«Қаралы қаңтар»: террористер қайдан келді?
«Қаралы қаңтар»: террористер қайдан келді?
486
оқылды
Қаңтардың басында болған дүр­белеңге қатысушылар мен ұйым­дастырушыларға қатысты мәліметтер күн өткен сайын айқындалып келеді. Тергеушілер бүлік кезінде террорис­тердің белсенді әрекет еткенін әу бас­тан-ақ айтқан. Алайда олар нақты кімдер, артында қандай күштер тұр дей­тін сауалдарға толық жауап бе­рілген жоқ. Қоғам асыққанымен, мұн­дай сұрақтарға жауап беру үшін тер­геп-тексеру жұмыстарын аяқтауға біраз уақыт кетері сөзсіз. Дегенмен тер­рористердің қандай топтың мү­ше­лері екені жайлы мәліметтер бел­гілі бола бастады. Жуырда Бас прокуратураның бірінші қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар бүлігіне байланысты терроризммен қатысы бар 45 іс тергеліп жат­қанын мәлімдеді. Дегенмен тергеудің құ­пиялығына байланысты көп мәлімет тара­тылмады. Алайда қоғамда «террористер еніп кетті» деген уәжге қатысты әлі де болса көп сауал бар. Өйткені қоғамдағы тер­роризм­ге қатысты қалыптасқан стереотип билік өкілдерінің уәжіне күмән келтірушілер қатарын көбейтіп жіберді. Ал құқық қор­ғаушылар Қылмыстық кодекстің 255-бабы 1-тармағына сәйкес әрекет етері сөзсіз. Атал­ған бапта «терроризм актісі, яғни жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза табуы, елеулi мүлiктiк залал келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың туын­дау қаупiн төндiретiн өзге де әрекеттер жа­сау, егер бұл әрекеттер қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, Қазақстан Рес­публикасы мемлекеттiк органдарының, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынас­тарды шиеленiстiру мақсатында жасалса, сондай-ақ аталған әрекеттердi дәл сол мақ­саттарда жасау қатерін төндіру» деп көр­сетілген. Демек, бүлік кезіндегі оқиғаларды терроризм демеуге қақымыз жоқ.

«Жауапкершілікті неге мойындарына алмайды?»

Көптеген маман мен қоғам белсенділері қаңтар бүлігіне қатысушылардың арасында террористердің бар екені айтылған күннен бері «Олар кімдер? Ұйым аты неге атал­майды? Әдетте террористер талап қоятын еді ғой. Талаптары қайда? Неге болған оқиғалардың жауапкершілігін мойындары­на алмайды?» деген мазмұндағы сауалдарды жиі қоя бастады. Бір жағынан мұндай сауал­дардың қойылуы заңды. Екінші жағынан «терроризм» дейтін сөздің мазмұны мен мұн­дай әдістің түпкі мақсатына үңілсек, тер­рорис­тердің қандай да бір істі мойын­дарына алуы немесе талап қоюы, өздерінің аты-жөндерін ашып айтып, жаһанға жар салуы шарт емес. Тек қоғамға үрей сеуіп, дүрбелең кезінде көздеген мақсатына жетсе болды. Сондықтан террористер тек мәлім­деме жасап, бүлікті өздері ұйымдастырған­дарын ашық айтады деп біржақты баға бе­руге болмайды. Тарихта ассасиндер, кар­матилер тәрізді радикал топтар қастан­дықтарын әдетте жасырын істейтін және ол кезде де «ұйқыдағы ұяшықтар» амалын қолданған. Террорлық топтардың ашық мәлімдеме жасауы, нақты талаптар қоюы ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бері «сәнге» айналғандықтан, қоғамда оларға қатысты белгілі бір стереотип қалыптасып үлгерді. Ал Алматы мен өзге өңірлерде болған бү­лікке қатысты ешбір топ мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ қоғамды үрейлендіру, билікті әлсіз етіп көрсету, тонау, зорлық-зомбылық пен мүлікті бүлдіру тұрғысынан қарас­тырсақ, латынның terror- қорқыныш, үрей дейтін сөзінің мазмұнына сәйкес келіп тұр. Оның үстіне, қандай да бір бүлік, жарылыс және тағы басқа оқиғаларға қатысты жауапкершілікті мойнына алмайтын топтар да бар. Мәселен, 40 жылдан астам Түр­кия­ның мазасын алып келе жатқан «Күрдістан жұмысшы партиясы» атты радикал-ком­мунистік топ әкімшілік, полиция, әскери ғимараттарға, ауруханаларға жарылғыш қойып, жолдарға мина төсегендерін, адам­дарды ұрлап, өлтіріп кеткенін мойындап, мәлімдеме жасап әуре болмайды. Ресми Ан­кара сол себепті оларды террорист ре­тін­де таниды. Батыс елдерінің бірқатары олар­ды күрд халқының азаттығы үшін күресіп жүрген топ ретінде бағалайды. Демек, тер­роризм дегеннің өзі жалпыға ортақ, барша мемлекет мойындайтын, мазмұны өзгер­теймін ұғым емес деген сөз.

