Инфляцияның, азық-түлік және жанар-жағармай, газ өнімдерінің өсуіне жол бермеуге Қарағанды облысының шенділері білек сыбана кірісті.
Сонымен қатар бүгінгі мақсат – тұрақтандыру қорындағы өнімдердің интервенциясы, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сұйылтылған газ бен бензинге шекті бағалар белгіленген болатын. Коммуналдық қызметтерге де тариф бір деңгейде бекітілді. Өңірде газ баллонын сататын фирмалармен бағаны төмендету туралы уағдаластық жасалды.
Қарағанды облысында баллондағы сұйылтылған газдың бағасы арзандайды. Алдағы уақытта арзандатылған бағамен газдың жаңа партиясын жеткізу кезінде баллондағы газдың құны литріне 70-80 теңге болады.
Бұл туралы облыстық Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов:
– Жанар-жағармай мен автогаз тапшылығы жоқ. Жанармай жағдайы тұрақты. Қаңтар айында баллондағы сұйылтылған газ бұрынғы бағамен сатылуда, себебі сатып алу арзандамай тұрып жүргізілген. Осы аптада біздің облысқа жаңартылған бағамен 200 тонна сұйылтылған газ келеді. Энергетика министрлігі баллондардағы сұйылтылған газдың шекті бағасын белгіледі. Газдың сатылу бағасы төмендегендіктен, бастапқы құны литріне 70-80 теңге аралығында өзгереді, – деді.
Экономика басқармасының мәліметі бойынша, 2021 жылдың желтоқсан айында облыстағы тұтыну бағаларының индексі 108,5% болған.
Тұрақтандыру және резервтік қорлар баға жағдайына әсер етуге көмектеседі.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаровтың айтуынша, тұрақтандыру қорында – 291,6 тонна өнім, оның ішінде 41,2 тонна қарақұмық, 200,4 тонна қант және 50 мың литр күнбағыс майы бар. Бұл өнімдерден бөлек, картоп, сәбіз және қырыққабатты қосымша сатып алу жоспарланған.
Бұдан басқа, «Сарыарқа» ӘКК кәсіпкерлерге жеңілдетілген схема бойынша қарыз береді. Осы шараның арқасында көкөністер сауда нүктелеріне белгіленген бағамен жеткізіледі.
Меморандумға сәйкес, ауылшаруашылық тауар өндірушілері тұрақтандыру қорына 5 100 тонна картоп және 1 800 тонна көкөніс соның ішінде сәбіз, пияз және қырыққабат жеткізуге міндеттелді.
Сондай-ақ жергілікті құс фабрикалары меморандумдарды орындау үшін жұмыртқаны белгіленген бағамен саудаға шығарады.
Әлеуметтік ұн мен нан бағасын тұрақтандыру үшін астықтың резервтік қоры пайдаланылады.
Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева «қоймаларда бакалея өнімдері жеткілікті» дейді. Оның айтуынша, бір айдан астам уақытқа жеткілікті қор бар, осы аптада жаңа жеткізілімдер күтілуде.
Ал Жезқазған қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы арзандады. Жергілікті билік қаладағы ірі дүкендердің қожайындарымен сауда үстемесін 7 пайыздан асырмау туралы келісімге қол қойған. Соның негізінде нан, жұмыртқа, ет пен сүт секілді халық күнделікті тұтынатын тағам бағасы қолжетімді. Жезқазған қаласындағы ірі дүкендердің барлығында әлеуметтік бұрыш ашылған. Оған облыстың тұрақтандыру қорынан және отандық тауарөндірушілерден күн сайын төмен бағамен өнімдер жеткізіледі. Мәселен, нан бағасы 73 теңгеден басталса, жұмыртқа 290, картоп 85, макарон өнімдері 232 теңгеден сатылып жатыр. «Мысты шаһарда 200-ге тарта ауладағы дүкен бар. Бағаны негізсіз өсіріп отырған да осылар», – дейді мамандар. Жезқазған қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Данияр Арынғазин: «Аула ішіндегі дүкендер де әлеуметтік маңызы бар тауарларға негізсіз үстемақы қосылады. Оларға біз күнделікті мониторинг жасаймыз. Әкімшілік қызметкерлері, қала белсенділері тарапынан, сосын депутаттық корпуспен бірігіп тексереміз. Азық-түліктің қымбаттамауы жанар-жағармайдың бағасына да тікелей байланысты. Бұл ретте құзыретті мекемелер бекіткен баға сақталуда. Қазір қаладағы 13 жанар-жағармай бекетінде сұйылтылған газ 75, ал бензин 182 теңгеден сатылып жатыр», – дейді.
Әрине, бағаны арзандатпай отырғандар да бар. Мысалы, жақында жанармай бағасын шектен тыс көтеру фактісі тіркелді. «Облыс орталығындағы Ермеков көшесі, 94/3 мекенжайында орналасқан «Қарағанды терминал мұнай» компаниясының май құю стансасында дизель отынының (жазғы) бағасы литріне 230 теңгеден 275 теңгеге дейін асқан. Компанияға қатысты «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 171-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, қалалық әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарау үшін жіберілді», – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті. Енді олардың ісін сот қарайтын болады...