Әкімдіктің ұрланған мүліктері табылды
Әкімдіктің ұрланған мүліктері табылды
263
оқылды
Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде біраз қаланың әкім­дігіне залал келді. Тонаушы­лардың біразы бейнекамера­ға түсіп қалған. Соның арқасында қарақшыларды тауып, қолды болған мүліктер тәркіленіп жатыр. ІІМ Алматы облысы әкімдігінің ғимаратынан техника ұрлаған күдікті­лердің ұсталғанын хабарлады. Полиция қызметкерлері жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған кезекті ұрлықты ашты. Алматы облысының Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Талдықорған қалалық Полиция басқарма­сы­ның қызметкерлерімен бірлесіп, бүлік кезінде облыс әкім­дігі ғимаратын тонаған күдікті­лерді анықтады. «Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Талдықорған қаласының 41, 37 және 24 жас­тағы үш тұрғыны ұсталды. Олар 5-7 қаңтар аралығында облыстық әкімдік ғимаратына заңсыз кіру арқылы тұрмыстық техниканы ұрлаған деген күдікке ілікті. Олар екі тоңазытқыш, екі кондиционер, мультипісіргіш, кеңсе креслосын, су сорғысын және басқасын ұрлаған», – деді Алматы облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Найзабасов. Оның мәліметінше, күдікті­лерге қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Күдіктілер кінәсын мойындаған, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.

Ерік ЕРДЕНОВ