Телеарна мәліметінше, күдіктілер 25 қаңтарда ЛА-155/18 тергеу абақтысынан босатылған. Тағы төртеуі емделіп жатқан ауруханадан шығарылды. Қазір 11 адамның бәрі үйқамаққа алынды.
Қаңтардағы оқиғалар кезінде жазықсыз жапа шеккендерге көмектесу үшін «Аманат» қорының құрылғаны айтылды. Оның мүшелері өз клиенттеріне қатысты қылмыстық істер тоқтатылмағанын түсіндірді. Алайда құқық қорғаушылар 11 күдіктіні қамаудан босатып үлгерген.
Бүгінгі күні 11 адам шығарылды: жетеуі тергеу изоляторынан, тағы төртеуі ауруханадан. Оларға қатысты бұлтартпау шарасын жеңілдету туралы шешім шығарылды. Әрине соталды тергеу жұмыстары жалғасады. Қорытынды бойынша шешім қабылданады, – деді заңгер, «Аманат» қоғамдық комиссиясының мүшесі Мәди Мырзақараев.
Алматыда 240-қа жуық күдікті қамауда отыр. Құқық қорғаушылардың айтуынша, оларға қатысты бұлтартпау шарасын жеңілдету, құқықтары мен бостандықтарын қорғау жұмыстары жалғасады. Бірақ бұл жұмыс тек бейбіт митингілерге шығып, заң бұзбағандарға қатысты.