Ауырсаң, интернеттен қарамадың ба?
Дәрігер жетіспеушілігі мен жауапкершіліктің аздығы облыс аумағында да тұтастай күрделі мәселеге айналған. Телефоны мүлде жұмыс істемейді. Ал «қатты ауырсаң да дәрігер келмейді, барсаң жөндеп қабылдамайды» дейтіндер көп. Мәселе балалар ауруханасында да аса өршіп тұр. «Үш жастағы балам қатты жөтеліп, тыныс алуы қиындап, жедел жәрдем шақырдым. Телефон көтермейді. Әзер дегенде қабылдады. Бір-екі сағаттан соң келген фельдшер баламды қарап, ларингит дертіне шалдыққанын айтты. Гормонды дәрі егуді, яғни ауруханаға апаруды ұсынды. Өзіміз апаратынымызды айттым. Бала қатты ауырған соң түнгі төртте ауруханаға өзіміз алып келдік. Дәрігер «Ларингит болса, интернеттен не істеу керегін өзің қарамадың ба?», – деп дүрсе қоя берді. Көмек сұрап келген бізді қарау тұрмақ, тыңдаған да жоқ. Өзін тәжірибелі инфекционист дәрігер деп таныстырды. Дәрігердің осындай қарым-қатынасына қатты ашуландым. Алайда балам қатты ауырып тұрған соң дауласып тұра алмадық. Осындай дәрігерлерді қалай жұмысқа алады екен?», – дейді Кристина Багинская.Медициналық сақтандыруды не үшін алады?
Дәрігерлердің жетіспеушілігі мен жауапсыздығы жүкті әйелдерге де зор қиындық тудырған. Босанғанынан кейін айлап уақыт өтсе де, декреттік жәрдемақысын ала алмай жүргендер көп. «Емханаға қоңырау шалу мүмкін емес. Үйге дәрігер шақыру дегенің құр далбаса! Онымен қоймай ай сайын медициналық сақтандыру үшін ақша алғылары келеді. Ал медицинамыздың қазіргі деңгейі адам шошырлық. Медициналық жарна төлетуді қолға алды. Бірақ емханалар мен ауруханалардағы бейберекетсіздікті ұмытып кеткен. Келінімнің босанғанына бір айдан асып кетті. Бірақ бүгінге дейін декреттік жәрдемақы ала алмай жатыр. Біз тіркелген VIAMEDIS ЖШС-да бас дәрігер жоқ. Бухгалтериясы елордада болып шықты. Ал мұнда бір кабинеттен екінші кабинетке сілтейді. Бірақ әлі еш нәтиже жоқ», – дейді қала тұрғыны Диана Ілиясова.Өңірде 280 дәрігер жетіспейді
Осыған орай облыстық Денсаулық сақтау басқармасының пікір білдіруін сұрадық. Басқарма басшылығы қазір коронавирустың тым көбейгенін, сондай-ақ өңірдегі дәрігер тапшылығының салдарынан осындай қиындық туып отырғанын айтады. «Қазір ковидпен ауырған науқастар саны күрт өсіп кетті. Облыс бойынша ауруханада жатқан науқастардың жалпы саны 600 адамнан асты. Сондай-ақ 538 адам үй карантинінде болса, 6 436 адам амбулаториялық ем қабылдап жатыр. 28 адамның жағдайы аса ауыр. Сондықтан жедел жәрдем дәрігерлері де, мобильді бригадалар да қатты ауырған науқастарға барғандықтан, жылдам жете алмайды. Телефон қоңырауына да дереу жауап беру мүмкін болмай қалады. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, халықты вакцинациядан өтуге шақырамын. Бұл – ауруды ауыздықтаудың жалғыз жолы. Бұған қоса, облыста дәрігерлер тапшылығы бар. Бүгінде өңірде 280 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігерлер, жансақтау бөлімі дәрігерлері аса қат болып тұр. Елімізде медициналық білім беретін алты жоғары оқу орнының студенттері сол жерде жұмыс істеуге қалып қояды. Дегенмен шақырту арқылы жыл сайын дәрігерлерді қабылдап жатырмыз. Жаңадан науқастардың өтініштері мен арыз-шағымдарын қабылдайтын Call-орталық ашылады. Шамамен алдағы ақпан айында жұмысын бастамақ», – дейді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Шағыров.P.S.
Сонымен, «Бірінші байлық – денсаулық» десек те, аталған саладағы кемшін тұстар азаяр емес. Халықтан медициналық сақтандыруға қыруар қаражат ұсталғанымен, тегін медициналық көмектің берілуі көңіл көншітпейді. Мамандар тапшы, жауапкершілік жетіспейді. Қарапайым жұрт қиналса да, көп жағдайда ақылы медицинаға жүгінуді көбейткен. Мәселе қалай шешімін таппақ? Тиісті Денсаулық сақтау министрліктері мен басқармалар жағдайды реттеуді қолға алуы тиіс деген ойдамыз...
Ақмола облысы