4 миллиардқа қандай кино түсірді?
4 миллиардқа қандай кино түсірді?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
571
оқылды
Соңғы екі жылда панде­мия­дан зардап шеккен са­ланың бірі – кино нарығы. Екі жыл қатарынан жоспарланған фильмдер уақытында жарық­қа шыға алмады. Конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанған сценарийлердің өзі дер ке­зінде түсіріліп үлгерген жоқ. Өткен жылы фильмдер тү­сіруге 4 382 601 950,11 теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржының қаншасы жұмсалды, қандай фильм түсірілді? Соны сарап­тап көрсек...

39 жобаға қолдау болған

Шәкен Айманов атындағы «Қа­зақфильм» АҚ түсірген 27 фильм 56 халықаралық кинофести­вальге қатысып, 39 жүлдені жеңіп алған екен. Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің мәліметіне сүйен­сек, «Кинематография туралы» заңға сәйкес, биыл мемлекеттің қар­жы­ландырумен 37 фильмнің түсірілімі аяқталған. Бұдан бөлек, жеке ком­паниялардың да өнімі бар. Бұған министрлік есеп жүргіз­бейтіні бел­гілі. Өткен жылы желтоқсан айында көрерменмен қауышқан фильмнің бірі – «Боксшы». Режиссер Ақан Сатаев бұл фильмді түсіруге екі жы­лын арнаған. Оған екі жыл ішінде 900 миллион теңге беріліпті. Сценарийіне 67,5 миллион бөлі­ніпті. Ал сценаристер қатарында Альмира Тұрсын да бар. Ол «Томирис» фильміндегі басты рөлі арқылы көрермен есінде қалды. Жарыққа шығуы тиіс тағы бір фильм – Ермек Тұрсыновтың «Таңдауы» 2019-2021 жыл аралы­ғында бұл фильмге бюджеттен 500 млн теңге бөлінген. Әзірге фильм­нің үлкен экранға қашан шыға­тыны белгісіз. «Ұлттық киноны қолдау» мем­лекеттік орталығының мәліметін­ше, 2019 жылғы конкурс бойынша 17 киножобаға қолдау көрсетілген. Оның үшеуі әлі өндірісте, 14 жоба толығымен аяқталды. «Оның ішінде прокатқа шық­қандары – Эрнар Құрмашевтың «Каникулы офф-лайн 2» (2019 жы­лы желтоқсанда) және Ақан Сатаев­тың «Боксшы» (2021 жылы желтоқ­санда) фильмдері. Дәрежан Өмір­баев­тың «Ақын» картинасы Токиода жүл­де алды және жақында Берли­на­леге қатысады. Фархат Шәріпов­тің «Схема» фильмі де сол Берли­нале­де көрсетіледі. Айжан Қасым­бек­тің «От» картинасы бірнеше ха­лықаралық фестиваль­дерден жүлде алып, Қазақстанда Бастау кино­фестивалінде көрсе­тілді», – дейді орталықтың бас­пасөз қыз­метінің өкілі Жангелді Өмірәлиев. Ал 2020 жылғы конкурс бойын­ша 39 жобаға қолдау көрсетілді. Оның бесеуі өндірісте болса, 34 жоба толықтай аяқталған. Олар­дың ешқайсысы да, прокатқа әлі шыққан жоқ. Ол фильмдердің кейбірі 2022 жылға жоспарланып отыр. Олардың қатарында Айдын Сахаманның «Дос-Мұқасан», Ардақ Әмірқұловтың «Хирург», Алдияр Байракимовтың «Пара­лим­пиадашы», Дархан Төлегенов­тің «Ағайынды» фильмдері бар.

«Боксшының» табысы әлі белгісіз

«Ұлттық киноны қолдау» мем­лекеттік орталығы берген мәлі­мет­терге қарағанда, фильм прокатына олардың қатысы жоқ. Прокатпен фильм авторларының өзі айналы­сады. Прокат демекші, 2021 жыл­дың желтоқсанында «Боксшы» фильмі үлкен экранға шыққан еді. Фильм туралы режиссер Ақан Сатаев: «Көзі тірі адам жайлы кино түсірудің жауапкершілігі де өте жоғары. Дегенмен пайдалы жағы да көп. Мәселен, сұрақтар туындап жатса, Серікпен де, оның ата-анасымен да кеңесіп отырдық. Қазір әкесі өмірден өтті. Бапкері­мен де байланыста болдық. Кинода көрсетілгендей, Серіктің өмірде жат­тықтырушысымен арақатына­сында қиындықтар болған жоқ. Оқиға желісі көрерменге қызық болуы және де кинода қандай да бір конфликт тудыру үшін біз әрине, екі тараптың рұқсатымен, арақаты­нас­тарын шиеленістірдік. Панде­мия­ға байланысты фильм­нің шы­ғар­машылық мерзімі екі жылға созылды. Түсірілімге 60 күн­дей уақыт кетті», – деген еді. Бюджеті 900 миллион тұратын фильмге қатысты да сын-пікірлер көп айтылды. Тіпті, драматург Жәнібек Әлікен: «Серік Сәпиев туралы кино түсірілді дегенде-ақ сіздің ойыңызға қандай кино елестеуі мүмкін. Иә. Дәл солай. Олимпиада алтыны қолға тимей жүрген талантты боксшының үнемі сәтсіздікке ұрынып жүріп, соңғы мүмкіндігінде Олимпиада алтыны­на қол жеткізіп, еліміздің көк бай­ра­ғын желбіретіп, Әнұра­ны­мыздың орындалуы. Ең қызығы кино да дәл осылай түсірілген. Бейжің Олим­пиа­дасында жеңіледі, содан кейін күш салып жаттығады да, киноның соңында Лондон Олимпиадасында топ жарады. Ешбір конфликт, ешбір шиеленіс жоқ. Ал енді осы көркем шалыс деректі фильмнің сценарийін жазуға сіз бен біздің қалтамыздан төленген салықтың қанша ақшасы кетті деп ойлайсыз?» деп жазды. Ал фильм прокаттан қанша қаржы тапқаны туралы нақты ақпараттар жоқ. Үлкен экранға шығар алдында өткен баспасөз мәслихатында Kinopark & Kinoplexx Theatres басшысы Алмаз Малдыбаев: «Боксшы» фильмінің кассалық табысы Rentrak жүйесі арқылы бақыланады. Бұл әлемдік Rentrak жүйесіне енген алғашқы отандық фильм десек болады. Rentrak Corporation – медиа индус­трияны өлшеу және зерттеумен айналысатын әлемдік алдыңғы қатарлы компания», – деп атап өткен. Прокатқа шыққанына екі-ақ ай болған фильмнің табысы туралы бірнәрсе деу қиын. Әзірге режиссерлер кино нарықтағы кемшіліктерді пандемияға жауып әлек болып отыр.

