Ішкі істер министрлігі «Қаңтар трагедиясына» қатысты 1822 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бұл азаматтарды жаппай қудалауға ұласып кетпей ме? Ал темір торға уақытша қамалған азаматтар өздеріне күштік құрылым тарапынан заңға қайшы іс-әрекеттер жасалғанын айтып, шағымданып жатыр. «Полицейлер қысым көрсетіп, түрлі айыптарды мойындатқысы келеді» дейді. Жазықсыздарға жала жабылып, қылмыскерлер құтылмай ма?
БАЙБАЛАМ САЛМАЙ, ШЫДАУ КЕРЕК
– Қазіргі заң бойынша бейбіт ереуілге шығу үшін міндетті түрде ескерту керек. Оның ұйымдастырушылары, тәртіптің сақталуын қадағалайтын адамдар болуы керек. Ескерткеннен кейін ереуіл өтетін орынды да көрсетуі тиіс. Мұның ешқайсысын сақтамаған. Яғни, заң бұзылғанын көріп отырмыз. Маңғыстауда бейбіт түрде өтті дегенмен, заң бұзылды. Бұл ереуілге қатысқан барлық азаматтардың әрекеттерінде заңбұзушылық бар дегенді білдіреді. Бірақ әрқайсысы істеген әрекетіне қарай жауап беруі тиіс. Егер шеруге жай келіп, бүлікке ұласқан тұста үйіне кетіп қалса, әрине тек ескерту алуы мүмкін. Ал енді бейбіт шеруге, бұзақылыққа қатысып, полицейлерге күш көрсеткен болса, ғимараттарды өртеуге, кәсіпкерлік нысандарды тонауға қатысы бар болса, онда басқа мәселе. Президент тапсырмасы бойынша әрбір азамат жеке тексерілуі тиіс. Түскен арыздарға қарай азаматтар тексеріліп жатыр. Біразы босатылды, біршамасының жазасы жеңілдетілді. Ешкімді ұстамай, тергеп-тексермей, өз шешімін табады деп жүруге болмайды. Мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндірді. Егемендігімізден айырылып қалуымыз мүмкін еді. Сондықтан әркім қолымен жасағанын мойнымен көтеруі тиіс. Егер қылмысқа қатысы болмаса, босатылады. «Ішкі істер органдары жазықсыз жандарды азаптады» дегенге қатысты қазір прокуратура тексеріп жатыр. Сондықтан байбалам салудың қажеті жоқ. Екі жыл тыныш жатып, дайындалған. Соларға жастар еріп кетті. Бірі – ақшаға алданып қалды. Есірткі қолданып, арақ ішіп, есін жоғалтқандар жай ғана жолда кетіп бара жатқан қаншама адамды атып тастады. Не себептен болғаны түгел тексерілуі керек. Ол үшін қоғамға, шеруге қатысқандарға шыдам керек. Жазықсыз екені дәлелденуі тиіс. Президент тапсырмасы бойынша ауыр қылмыс жасағандардың жазасы да ауыр болады.АЛАҢҒА ШЫҚҚАННЫҢ БӘРІ ҚЫЛМЫСКЕР ЕМЕС
– Қамауда отырған дене жарақаттары бар адамдарға қажетті медициналық көмек көрсетпеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпеу халықаралық стандартқа сай азаптау боп саналады. Иә, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев лаңкестік, кісі өлтіру, билік өкілдеріне зорлық-зомбылық көрсету және бұзақылық бойынша қанша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қанша адам қамауда отыр, қаншасының жарақаты бар, қандай жағдайда ұсталуда, оларға құқықтық көмек көрсетіле ме? Міне, халықты алаңдататын негізгі сұрақтар осы. Бірақ бұларға қатысты құқық қорғау органдары тарапынан мардымды жауап болмай отыр. Тіпті, 4-7 қаңтар аралығында қайтыс болғандардың аты-жөндерін де жарияламады. Бұл қайтыс болғандар туралы ресми ақпаратқа күмән тудырады. Қолына қару алып, полиция мен әскерилерге оқ атқан, дүкендерді тонап, ұрлық жасаған қылмыскерлер анықталып, тиісті жазасын алуы керек. Бірақ алаңға