Баға көтергендер жауапқа тартылады
Баға көтергендер жауапқа тартылады
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
191
оқылды
Инфляцияның, азық-түлік және жанар-жағармай, газ өнім­дерінің өсуіне жол бермеуге Қарағанды облысының шенділері білек сыбана кірісті. Сонымен қатар бүгінгі мақсат – тұрақтандыру қорындағы өнімдердің интервенциясы, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сұйылтылған газ бен бензинге шекті бағалар белгіленген болатын. Ком­муналдық қызметтерге де тариф бір дең­гейде бекітілді. Өңірде газ баллонын сата­тын фирмалармен бағаны төмендету туралы уағдаластық жасалды. Қарағанды облысында баллондағы сұйылтылған газдың бағасы арзандайды. Алдағы уақытта арзандатылған бағамен газдың жаңа партиясын жеткізу кезінде баллондағы газдың құны литріне 70-80 теңге болады. Бұл туралы облыстық Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов: – Жанар-жағармай мен автогаз тапшылығы жоқ. Жанармай жағдайы тұрақты. Қаңтар айында баллондағы сұйылтылған газ бұрынғы бағамен сатылуда, себебі сатып алу арзандамай тұрып жүргізілген. Осы аптада біздің облысқа жаңартылған бағамен 200 тонна сұйылтылған газ келеді. Энергетика министрлігі баллондардағы сұ­йыл­тылған газдың шекті бағасын белгіледі. Газдың сатылу бағасы төмен­дегендіктен, бастапқы құны литріне 70-80 теңге аралығында өзгереді, – деді. Экономика басқармасының мәлі­меті бойынша, 2021 жылдың желтоқсан айында облыстағы тұтыну бағаларының индексі 108,5% болған. Тұрақтандыру және резервтік қор­лар баға жағдайына әсер етуге көмек­теседі. Ауыл шаруашылығы басқарма­сының басшысы Асқар Санаубаровтың айтуынша, тұрақтандыру қорында – 291,6 тонна өнім, оның ішінде 41,2 тонна қарақұмық, 200,4 тонна қант және 50 мың литр күнбағыс майы бар. Бұл өнімдерден бөлек, картоп, сәбіз және қырық­қабатты қосымша сатып алу жос­парланған. Бұдан басқа, «Сарыарқа» ӘКК кәсіпкерлерге жеңілдетілген схема бойынша қарыз береді. Осы шараның арқасында көкөністер сауда нүктелеріне белгіленген бағамен жеткізіледі. Меморандумға сәйкес, ауылшаруа­шылық тауар өндірушілері тұрақтан­дыру қорына 5 100 тонна картоп және 1 800 тонна көкөніс соның ішінде сәбіз, пияз және қырық­қабат жеткізуге міндеттелді. Сондай-ақ жергілікті құс фабрикалары меморандумдарды орындау үшін жұмыртқаны белгіленген бағамен саудаға шығарады. Әлеуметтік ұн мен нан бағасын тұ­рақ­тандыру үшін астықтың резервтік қоры пайдаланылады. Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева «қоймаларда бакалея өнімдері жеткілікті» дейді. Оның айтуынша, бір айдан астам уа­қыт­қа жеткілікті қор бар, осы аптада жаңа жеткізілімдер күтілуде. Ал Жезқазған қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы арзандады. Жергілікті билік қаладағы ірі дүкендердің қожайындарымен сауда үстемесін 7 пайыздан асырмау туралы келісімге қол қойған. Соның негізінде нан, жұмыртқа, ет пен сүт секілді халық күн­делікті тұтынатын тағам бағасы қол­жетімді. Жезқазған қаласындағы ірі дүкендердің барлығында әлеуметтік бұ­рыш ашылған. Оған облыстың тұрақ­тан­дыру қорынан және отандық тауар­өндіру­шілерден күн сайын төмен баға­мен өнімдер жеткізіледі. Мәселен, нан бағасы 73 теңгеден басталса, жұмыртқа 290, картоп 85, макарон өнімдері 232 теңгеден сатылып жатыр. «Мысты шаһар­да 200-ге тарта ауладағы дүкен бар. Бағаны негізсіз өсіріп отырған да осылар», – дейді мамандар. Жезқазған қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Данияр Арынғазин: «Аула ішіндегі дүкендер де әлеуметтік маңызы бар тауар­ларға негізсіз үстемақы қосылады. Оларға біз күнделікті мониторинг жасаймыз. Әкімшілік қызметкерлері, қала белсенділері тарапынан, сосын депутат­тық корпуспен бірігіп тексереміз. Азық-түлік­тің қымбаттамауы жанар-жағар­май­дың бағасына да тікелей байланысты. Бұл ретте құзыретті мекемелер бекіткен баға сақталуда. Қазір қаладағы 13 жанар-жағармай бекетінде сұйыл­тылған газ 75, ал бензин 182 теңгеден сатылып жатыр», – дейді. Әрине, бағаны арзандатпай отыр­ған­дар да бар. Мысалы, жақында жанармай бағасын шектен тыс көтеру фак­тісі тіркелді. «Облыс орталығындағы Ермеков көшесі, 94/3 мекенжайында орналасқан «Қарағанды терминал мұнай» компания­сы­ның май құю стансасында дизель оты­ны­ның (жазғы) бағасы литріне 230 теңгеден 275 теңгеге дейін асқан. Компанияға қатысты «Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы» кодекстің 171-ба­бының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, қалалық әкімшілік құқықбұзу­шылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарау үшін жіберілді», – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті. Енді олардың ісін сот қарайтын болады...

Қарағанды облысы