Қасым хан туралы фильм қашан жарыққа шығады?

2021 жылдың қазан айында «Ұлы дала таңы» фильмінің де түсірілімі аяқталған. Бұл – аты­шулы «Қасым хан» фильмі. Режиссер «Қасым хан» атауын «Ұлы дала таңы» деп өзгертсе керек. Негізінен түсірілім жұмыс­тары Алматы облысында өтті. Қазан айында режиссер Ақан Сатаев фильмнің түсірілімін аяқ­тағанын жеткізген. «Түсірілімнің әр қатысушысына осы тамаша кезең үшін, баға жетпес тәжірибе үшін, еңбектеріңіз бен кәсіпқой­лық­­тарыңыз үшін алғыс айтқым ке­леді» деген еді. Түсірілім жұмыс­тары ақпан айында басталған. Түсірілім алаңында 300-ден астам, оның ішінде 150 атты жауынгер мен 56 каскадер қатысқан. Қап­шағай маңындағы түсірілім ала­ңында Сығанақ қаласының эскизі салынды. Ал шілде айында Алматы облысы Кеген ауылының маңында Қасым хан ауылының көшін тү­сі­ре­тінін, ал кейін тү­сірілім жұмыс­тары Іле өзенінің бойында осы фильмге бейімделген «Түркістан» декорациясы жа­салған еді. Фильм­нің қашан экран­ға шығатыны бел­гісіз. Ки­но­студиядан «фильм дайын тұр, кинопрокат мәселесі шешіліп жатыр» деген жауап алдық. Былтыр прокатқа шыққан фильм­дердің қатарында «Барым­ташы» мен «Мұқағали» да бар. Екеуі де 2020 жылдың өнімі. Пан­демияның әсерінен бір жыл экранға кешігіп шықты. Ал «Қазақфильм» киностудия­сы баспасөз қызметінің мәліме­тінше, 2021 жылы «Акын» (реж. Дәрежан Өмірбаев), «Нам нужен доктор» (реж. Равиль Трумов), «Ақтастағы Ахико» (реж. Эльдар Қапаров), «Ұлы дала таңы» (реж. Ақан Сатаев) көркем фильмдері және «Теңіздің оралуы» («Возвра­щение моря», реж. Виктор Вилько­виский) атты деректі фильм мен «Мер­ген» қысқаметражды фильм­дері түсірілген. Былтыр желтоқсанда Нұрлан Қоянбаевтың жекеменшік ком­паниясы түсірген «Қазақша бизнес Түркияда» фильмінің көрсетілімі басталған. Бюджеті – 500 млн теңге. Фильм прокатқа шыққан күннен-ақ аншлагпен өтті. Бұған дейін де Қоянбаевтың кинолары­ның табысы өте жоғары болған. 2019 жылы оның «Қазақша бизнес Кореяда» фильмі 1 млрд 107 млн табыс тапқан еді. Демек, жақсы туындыға көрермен тарапынан сұраныс бар. Оны Қоянбаев ғана емес, өзге де жекеменшік студия­лар түсірген фильмдер дәлелдеп жүр. Былтыр Мәдениет министрлігі кино саласына 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, 2022 жылға 2 286 537 500 теңге жоспарланып жатыр. Көпшілік ең алдымен «Ұлы дала таңын» күтетіні анық. Өйткені Қасым хан жайында фильм түсіру мәселесі 2018 жыл­дан басталған. Әуелде сериал болуы керек еді, кейін толық­ме­т­ражды фильмге айналды. Тәуел­сіздіктің 30 жыл­дығы қарсаңында экранға шығуы керек еді. Өкі­нішке қарай, фильм­нің прокаты әлі кешігіп жатыр.

Айым БЕКТҰР