103: Жедел жәрдемге зәруміз
103: Жедел жәрдемге зәруміз
282
оқылды
 Елдегі ахуал алаңдатарлықтай. Ал көп­ші­лік болса, жедел жәр­демге зәру. Жедел жәрдем көлік­тері жедел жетпейтініне де шағымданушылар көбе­йіп тұр. Ал тиісті сала маман­да­ры мұның себебін «ша­қыр­­тудың көптігінен» іздейді. Қараша айына дейін 807 жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарда тұр екен. Статистикаға сүйенсек, республика бойынша жедел меди­циналық көмек бригадалары күніне 18 мың шақыртуға көмек көрсетеді. «Егер науқастың өмірі­не, яғни денсаулығына қауіп төн­ген жағ­дайда жедел медициналық көмек бригадаларының келу уақы­ты 10-15 минуттан аспауы тиіс. Ал науқастың өміріне айқын қауіп болмаған жағдайда келу уақыты 60 минутқа дейін өзгереді», – дейді мамандар.  

Нұрсұлтандықтар да көмек күтеді

Соңғы бір ай ішінде елорда да дерт жұқтырғандар саны көбей­месе, азаймай тұр. Жедел меди­ци­налық көмек шақыратындардың көлемі төрт есе өскен. Астана­лық­тардың көбі жедел жәрдемге хабар­ласа алмайтынын айтып, шағым­дануда. Ал мамандар тәулігіне 4 мыңға жуық телефон қоңырауына жауап береді екен. Қалада 118 же­дел медициналық көмек брига­далары жұмыс істейді. Соның өзінде олардың барлық науқасқа бірдей көмек беріп үлгермейтіні анық. «Кешігіп келетіні, жедел ме­дициналық көмек бригадаларының үлгермей жатқаны жасырын емес. Кез келген елордалық тұрғынның жедел көмектің тез, жылдам, дер уа­қытында келгенін қалайтыны рас. Алайда жедел жәрдем көлік­те­рі бірнеше категория бойынша қызмет көрсетеді. Яғни, науқас­тарға жедел жәрдемнің келу уақы­ты олардың науқасының қауіпті-қауіпсіздігіне де байланысты», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық жедел медициналық көмек стансасының директоры Мұрат Оразбаев. 1 маусымнан бері жедел меди­циналық көмек бригадалары «қа­уіпті індет бар» деп көмек ша­қыр­ған 5 мыңнан астам науқасқа қыз­мет көрсетіпті. Олардың 70 па­йызы ғана ауруханаға жат­қы­зылған. Ма­мандар көпшіліктің үрей тудыр­мағанын қалайды. Олар науқастарға міндетті түрде жедел медициналық көмек көрсетілетінін айтып отыр. «Бір апта ішінде тұрғындардан 28 мың өтініш келіп түскен. Соңғы тәулікте бұл төрт жарым мыңға дейін жетті. Қызмет көрсетілген ша­қыртулар саны 18 мыңға жуық­тап, соңғы бір күн ішінде 2 800 адамға көмек көрсетілді. Соның арасында бір апта ішінде коро­навирус жұқпасына байланысты 4 438 қоңырау түссе, соңғы күні 1 300 шақырту болыпты. Алғашқы медициналық көмек ұйымдарында, аумақтық емханаларда қосымша және жаңа жедел жәрдем топтарын құру туралы шешім қабылданды. Жалпы жедел жәрдем қоңырау­ларына қызмет көрсету үшін күн сайын шамамен 150-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр. Күніне коронавирус ин­фек­циясы және пневмониямен 400-дей адам ауруханаға жатқы­зылады. Жұқпалы және провизор­лық ауруханаларда жатқан адам­ның саны 2 500-ге өсіп отыр», –дейді қалалық Қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасының бас­шы­сы Сәуле Қисықова.  

