Медсақтандыру былықтары ашылады
Медсақтандыру былықтары ашылады
333
оқылды
Үкімет ревизорлары денсаулық сақтау жүйесіне аудит жүргізіп жатыр. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министрлігіндегі және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы (ӘМСҚ) қаражаттың тиімділігін бақылауды үйлестіру және бағалау жүйесін сынға алды. 2021 жылы мемлекет осы салаға 2,3 триллион теңге немесе ЖІӨ-нің 2,9%-ын шығындаған. Ал халық болса, лайықты медкөмек ала алмағанына үздіксіз шағымданады. Сорақысы сол, денсаулық сақтауға арналған республикалық бюджет қаражатының 90%-ға жуығына ӘМСҚ билік етіп, әкімшілендіреді. Үкімет басшысы медсақтандыру қорының барлық көрсеткіші тым жалпылама күйде екенін және халықтың медицина­лық көмекке, сондай-ақ оларды қанағаттандыру үшін медицина­лық ұйымдарға деген нақты қажеттілігін айқын көрсетпей­тінін атап өтті. Осыған байланысты Ә.Смайылов қор қызметін бақылау мен қаражатты тиімді жұм­сау индикаторларының нақ­ты жүйесін әзірлеуді тапсырды. «Бүгінде өңірлердегі меди­цина­лық қызметтердің 100%-ы қордан қаржыландырылады. Бұл халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жауап­кершілігінің төмендеуіне алып келеді. Бұл, әсіресе өткен жылдың соңында Алматы және Жаңаөзен қалаларында жедел медициналық көмек қызметін қаржыландыру және ұйымдастыру мәселелері туындаған кезде болады», – деді Ә.Смайылов. Ол тез арада денсаулық сақтау инфрақұрылымына тәуелсіз кешенді техникалық аудит пен ревизия-түгендеу жүргізуді, оның ішінде жабдықтармен және медициналық-технологиялық жүйелермен жарақтандыруды, ана мен бала, онкология, травматология, кардио, нейрохирургия, инфекциялық аурулар сияқты басым бағыттар бойынша өңір­лер­дің медициналық инфра­құрылымын дамыту картасын әзірлеуді тапсырды.