«Йакын инкар» қандай топ?

«Қаңтар қасіретіне» қатысы бар ради­калды ұйымдардың аты бастапқы кезде атал­мағанымен, соңғы бірер күнде «Йакын Инкар» атты топ мүшелерінің ұстала бас­тағаны жайлы деректер белгілі болды. Тіпті, олардың қоныстарынан граната, тапанша және өзге де қарулар табылған. Содан да болар, бүлікті ұйымдастырушылар қата­рында осы топ өкілдерінің бар екеніне құзырлы органдар өкілдерінің көзі жете бастаған сыңайлы. Бірақ соның өзінде де жауабы жоқ сансыз сұрақ әлі де бар. Дінтанушы Асылбек Ізбайыровтың айтуынша «Йакын Инкар» тобы осы күнге дейін саяси талап қоймаған, алайда әлеу­меттік сипаттағы қауіп-қатері мол ұйым са­налып келіпті. «Йакын Инкар» тобы алғаш рет Қырғыз елінде бой көрсете бас­тады. Бұл топ «Табилғи Жамағат» ұйымынан бөлініп шыққан. Бұл топтың бірнеше жыл бұрын Қырғыз Республикасында, Ыстықкөл маңайында құрылғаны туралы деректер бар. Топ мүшелері 2017-2018 жылдардан бастап өздерін таныта бастады. «Йакын Инкар» тобына мүше болғандар кімдер? Осы мәселеге тоқталайық. Негізі, олар саяси процестерге қатыспаған, саясаттан өздерін аулақ ұстайтын адамдар саналады. Олар бұл өмірдегі басты міндет – исламды тарату, яғни дағуат жасау деп біледі. «Йакын Инкар» ұғымының мағынасы «Құдайдан бас­қаның барлығын тәрк ету» дегенге сая­ды. Олар қоғамдағы барлық игіліктен, ғы­лыми-техникалық жетістіктерден бас тар­тады. Олар – саяси емес, әлеуметтік тұрғыда қауіпті саналатын ұйым. Бір сөзбен айт­қанда, «Егова куәгерлері» ұйымының ис­лам­дық баламасы деуге болады. Олар «Таблиғи жамағаттан» бөлініп шықты. Әдетте шаштары ұзын, аздап сақал қоятын, өздерінің сырттағы, яғни Пәкістан жақтағы ұстаздарын ғана тыңдайтын адамдар тобы. Бұл ұйым елімізде 2018 жылы экстремистік топ болып танылды. Дегенмен «класси­калық» террористерге ұқсай бермейді. Сарап­шылар олардан төнетін қауіп ең алды­мен әлеуметтік сипатта болады деп есептеп келген еді», – дейді Асылбек Ізбайыров. Сарапшының бұл пікірін шығыстанушы Жанат Момынқұлов та қолдайды. Шамасы, күні бүгінге дейін тек уағыз айтуды, оқшау­ланып өмір сүруді қалаған топтың агрессия танытуы мамандарды таңғалдырса керек. «Әлемге танымал террористік ұйымдардың бір ерекшелігі, олар өздері жасаған террор әре­кеттерін өз мойнына алады. Алматы оқиғасында арандатушы топтар арасында криминалмен қатар діншіл радикал топ­тардың болғаны туралы көп естідік. Жақында «Таблиғи Жамағат» экстремистік ұйымының қанаты «Йакын инкар» ұйымы­ның дүрбелеңге қатысы бары, оның мүше­лерінің ұсталғаны туралы ақпарат шықты. Бұл ұйымның көршілес Қырғыз елінде мыңға жуық өкілі бар. Қырғыз дінтану­шы­лары «Йакын Инкар» ұйымын бейсаяси, экстремистік сипаты бар, бір Алланы ғана мойындайтын, аскетизм, сопылық бағыт ұстанған, жаңалықты, заңдарды танығысы келмейтін енжар діни топ ретінде сипаттай­ды. Яғни, бұл топ бұрын террор актілерімен көзге түспеген, саяси мақсаты жоқ, одан алыс болып келген. Бұған дейін ешкім естімеген, Қазақстанда еш ықпалы жоқ діни топ Алматы қантөгісіне не себеппен қа­тысты? Осы сауалға жауап табу өзекті болып тұр. Өз басым шығыстанушы маман ретінде бұлардың Алматыда төңкеріс ұйымдас­тырып, саяси билікті қолына алғысы келді дегенге сене алмаймын. Бізде діни топтарды күштік құрылымдар қатаң бақылап, тырп еткізбей келгені мәлім. Бәлкім, бар айыпты әлсіз, беймәлім діни топтың мойнына іліп, істі жабу ниеті тұруы мүмкін. Ал күштірек бір топтың ықпалы, ақшасы, байланысы мықты болғандықтан, оларға әзірге тисе алмайды», – дейді Жанат Момынқұлов. Дегенмен «Йакын Инкар» тобының экстремистік ұйымдардың қатарына кіргені рас. 2018 жылдың 15 қазанында Астана қаласы Есіл ауданының соты бұл ұйымды экстремист деп таныған. Сол кезде медиада олар жайлы азды-көпті ақпарат та шыққан. Ал Қырғыз билігі бұл топтың мүшелерін ұстауды 2017 жылдан бастады. Бірақ оларға экстремист ретінде айып тағылғанымен, нақты қандай әрекеттері үшін тұтқындал­ғаны айтылмады. Тек 2015 жылы қырғыз баспасөзінде шыққан бірқатар ақпаратта Ыстықкөл төңірегіндегі аймақтардан Си­рияға аттанғандар көп болғаны айтылған. Бірақ Сирияға аттанған қырғызстан­дық­тарды дәл қандай топтың алдап-арбағаны жайлы дерек жоқ.

