Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау жылдан-жылға азайып барады. Соның ішінде екінші деңгейлі банктердің агросекторды несиелендіру үлесі мүлдем мардымсыз. Бір сөзбен айтқанда, банктер шаруаларға несие беруден қашқақтайды. Сондықтан да мұнда қаржыландыру «ҚазАгроҚаржы» және «Аграрлық несие корпорациясының» еншісіне тиген. Олардың да беріп отырған қаржысы агроөнеркәсіптік кешенді толық қамти алмайды. Ендеше қажыры мол, қаражаты жоқ шаруаға қалай көмектессе болады?
Он жылда 11%-ға кеміген
Сонымен, еліміздің агроөнеркәсіп кешенін несиелендіруде соңғы 10 жылда екі қаржы ұйымы күш алып келеді. Олар – «ҚазАгро» мен «Бәйтеректің» еншілес кәсіпорындары «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы». Олардың нарықтағы үлесі – 80%. Бірақ олардың үлесі артқанымен, қаржыландыру көлемі азайып келе жатыр. Мәселен, 2014 жылы доллар бағамы 182 теңге болғанда бұл салаға 612 млрд теңге ($3,3 млрд) қаржы бөлінген болса, бұл сома қазір бағам 420 кезінде 538 млрдқа ($1,3 млрд) түсіп отыр. Мұндағы айырмашылық 11%. Ал инфляцияға сәйкес барлығы да қымбаттап жатқанын ескерсек, бұл қаражат ештеңеге жетпей отыр деуге болады. Бұл ретте екінші деңгейлі банктердің агросекторды қаржыландырудағы үлесі 2014 жылы 70%, ал 2020 жылы небәрі 18%-ға түсіп кеткенін де атай кеткен жөн. Былайша айтқанда, олар шаруаларды несиелендіруден түбегейлі бас тартып отыр деуге болады. Ал бұрын олар тек қана корпоративті клиенттерді несиелендіріп келді де, бұл мультипликативті әсер беріп, тұтас салаға қозғау салған болатын. Бірақ кейін ірі агрохолдингтер де дағдарысқа ұшырады да, банктер оларға ақша беруден тыйылып қалды. Осылайша квазимемлекеттік сектор қанатымен су сепкен қарлығаштай болып қалып отыр.
Ауыл шаруашылығында тәуекелдің жоғары болу себебі көптеген сыртқы факторға байланысты. Өндірістік процестегі шығындарды қоспағанда, ауа райының қолайсыздығынан егіннің шықпай қалуы, түрлі аурулардан мал мен құстың қырылып қалуы, нарыққа, мәселен, экспортқа жол жабылып, нақақ шығынға батуы – күнделікті көріп-біліп жүрген жайттар. Сондықтан да банктер агросектор десе ат тонын ала қашады. Ал Үкімет тарапынан жасалып отырған бюджеттік несиелендіру немесе субсидиялау шаралары шаруаларды толықтай қамти алып отырған жоқ. Мәселен, 2021 жылдың соңына, ауыл шаруашылығын субсидиялау тапшылығы 80 млрд теңге болды. Бұл проблеманы мемлекет қараша-желтоқсан айларында бюджеттен қосымша ақша бөліп, шешуге тырысқанымен, бұл тек жыртыққа жамау ғана болды.
«Бюджеттік несиелердің көлемі өте аз. Мысалы, Аграрлық несие корпорациясы арқылы жүзеге асырылатын көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға арналған «Кең дала» бағдарламасына жыл сайын 70 млрд теңге бөлінеді. Орташа есеппен 1 га-ға жұмсалатын шығындар 50 мыңнан жоғары, ал Қазақстандағы егістік алқабының көлемін ескерсек, онда егіс науқанын жүргізу үшін 700 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Бұл тұста өз қаражаты есебінен егіс науқанын жүргізетін шаруаларды ескергеннің өзінде, тек көктемгі дала жұмыстарына бюджеттік несие көлемі 300 млрд теңге шамасында болуы қажет», – дейді «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Жұлдызай Әубәкірова.
Жағдайды тығырықтан алып шығу үшін палата тарапынан көптеген ұсыныстар берілген. Мәселен, шаруалардың егінді сақтандыруын ынталандыру үшін әуелі сақтандырудағы сыйақы мөлшерлемесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту қажет. Әрі бұл мемлекеттік қолдау ұзақмерзімді, яғни 5 жылдан астам болуы тиіс. Әйтпесе, шаруалар сақтандыру тетігіне көп жүгінбейтіндіктен, осы мақсатқа қарастырылған қаражат жыл соңында кейін бюджетке қайтарылып жатады екен.
«Банктер үшін ауыл шаруашылығын қаржыландыруды кепілдендіру және сақтандыру жүйесінің тетіктері қолданылуы тиіс. Сол кезде ғана банктер қаржыландыруды арттырады. Бүгінде кепілдендіру мен сақтандыру жүйесі ауыл шаруашылығында аса дамымаған. Мәселен, 2021 жылы 150,6 мың га-ға 118 сақтандыру полисі жасалды. Бұл ретте жалпы дәнді және майлы дақылдар алқабы 22 млн га екенін ескерсек, сақтандырылған алқаптың үлесі небәрі 0,7% екенін аңғаруға болады. Заң бойынша, сақтандыру сомасындағы сыйлықақы мөлшерлемесінің 50%-ын мемлекет өтейді, яғни шаруаға қайтарып береді. Бірақ соның өзінде де шығындарының тізімі өте көп болғандықтан, шаруаларда сақтандыру үшін басы артық қаражат бола бермейді. Мал шаруашылығы саласы туралы да осыны айтуға болады», – дейді Жұлдызай Хамитқызы.
Мамандардың айтуынша, несиені кепілдендіру саясатын да жетілдіре түсу қажет. Өйткені ауылдағы кепілге берілетін мүліктердің өтімділігі төмен немесе мүлдем өтімді емес. Сондықтан да оларды қаржы ұйымдары көп ретте кепілге алмайды. Сондықтан да кепілдік беруді «Даму» АҚ толықтай өз мойнына алуы тиіс. Бүгінде мұндай механизм ішінара ғана жүзеге асырылады. Мәселен, «БЖК-2025» бағдарламасы бойынша ЕДБ қаржыландыратын несиелерге кепілдік, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кепілдік және «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілген шағын қарыздарға кепілдік. Сондықтан да «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Даму» АҚ-ның кепілдік беру тетігін микрокредиттер бойынша, соның ішінде меншікті және тартылған қаражат есебінен берілген шағын несиелерге қолдануды ұсынып отыр. Сондай-ақ ол белгілі бір бағдарламаларға негізделмеген, жаппай барлық несие түрлеріне қолданылуы тиіс.