Есеп беруден қашады
Парламенттегі бірқатар депутат «қазынадан қомақты қаржы алып отырған алпауыт компаниялар жұмысын елге жариялауы керек» деп санайды. Осыған дейін талай рет «Үкіметтен ұлттық компаниялардың есеп-қисабын, ашықтығын сұрадық» деген мәжілісмендер «Самұрық-Қазына» өкілдері «қоғамдық бақылау туралы заңға» өздерін қатыстырғысы келмейтінін айтты. Әлі күнге депутаттар мен қор мамандары бір мәмілеге келмеген. Кемі 69 миллиард доллар активі бар «Самұрық-Қазына» қоры мемлекеттен ақша алғанымен, ел алдында есеп бермейді. Қызметкерлерінің жалақысы жоғары, жыл сайынғы сыйақылары мен бонустары, шетелден қыруар ақшаға жалдайтын мамандары бар, бірнеше басқару құрылымынан тұратын қордың өз билігі өзінде. Мемлекеттің ақшасына өткізетін миллиардтық тендерлері де ашық емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша енді Үкімет «Самұрық-Қазына» қорының компанияларын жекешелендіруі керек. Ол үшін қазір мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. 6 мыңға жуық кәсіпорын қордың құрамында екен. Ұлттық компаниялар мұндай құрылымсыз да өз жұмыстарын жүргізе алады. Қор қызметкерлерінің санын қысқартқаннан мәселе шешілмейді. Қордың ішінде «Самұрықсыз» да нарыққа бейімделген компаниялар бар. Оларды жекешелендіріп, нарыққа жіберу керек. Сонда біз айқын деректерге қол жеткізе аламыз. Қоғамдық бақылау туралы заңның «Самұрық-Қазынаға» күші жүрмейді. Қазір депутаттар осы мәселені көтеріп жатыр. Өйткені «Самұрық-Қазына» өздері қоғамдық кеңес құрып, өздеріне жақын адамдарды тартқан. Кез келген бюджеттің ақшасы бар жерде қоғамдық бақылаудың пәрмені жүріп, бақылап отыру керек, – деді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.Өзі – би, өзі – қожа
Бір қызығы, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң 2009 жылдан бері «Самұрық-Қазынаға» тиесілі компаниялардың ешқайсысына жүрмейді. Ұлттық әл-ауқат қорының қарамағындағы компаниялар үшін «Самұрықтың» өз заңы бар. «Самұрық» үшін «мемлекеттік сатып алу» деген термин жоқ, олардікі тек «сатып алу». Айталық, Documentolog деп аталатын әлдебір ЖШС «Самұрық-Қазынаның» қанатының астындағы компаниялардан әр жыл сайын жүздеген миллион теңгені «майдан қыл суырғандай» еш кедергісіз алып келген. Бұл аз десеңіз, 2016-2020 жылдары Documentolog ЖШС «Самұрық-Қазынаның» қарамағындағы 36 компаниямен жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын 132 келісімшарт жасасыпты. Алғанда да миллиардтарды шынайы бәсекелестік ортада жеңіп алса бір сәрі, бәріне «бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы қол жеткізген. Мұндай мысалдар көп. Ұлттық компаниялардағы осындай «бір көзден сатып алу» тәсілімен контракті бекітудің соңы жемқорлыққа әкеледі. Өйткені өз кезегінде ірі кәсіпкерлердің компаниялары бірнеше тендерді жеңіп алып отырған. Соның салдарынан шағын және орта бизнес өкілдері шетте қалып қояды. Қазір ең алдымен «Самұрық-Қазынаның» ортақ мемлекеттік сатып алулар тәртібіне бағынбайтын дербес статусын жою маңызды. – «Самұрық-Қазынаның» сатып алу дерегі жабық. Жылына қор 5 трлн теңге сатып алу жасайды. Ал мемлекеттік сатып алу порталы жылына 4 трлн теңге жұмсайды. Порталда жоспардан бастап кімнің қай уақытта қандай тендер ұтып алғаны ашық жарияланады. Ал «Самұрық» тек жоспарын жариялап, кімнің қалай ұтып алғанын жабық өткізеді. Қанша пайызы «бір көзден сатып алғаны» жайлы ақпарат та қолжетімді емес. Ақпарат қолжетімді болмаған жерде қаражаттың тиімді жұмсалғанын қарастыру мүмкін болмайды. Соңғы 3-4 жылда біз Дүниежүзілік банкке «Самұрық-Қазынаның» сатып алуының мемлекеттік сатып алу порталындағыдай ашық болуын және ортақ заңға бағынуына ұсыныс айтқанбыз, – дейді Zertteu Research Institute директоры Шолпан Айтенова. Ал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бір көзден сатып алуды қысқарту жұмысы тұрақты негізде жүргізіледі.