Террористерді кімдер қолдайды?

Еліміздегі бейбіт шерулерді өздерінің мүддесі үшін пайдаланып, бүлік бастаған­дардың нақты қанша екені, ел ішінде қанша террорист әрекет еткені белгісіз. Бірақ 45 іс терроризмге қатысты қозғалғаны ақиқат. Кейде әр іске бір емес, бірнеше, тіпті онда­ған азамат қатысты болуы мүмкін екенін ескерсек, террористер саны жүздеген адамға жетуі мүмкін. Дегенмен біздің пайымдауы­мызша, террористер саны әу баста айтыл­ғандай, ондаған мыңға жете қоймайды. Өйткені соңғы күндері аты атала бастаған «Йакын Инкар» ұйымы мүшелерінің саны сонша көп емес. Қырғыз теологі Қадыр Мәліков «инкаршылар» қарасы көп емес екенін айтқаны бар. 2016-2017 жылдары Ыстықкөл маңында әрі кетсе, 30-40 адам болуы ықтимал деп болжаған. Кейін олар­дың саны жүздеген адамға жетуі мүмкін. Сонда да еліміздің бірнеше қаласында бір мезгілде бүлік ұйымдастыратындай қауқары болды ма, жоқ па дегенге назар аудару қажет. Бір сөзбен айтқанда, «Йакын Инкар» ұйымын террорлық актілерді ұйымдас­тырушы ретінде көрсету арқылы шын бү­лікшіні назардан тыс қалдыру тәсілі қол­данылса ше? Мәселе осында. Шығыстанушы Жанат Момынқұлов та сондай көзқарас байқатты. «Меніңше, бүлік салып, бейбіт митингті қантөгіске ұластырғандар – арам ойлы, саяси мақсатты радикал топтар. Ал олардың артында кім қолдап тұр және олардың бүлігіне көз жұмғандар кімдер? Бұл террорлық актінің мақсаты – азаматтық негіздегі бейбіт протестке қылмыстық сипат беру, іріткі салып, бейбіт ереуілдің абы­ройына нұқсан келтіру еді. Неге күштік құрылымдар кездейсоқ немесе күдікпен ұсталған азаматтарды соттың шешімінсіз, қатты ұрып-соғып, азаптап қинады? Қазір қоғамымыздың жүрегі жаралы, есін жиып жатыр. Қашан шын кінәлілер ұсталып, істің ақиқаты айтылмайынша, қоғамда тыныш­тық, елде береке орнамайды», – дейді ол. Дегенмен аталған радикалды топтың бүлікке қатысты бар екенін жоққа шығару да қиын. Өйткені батыс елдерінің арнайы қызметі әу бастан-ақ «Таблиғи Жамағат» ұйымын экстремистік топ ретінде таныған. Әсіресе, бұл ұйымға қатысты француздардың ұстанымы өте қатаң. Француз мамандары «Табилғи Жамағат» бейкүнә, саясаттан аулақ ұйым емес деп санайды. Бұл топ радикалдар санын көбейтуге ықпал етеді екен. Мұндай пікірді ислам дінін зерттеген француз маманы М. Габорие айтқан. Демек, осынау ұйымнан бөлініп шыққан «Йакын Инкар» тобын да бейкүнә адамдар қауымы деп бірден үзілді-кесілді