Жиында Елбасы «Nur Otan» партиясы еліміздегі басты саяси күш екенін айтты, – деп хабарлады elbasy.kz.
– Партия әрдайым тұтас қоғамның мүддесін қорғап, Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігімізді сақтауға атсалысып келді. Біз зор табыстарға бірге қол жеткіздік. Ең бастысы – Қазақстанның одан әрі дамуына берік негіз қаланды. Осы жүйелі жұмысты жалғастыру маңызды, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев съездің тарихи мәніне тоқталып, Қасым-Жомарт Тоқаевты «Nur Otan» партиясының Төрағасы етіп сайлау туралы ұсынысын партияластары қолдайтынына сенім білдірді.
– Кейінгі бір жарым жыл ішінде партия жүйелі түрде қайта жаңғырды. Оны толық басқаруды қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсыру бұл процестің соңғы кезеңі деп санаймын. Партиядан президент сайлауына ұсынылған және қолдауына ие болған адам оны басқаруға тиіс. Бүгінде Қазақстан Президентінің басшылығымен маңызды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүзеге асуда. Барлық қажетті ресурсы бар «Nur Otan» партиясы оларды орындау барысында сенімді тірек болуы керек, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті жұртшылық жан-жақты қолдағанда ғана ел тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған ауқымды реформалардан маңызды нәтижелер болатынын айтты.
– Ел бірлігі, тыныштық, тұрақтылық пен келісім барда ұлы мақсаттарға жетуге болатынын әрдайым айтып келемін. Біздің отыз жылдағы тәжірибеміз осыны айқын көрсетті. Бүгінде Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басып отырмыз. Бұл – жаһандық өзгерістер, күрделі әрі жауапты шешімдер кезеңі. Қазақстан жаңа дәуірдің барлық сынағынан сүрінбей өтетініне сенімдімін. Айқын мақсаттар, саяси ерік-жігер, ең бастысы – халықтың қолдауы соның кепілі болмақ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.