Субсидия «сауын сиыр» емес
Бүгінде баспана әрбір үшінші қазақстандықтың басты мәселесіне айналды деуге болады. Баспананы жалдау, сатып алудың ақысы да күн санап шарықтап барады. Жыл басында Президенттің пәтер жалдап күнелтіп жүрген әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың пәтерақысын субсидиялау бойынша тапсырма беруі көптің көкейіндегісін дөп басқандай болды.
Дегенмен қазына қаржысының үштен бір бөлігі жұмсалатын әлеуметтік саланың мұндай зор шығыны экономикаға шектен тыс салмақ салатыны анық. Әрі-беріден соң пәтерақыға дейін мемлекет тарапынан төленуі «алма піс, аузыма түс» дейтіндердің көбеюіне әкеп соғуы да бек мүмкін.
Тек өткен жылдың өзінде халықты әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандыру ісіне мемлекеттен 7 триллион теңгеге жуық қаражат бөлінген екен. Экономистер әлеуметтік саланың шығындарын құмға сіңген сумен салыстырады. Ғылым тілімен айтқанда, қайтарымы жоқ қаражат. Есесіне, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататындарға жұбаныш. Көңілге медеу. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда мардымсыз әлеуметтік төлемді айдан-айға әзер жеткізіп, бірде аш, бірде тоқ күн кешіп жүрген отбасылар да бар. Бұл тұрғыдан оларға берілетін жәрдемақы мөлшерінің жыл санап артқанын құптаймыз.
Мұнда жанға бататыны өздерін шынында жәрдемақы, зейнетақы секілді әлеуметтік төлемге мұқтаж етіп көрсетуге тырысып, жатыпішерлікке салынғандар көбеюі болып тұр. Дамуға бет алған қоғамға бұлардан келетін қауіп көп. Әсіресе, еңбекке жарамды, он екі мүшесі сау жандардың әлеуметтік төлемдерді күнкөрістің бірден-бір тетігі ретінде қарастыратыны өкінішті-ақ. Оған қоса, ретін тауып, дәл осындай төлемдерді қалтаға басып қалуды ойлайтындардың қарасы қалың. Бірер жыл бұрын көпбалалы отбасыларға қосымша жәрдемақы берілген тұста хан сарайындай үйде тұрғандардың да әлеуметтік төлемге қол жайғаны мәлім болған-ды. Кейіннен әлемдік пандемия кезінде мемлекет тарапынан табысынан айырылғандарға берілген 42 500 теңгені жұмысы тоқтамағандар да оңай олжаға айналдырды. Қысқасы, бізде мемлекет қолдауына шын мәнінде зәру азаматтармен бірге әлеуметтік төлеммен-ақ күнімді көремін деген масылдық көзқарастағылар табылып жатады. Сондықтан да кез келген әлеуметтік бағдарламаны қабылдауда оның мақсатқа аудиторияға жету тетігін мұқият ойластырған жөн. Президент тапсырмасына сай, баспананы жалға алудың құнын субсидиялау мәселесіне осы мәселенің ескерілуі құпталды. Сөз жоқ, бұл бастаманың өзектілігі, өміршеңдігі ешқандай талас тудырмайды. Ендігі мәселе оны іске асырудың механизмін қарастыруда болып тұр. Мыңдаған отбасына үміт сыйлаған бұл бастаманы жатыпішерлердің «майшелпекке» айналдыруына жол беруге болмайды. Өйткені жалдамалы пәтерде тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жалдау ақысын субсидиялауға жыл сайын 51,5 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ. Мұндай мәліметті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратты. Ведомствоның мәліметінше, мемлекет баспананы жалдау ақысының 50 пайызын ғана төлейді. Көмектің бұл түріне ай сайынғы кірісі отбасының әр мүшесіне шаққанда 36 018 теңгеден (ең төменгі күнкөріс деңгейі) аспайтындар қол жеткізуі мүмкін.