Таяуда мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық түзетулер күшіне енді. Олар бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың 6 ірі негіздемесін жойды. Осылайша, алда бір көзден сатып алудың барлық көлемі шамамен 50%-ға азаяды. [caption id="attachment_180766" align="alignleft" width="1200"] © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Яғни, салмақты реформа жүргізілгелі тұр. Бірінші қадам ретінде «Самұрық-Қазынаға» қатысты мемлекеттік аудит барысындағы банк құпиясы алынып тасталды. Демек, жақын арада Есеп комитеті «Самұрық-Қазынаны» қайтадан тексеретін болады. Бұл жолы мүлде басқа картина шықпақ. Банк құпиясы бойынша норма көптеген көлеңкелі тұстарды жасырып тұрған болатын. Енді «Самұрық-Қазынада» ондай «тығылатын» тесік азаяды.Итке сүйек тастағандай – дивиденд
Республикалық есеп комитеті «Самұрық-Қазынаның» дивидендтік саясаты мемлекеттік кәсіпорындардың тапқан табысымен сәйкес емес деп көп жылдан бері сынап келеді. Комитеттің дерегінше, квазимемлекеттік сектордың 2015-2019 жылдар аралығында таза табысы төрт есе өскен, яғни 527,8 млрд теңгеден 1,992 трлн теңгеге жеткен. Ал сөйте тұра, 2020 жылы Үкіметке төлеген дивидендтерінің көлемі тек 142,7 млрд теңгені құраған, бұл таза табыстың 7%-ынан аспайды. Ал 2021 жылы республикалық бюджетке дивиденд ретінде табысының бар-жоғы 8/1 бөлігін аударады. Яғни, 900 млрд теңгенің 110 млрд теңгесі ғана. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін ұлттық компаниялар табыстың 100%-ын бюджетке төлеуі тиіс деген еді. Өйткені соңғы жылдары бюджет тапшылығын жамаймын деп Ұлттық қордың қазынасы едәуір ойсырап қалған. Кейін министрлер кабинеті бастапқы жарнада мемлекеттің үлесі бар компаниялар 2020 жылы және одан кейінгі жылдары «жылдық шоғырландырылған таза табыстың ең кемі 70% сомасын бюджетке аудару туралы» қаулы қабылдады. Бірақ мұны ескеріп жатқан «Самұрық-Қазына» жоқ. Қор өзінің еншілес компанияларының дивидендке қатысты 2012 жылы қабылдаған саясатын өзгертпеді. Бұл құжатта портфельді компанияларға дивиденд төлеу көлемі сараланып төленетіні көрсетілген. Яғни, оған екі фактор әсер етеді – компанияның кемелділігі және қаржылық-экономикалық жағдайы. Сонымен, бюджетке дивиденд төлеуден басқа «Самұрық-Қазына» салықтық төлемдерді аударатынын, Үкіметтің әлеуметтік жобаларына қолдау білдіретінін, мектептер мен көпбейінді ауруханаларды салатынын алға тартты. Яғни, дивидендтердің жалпы жиынтығын алар болсақ, ол компанияның таза табысының 50 пайызын құрайды-мыс. Ендеше дивидендтер пайызының төмен болуына мемлекеттің қажеті үшін алынатын түрлі алымдардың да кесірі тиіп отыр. Әдетте әлеуметтік нысандар құрылысына, бюджеттік бағдарламаларға жұмсалатын шығындардың құны шамадан тыс көтермеленіп көрсетіледі. Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ кейінгі бес жылда әлеуметтік құрылыстар салуға 366 млрд теңге немесе таза табыстың 14%-ын жұмсаған. Сөйте тұра, бұл нысандардың кейбіреуі мемлекет меншігіне берілмеген.Қалай реформалау керек?