баға беру қиын. Оның үстіне, бұл діни топтардың көбі Пәкістан, Үндістан жақтағы «ұстаздарының» нұсқауымен жүреді. Ал қаңтардың 5-і күні Гон­конгтан шығатын Asia Times басылымы­ның колумнисі Пепе Эскобар Қазақстандағы бүлікті Британияның Ми-6 барлау қызметі ұйымдастырғанын, қолында бұған қатысты деректер бар екенін жазды. Ал Британия тыңшылары Үндістан мен Пәкістан маңын­да түрлі топты қолдайтыны бұрыннан ай­тылатын. Әрине, бұл қатардағы көп конс­пирологияның бірі болуы мүмкін. Бірақ мұндай ақпараттардың ортаға тасталуы да бүлікті ұйымдастырғандардың ізден жаңыл­дыру амалы болуы ықтимал. Қысқасы, «Қаңтар қасіретін» тудырған топтың шын бейнесін анықтау үшін құқық қорғаушы­лардың біраз тер төгуі қажет болып тұр.

Террористік құрылымдар тізіміне 22 ұйым енген

Негізі, еліміздегі тыныштық пен тұрақ­тылыққа қауіп төндіріп, мемлекет мүддесіне қатер төндіретін кез келген ұйымды, топты террористік құрылымдар қатарына қосуға болады. Біреулер үшін бейкүнә, бейтін құрылым тәрізді көрінетін топтардың әлеуметтік, экономикалық, тіпті мәдени-рухани зардабы да зор болуы бек мүмкін. Террорист тек саяси талап қояды деу қате. Одан соң бір мемлекет мойындаған топты, келесі бір ел террористік құрылым қатарына қоспауы мүмкін. Ал қоғам әдетте халық­аралық қауымдастық бірауыздан мойын­даған террористік топтар арқылы ғана бұл ұғымға баға беретіні бар. Алайда Қазақстан 22 ұйым мен құрылымды террористік ұйым ретінде таныған. Олардың қатарында «Аль-Каида»,«Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қоз­ғалыс», «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел») , «Асбат аль-Ансар», «Мұсылман бауырлар», «Талибан» қозғалысы, «Боз гурд», «Әлеуметтік реформалар қоғамы», «АУМ Синрикё», «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы», «Таблиги джамагат», «Ислам мемлекеті» (ДАИШ), «Йакын Инкар» ұйымдары бар. Байқасаңыздар, бұл ұйым­дардың барлығы діни радикалдар емес. Мәселен, «Боз гурд» – радикалды пантюр­кистер, «АУМ Синрике» – буддистік не­гіздегі экстремистік топ, «Күрд Халық Конгресі» – радикалды ұлтшылдар. Бірақ тізімдегі барлық топты қоғамға азды-көпті қауіп төндіретіні біріктіреді. Сондықтан да болар, «Қаңтар бүлігіне» қатысқан және оны ұйымдастырған қандай ұйым немесе топ болса да террорист саналары анық. Ал қолдарына қару алып, қалаларда жедел әрекет еткен топтардың қайдан келгенін анықтау оңай іс емес.