Павлодардың қылмыстық соты Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовты шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты. Бұл туралы Павлодар қаласы № 2 қылмыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Бақауов бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш берді. Өтелмеген мерзім - 1 жыл 6 ай және 22 күн.
Сотта оның мерзімінің жартысын өтегенін және мерзімінен бұрын босатылуға құқығы бар екені айтылды. Бұрынғы әкім бес баласы барын, оның төртеуі кәмелетке толмағанын, сонымен қатар, екі немересі бар екенін айтты. Оның өзі жеке агрокомпаниялардың бірінде кеңесші болып жұмыс істейді, тіпті қайырымдылықпен де айналысады. Экс-шенеунік мерзімінен бұрын шартты түрде босату Павлодар облысынан тыс жерлерге және жақын шетелге іссапарларға шығу үшін қажет екенін, әлі шыға алмайтынын айтты. Оның адвокаттары соттан Бақауовтың өтінішін қанағаттандыруын сұрады.
Алайда сот бұрынғы шенеунікті мерзімінен бұрын босатудан бас тартты. Сот заң бойынша ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағаны үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынған. Сотта Бақауовтың ауыр қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны айтылды.
"Сонымен қатар, ҚР Жоғары Сотының "Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы" нормативтік қаулысына сәйкес шартты түрде мерзімінен бұрын босату ҚР ҚК-нің 72-бабы 8-бөлігінде көрсетілген сотталғандарға қолданылмайды. Қылмыстық-атқару заңнамасында Заңның кері күші туралы ережелер көзделмеген. Заңда көрсетілген мән-жайлар мен процеске қатысушылардың пікірін ескере отырып, сот сотталған Б.Ж. Бақауовтың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты", - деп түсіндірді Павлодар қаласының №2 сотының баспасөз қызметі өкілі.