Алматыда тәртіпсіздік кезінде қаза болған шымкенттік азаматтың туыстары марқұмның зиратын күзетіп жүр
Алматыда тәртіпсіздік кезінде қаза болған шымкенттік азаматтың туыстары марқұмның зиратын күзетіп жүр
© stan.kz
266
оқылды
Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан Аңсар Исламның зиратын жақындары 2 сағаттан кезектесіп күзетіп жүр. Өйткені, Шымкент қаласының полиция департаменті сараптама жасау үшін марқұмның мәйітін қайта қазып аламыз деген хабарлама жіберіпті, - деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы. Мұны көрген Аңсардың ет жақындарының төбесінен жай түскендей болған. Жас жігіттің оққа ұшқанын растайтын сот-медициналық сараптама қорытындысы бола тұра, полицейлердің сүйекті қайта қазамыз дегені күмәнді екенін айтады. Қабірді ашқан соң марқұмды террорист қатарына қосып, мүрдені кері бермей қоя ма деп күдіктенеді. Сондықтан, құзырлылардан қору үшін күндіз-түні бейіт басына кезекшілік қойған. Аңсардың нағашы әжесі мен атасы да қара суыққа қарамастан зират басында жүр. Айтуынша, Аңсар 5 қаңтарда Алматыдағы бүлік кезінде қаза тапқан. Ал 7 қаңтарда жақындары оның мүрдесін жер қойнына тапсырыпты. Қолдарында Аңсардың оққа ұшқанын дәлелдейтін сот-медициналық сараптаманың қорытындысы да бар. Аңсар Ислам екі ай бұрын ғана шаңырақ құрған. Алайда дәм-тұзы тым ерте таусылды. Шымкент қалалық полиция департаменті марқұмның мүрдесін не себепті қаздыру керек деген шешім шығарғаны туралы әзірге ақпарат берген жоқ. Тергеушінің қаулысында марқұмның денесін ағасы сараптама жүргізілместен алып кеткені көрсетілген екен. Құзырлы орган қызметкерлері мәйітхана тек қайтыс болғаны жайлы анықтама бергенін алға тартқан. Сондықтан мәйітті қазып алуға қаулы шығарған. Бұған дейін Ақтөбеде жігіттің оққа ұшқаны видеоға түсіп қалғанын жазған болатынбыз.