шыққандардың бәрін бірдей қылмыскер деп тану өрескел қателік. Қылмыскерлер мен бейбіт шеруге шыққан адамдарды ажырата білуіміз қажет. Жаппай қудалауға жол бермеу керек. Репрессивті әрекеттер ашынған халықтың қайта алаңға шығуына алып келуі бек мүмкін. Бейбіт ереуілге шыққаны үшін ғана тұтқындалып, біздің «шаш ал десе, бас алатын» полицейлер тарапынан соққыға жығылып, азапталып жатқандар туралы көптеген нақты мәліметтер мен видеолар тарап жатыр. Осындай азаптаулардан кейін өліп кеткендер туралы да ақпараттар бар. Мұндайға жол берген полиция қызметкерлері мен бұйрық берген басшылары да жазадан құтылып кетпеуі тиіс. Ендігі кезекте билікке үміт артып отыра бермей, қоғам болып, заңсыздықтардың алдын алу, құқықтық көмек көрсету секілді жұмыстар жүргізілуі керек. «Қаңтар трагедиясының» мән-жайын анықтау мақсатында адвокат Абзал Құспанның басшылығымен «Аманат» қоғамдық комиссиясы құрылды. Аталған комиссия жазықсыз ұсталғандарды босату, оларға заңдық көмек көрсету, қылмыстық істердің әділетті тергелуін қадағалау бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ Алматы қаласында белгілі қоғам қайраткерлері құрған тәуелсіз комиссия іске кірісті. Осы секілді барлық өңірлерде қоғамдық комиссиялар құруды қолға алу керек. Құрамында заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғам белсенділері болуы тиіс және жергілікті билікке тәуелді болмауы қажет.КҮШ КӨРСЕТСЕ, АРЫЗ ЖАЗЫҢЫЗ
– Тергеу-тексеру жұмыстары Бас прокуратураның қадағалауында. Ереуілге шыққандардың барлығы жауапкершілікке тартылып кетпеуі керек. Кәсіпкерлік нысандарды тонағандар да, ғимараттардың тас-талқанын шығаруға қатысы барлар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Себебі мұның бәрі бұзақылық. Оның ішінде лаңкестік бойынша, ұрлыққа қатысты, бұзақылыққа қатысты қаншама іс қозғалды. Одан кейін прокуратура бірнеше өтініш хат беріп, жазықсыз қамалғандарды босатты. Негізсіз қозғалған істерді қысқартуға ұсыныс берді. Мұның арасында жазықсыз жауапқа тартылып жатқандар болса, Ішкі істер министрлігінде, Бас прокуратурада кезекші прокурордың телефон нөмірлері болады. Соған хабарласып, жала жабылғанын түсіндіріп, мән-жайды айту керек. Мұндайда міндетті түрде адвокат жалдау керек. Адвокатсыз да болады, бірақ істемеген істі мойнына іліп жіберуі мүмкін. Ұрып-соғу болады. Қазір шын мәнінде тексеру жұмыстары кезінде ұрып-соғу болып жатыр ма, жасамағанды «жасадым» деп айтқызу үшін электрошокермен қинап, күш көрсетіп жатыр ма, соның бәрі адвокаттардың қатысымен анықталуы тиіс. Қылмыс жасағанын дәлелдейтін айғақ, дәлелдер жеткілікті болуы керек. Егер дәлелдер жеткіліксіз болса, ұрып-соғып мойындатқанымен қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін аздық етеді. Құқық қорғау органдары әділ жұмыс істеуі тиіс. Олардың мақсаты ұсталғанның бәрін темір торға қамау емес, нағыз лаңкестерді анықтап, жауапқа тарту екенін ұмытпауы керек. Ішкі істер органдарының қызметкерлерінің үстінен іс қозғалған жағдайлар бар. Егер тергеу кезінде ұрып-соғып, күш көрсеткен болса, туыстары, бауырлары, адвокаты арыз жазады. Дене жарақаты анықталса, қызмет бабын асыра пайдалану бабы бойынша Ішкі істер органдары қызметкері жауапкершілікке тартылады.