Алматы мен тағы екі облыстан 145 қару тәркіленді
Алматы мен тағы екі облыстан 145 қару тәркіленді
© inform.kz
272
оқылды
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарында 145 қару-жарақ тәркіленді. Бұл туралы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов мәлім етті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарында 145 қару-жарақ тәркіленді, оның 82-сі Алматы қаласында орналасқан қару-жарақ дүкендерінен ұрланғаны белгілі болды», - деді полиция өкілі.
Сонымен қатар, ол қару қабылдау акциясы жалғасып жатқанын тілге тиек етті.
«Азаматтарға заңсыз сақталған немесе табылған қаруды өз еркімен тапсыру мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, ҚР ҚПК-нің 287-бабына сәйкес, қару мен оқ-дәрілерді тапсырған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады», - деді ол.
Рустам Әбдірахманов медициналық мекемеде жатқан 16 күдіктінің тергеуге алынғанын айтты.
«16 адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 272-бабында көзделген қылмыс, яғни жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген қылмыстық іс бойынша күдікті», - деп түсіндірді ол. Жоғарыда аталған күдіктілерге қатысты тергеу соты бұлтартпау шарасын санкциялады. «Қамау изоляторындағы жаралыларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі», - Рустам Әбдірахманов.