«Самұрық-Қазынаны» таратып жіберіп, оның портфелді компанияларын профильді министрліктерге бағындыра салса, мемлекет бір жылда кем дегенде 17 миллиард теңге үнемдейтін болады. Қордың 2021 жылдың 9 айына қарасты аралық қаржылық есебін қарасақ, корпоративті орталықтың жалпы және әкімшілік шығындары 16,8 миллиард теңгеге жетіп үлгерген. Бұл тек орталық кеңседе отыратын басқарушы аппараттың шығыны. Сонда бір айда қордың орталық кеңсесін ұстауға 1,8 миллиард теңге жұмсалып отыр. Одан бөлек, «Самұрық-Қазынаның» басшылық құрамы өте қымбатқа шығады. 2021 жылдың 9 айында қордың басшыларына 4,5 миллиард теңге төленген. Мұндай шығындардан халыққа қандай пайда бар? – Мемлекеттік компаниялардың тиімді жұмыс істеуіне қол жеткізу үшін «Самұрық-Қазынаны» өзінің бастапқы бағытына – мемлекеттік компанияларды бақылау және басқаруға қайтару қажет. Қордан мемлекеттің бақылау пакеті жоқ бірлескен компанияларды шығарып тастау керек. Мұндай мемлекеттік инвестициялардың барлығын Ұлттық қордың басқаруына берген дұрыс, – дейді экономист Мұрат Темірханов. Экономистің ойынша, қазір басқарушы холдингке орасан көп қаржы жұмсалады. Сол себепті «Самұрық-Қазына» қорын мемлекеттік коммерциялық активтерді басқару жөніндегі Үкімет жанындағы шағын мемлекеттік агенттікпен алмастыруға болады. Кезінде трансформациядан өту үшін трансформация департаментін құрған қордың тым ауыр, ебедейсіз алпауытқа айналып кеткені шын. Бірақ біз әл-ауқат қорын тарататын болсақ, онда әр ұлттық компания бас-басына халықаралық кеңесші жалдауға мәжбүр болмай ма? Сарапшы Ғалым Байтұқтың айтуынша, қордың негізгі көздегені – елдегі белгілі бір топтардың пайдасы үшін қомақты қаржы көздерін уысында ұстау. – Алдымен мемлекеттік компанияның корпоративтік университетіне, «Самұрық-Қазынаның» еншілес компанияларына тексеріс жүргізу керек. Қорды инвестициялық жобаға айналдыру да тығырықтан шығар жол емес. Кейін оның құрамындағы компаниялар жекеменшіктің қолына өтіп, мемлекеттің қаржысы тіптен талан-таражға түсуі мүмкін, – дейді сарапшы Ғалым Байтұқ. Президент бір емес, бірнеше рет басып айтқан «Самұрық-Қазынаның» не болары алдағы бір айда шешіледі. Кеше ғана «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев: «Реформалау бағдарламасына нақты, әрі тиімді ұсыныстар бере алатын азаматтармен диалог орнатуға дайынбыз» деп Facebook-тегі парақшасына жариялады. Іле-шала қор қызметкерлерінің қысқарып жатқанын да естідік. Бірақ болары болып қойған соң, желге ұшқан қаржыны кімнен талап етеміз? Ең дұрысы – жасаған қателіктен сабақ алу.Көктем ҚАРҚЫН