Жалпы, қазір елімізде 590 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тұр. Олардың 70 мыңының табысы әлгінде айтылғандай ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайды. Демек, пәтер кезегінде тұрғандардың дәл осы санаты жалдау ақысын субсидиялаудан үмітті. Әрине, жалдамалы пәтерде тұрып, мемлекеттің субсидиясын пайдаланып, уақыт өте баспаналы болуға әрекет жасайтындар үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Сол секілді пәтерақысының тең жартысын мемлекет төлегеніне мәз болып, жатыпішерлікке салынатындардың да көбеюін ешкім жоққа шығара алмас. Әлеуметтанушы Рамазан Салықжановтың пікірінше, бұл мәселенің алдын алуда баспананы жалдау ақысына субсидия берілетіндердің санатына баса мән берілуі керек.
[caption id="attachment_180961" align="alignleft" width="1200"] © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption]
– Әрине, субсидияны пәтер жалдап тұратындардың бәріне бірдей беру масылдыққа апарып соғуы мүмкін. Оны тағайындаудың механизмінде табысының 30 пайыздан көп бөлігін пәтерақыға жұмсайтындарға басымдық берілуі керек. Одан соң көпбалалы, тұрақты табысы жоқ деген сияқты әлеуметтік санаттардың ескерілгені жөн.
Меніңше, мемлекетке мұндай шығынға барғанның орнына жалға берілетін тұрғын үйлерді көптеп салуға көңіл бөлгені тиімді болатын сияқты. Баспанасы жоқ азаматтар осындай үйлерде белгілі бір уақыт ішінде тек қана коммуналдық шығындарды төлеп тұрып, пәтер мәселесін өз күшімен шешіп алар еді, – дейді Рамазан Саттарұлы.
Ал экономист Марат Каирленов пәтерақыны субсидиялау тетігін енгізу тұрғын үйді жалға беру нарығын заңдастыруға мүмкіндік беретінін айтады. Субсидия тағайындалған жағдайда жалға алушылар пәтер иелерінен барлық процесті заңға сай жүзеге асыруды талап ете бастайды.
– Негізінен пәтер жалдау ақысын субсидиялауды іске асырудың механизмі көп. Әскерилер сияқты отбасының әр мүшесіне қарай қаржыландыру тетігін де қарастыруға болады. Оның үстіне, азаматтардың үйінің бар-жоғы туралы деректі электронды мәліметтер базасынан алу қиындық тудыра қоймайды. Әрі пәтер жалдап тұратындар да жалға берушілерден келісімді заңдастыруды талап ете бастайды. Нәтижесінде, тұрғын үйлерді жалға беру бизнесі «көлеңкеден» шығады, – дейді экономист.
Сонымен бірге ол қазір әлеуметтік қолдаудың мұндай түрлері ауадай қажет екенін алға тартады. Осы орайда сарапшы әлеуметтік саланы қаржыландырудағы әлемдік тәжірибені мысал етті.
– Әлемдік тәжірибеде жалпы ішкі өнімнің 20 пайызы әлеуметтік салаға бөлінеді. Ал бізде бұл көрсеткіш 10 пайыздан аспайды. Салдарынан халықтың өмір сүру сапасы төмендеді. Мәселен, 15 жыл бұрын азаматтар табысының 36 пайызын азық-түлік сатып алуға жұмсайтын. Бұл көрсеткіш өткен жылы 57 пайызға дейін ұлғайды. Көп елдерде халықтың күнделікті тұтынатын тауарларды сатып алуға тапқан табысының 17 пайызын ғана жұмсайды. Экономикалық тиімділігі жағынан алып қарағанда, азаматтарға пәтерақыны субсидиялау сияқты әлеуметтік қолдау жасалуы керек деп ойлаймын, –дейді Марат Каирленов.
Қазір Президент тапсырмасымен салалық ведомство өкілдері әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың пәтерақысын субсидиялаудың тетігін қарастырып жатыр. Әзірге оны тағайындаудың нақты механизмі жайында нақты мәлімет жоқ. Сонда да болса пәтер жалдап күнелтіп жүрген көпшілік бұл бастаманың нәтижелі болатынына сенім артады. Әйтсе де, баянды бастаманы жүзеге асыруда «пәтерімді төлеуге мемлекет субсидия береді» деп қамсыз жатуды әдет қылатындардың көбейіп кетпеуіне де баса назар аударған жөн.