Түркістан облысында әйел 25 жыл құлдықта болған інісімен қауышты
Түркістан облысында әйел 25 жыл құлдықта болған інісімен қауышты
© polisia.kz
228
оқылды
Түркістандық полицейлер тұрғынның 25 жыл бұрын жоғалып кеткен інісін табуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz. Түркістан облысы Полиция департаменті КПБ-ның қызметкерлері жедел әрекет етіп, бір күннің ішінде бір-бірін 25 жыл көрмеген бауырларды қауыштырды. Осылайша, полицияға мүлдем арызданбаған Ботакөз Толыбаеваға бауыры табылғаны жөнінде хабар жетті. Нақтырақ айтсақ, облыстық полицияға жергілікті тұрғын хабарласып, Төлеби ауданындағы ауылдардың бірінде жігітті тұтқында ұстайтындығы туралы арыз түсірген. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК 126-бабы (Заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша Түркістан облысы ПД-ға тіркеді. Ақпарат алысымен департамент қызметкерлері барлық қажетті тергеу әрекеттерін шұғыл атқарды. Нәтижесінде, полицейлер жігіттің ата-анасы кішкентай кезінде қайтыс болғанын, содан ол балалар үйінде, сондай-ақ интернатта тәрбиеленгенін анықтады. Ер жеткен соң 10 жыл бойы облыс аудандарындағы түрлі шаруашылықтарда жалдамалы жұмысшы болғаны және жұмыс берушілер тарапынан азап көргені белгілі болды. Сондай-ақ жігіттің есінде өзінің жақын туыстары мүлдем сақталмаған. Бірнеше сағат бойы жан-жақты жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полицейлер Түркістан қаласының жанындағы Сауран ауданында тұратын жас жігіттің туыстарын тапты. Тәртіп сақшылары жігіттің үлкен әпкесі мен жездесін Полиция департаментіне алып келді. Мұнда бір-бірінен көз жазып қалған ағайындылардың көптен күткен кездесуі өтті. Бауырлар ұзақ жылдардан кейінгі табысу кезінде, қуаныштың көз жасын жасыра алмады. Белгілі болғандай, әйел бірнеше жыл бойы жоғалған інісін өздігінен іздеп, таба алмаған. Бауырымен қауышқан әпкесі Ботакөздің айтуынша, олардың ата-анасы бала кезде қайтыс болған. Ал туыс ағасы екі бауырын балалар үйіне өткізген. Сол кезде үлкені 9 жаста, кішісі төрт жаста екен. Кейіннен олардың ең кішісінен қол үзіп, ізін жоғалтып, хабарсыз қалған. Содан інісін табуға 2020 жылдан бастап кіріскен. Алайда полицияның көмегіне жүгінбеген, мүлдем арызданбаған. Есесіне, Түркістан облысы ПД полицейлері оған хабарласып, інісін тапқаны туралы жағымды жаңалық жеткізді. Туыстары Түркістан облысы ПД полицейлеріне, көп жыл бұрын жоғалып кеткен інісін тауып, мәселелеріне назар аударған жанашырлығы үшін алғысын білдірді.
– Түркістан облысының полицейлеріне ризамыз. Бала кезде көз жазып қалған бауырымды тауып бергеніне. Інімді көріп, өзімді өмірдегі ең бақытты жан сезініп отырмын. 25 жыл бойы осы сәтті қанша армандап, күттім. Бүгін міне аман-есен, жігіт болған ініммен кездестім. Қуанышымда шек жоқ, – деді тұрғын.
Өз кезегінде тергеушілер осы жайт бойынша мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.