті органға ресми хат жолдады.
Бұған дейін Бас прокуратура жаппай наразылық кезінде кейбір жағдайда заңсыз ұсталғандар болғанын айтқан еді.
Бұған дейін Ақтөбеде тәртіпсіздік кезіне жігттің оққа ұшқаны видеоға түсіп қалғанын жазған болатынбыз.