Жедел көмекке мұқтаждар көп

Эпидемия басталғалы бері Ал­маты қаласында дерт жұқтырғандар саны 3 500-ден асты. 2 178 адам са­уығып, ауруханадан шыққан. Қайтыс болғандар саны – 23 адам. Қалалық ауруханаларда 1 мыңнан астам адам ем қабылдап жатыр. Жедел медициналық көмек ша­қырғандардың да саны екі есе өскен. «Мамыр айында 2 мыңнан аса адам жедел жәрдем көмегіне жүгінсе, маусым айынан бастап тәулігіне 8 мыңға жуық адам жедел жәрдемге қоңырау шалады. Жедел медициналық көмек бригадалары да күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Негізгі салмақ жедел жәрдем қызметкерлеріне түсіп отыр», – дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Камалжан Надыров. Ауруханалар толуға жақын. Қа­зір ондағы орындардың 90 пайызы бос емес. Індет жұқтырғандар ем қа­былдап жатыр. Жансақтау бөлі­мінде жатқандар қаншама?! Өк­пені жасанды желдету аппаратына қосылғандар саны да төрт есеге көбейген. Осылай жағдай ушыға берсе, ауруханаларда бос орын қал­мауы да мүмкін. Дәрігерлердің жетіспеушілігі тағы бар. Ауруханаларда орын жетпей қалса, ауыр халдегі адамдарға кө­мек көрсету де қиындамай ма? Бас қаланың өзінде қауіпті кеселді жұқ­тырған 112 жүкті келіншек бар екен. Оның 78-і емханада жатыр. Қаладағы зертханалар да сынама­ларды тексеріп үлгермей жатқанға ұқсайды. Сол себепті тест тапсыр­ғандар оның нәтижесін ұзақ күтіп қалады. Мамандар егер ауру белгісі байқалмаса, тест тапсырудың қажеті жоқ дегенді айтып отыр.  

Жәрдем болмаса, не істейді?

Кез келген адам жаны қысыл­ғанда жедел жәрдемге қоңырау ша­лады. Жедел медициналық көмек дер кезінде барғанымен, науқастарды қайда апарарын біл­мей, дал болып жатыр. Апарайын десе, аурухана мен стационарда орын жоқ. Сол себепті де амалсыз тұрғындарға тұратын аумағы бо­йынша қарайтын емхана дәрігер­лері көбіне үйінде емделуге кеңес беруде. Ауруханаға ауыр жағдай­дағы науқастарды ғана жатқызуға тура келіп тұр. Күн сайын емха­на­ларға 100-ден аса науқас келеді. Ал ауруханадағы орын саны орта есеп­пен алғанда 200-300 орын ғана, оның бәріне науқастарды сый­ғызу мүмкін емес. Амалсыздан инфекциялық стационар ашуға ту­ра келеді. Бірақ күн сайын ста­ционар аша алмайтыны тағы бар. Не десек те, бұл дерт оңай бол­май тұр. Коронавирус инфекция­сының кеңінен таралуы өзге ауру­ларды да асқындырып жіберді. Елімізде өкпесі қабынғандардың тым көбейіп кетуі де – осының дәлелі. Мәселен, маусым айынан бастап ауруханаға пневмониямен түскендер саны жыл басындағы деректерге қарағанда 100 есе өскен. Өмірін тәуекелге тігіп, қауіпті аймақта күн-түн демей еңбек етіп жүрген дәрігерлердің өзі бұл кеселден құтыла алған жоқ. Қазір коронавируспен ауырған науқастардың 12 пайызы медицина қызметкерлері. Олардың 30 пайызы қызмет бабында жүріп жұқтырған екен. Адам кез келген дерттің ал­дында қауқарсыз. Коронавирус мұны екі есе дәлелдеп берді. Ал бұдан сақтанудың бір ғана жолы бар: ол – қауіпсіздік шараларын ұстану. Ата-ана, бауыр, туған, аға­йын, елдің азаматтары қымбат десек, сақтанайық! Сонда біз жедел жәрдемге зәру болмас едік...  

ГулзиГүлзина БЕКТАС