«Алым-салықты арттыру агросекторды дамытпайды» – Сырым Ертаев
«Алым-салықты арттыру агросекторды дамытпайды» – Сырым Ертаев
230
оқылды

Бүгінде Үкімет ауыл шаруа­шы­лығы саласына «береген қолым – алаған» ұстанымын танытып отыр­­ғанға ұқсайды. Себебі ша­руаларға субсидия бергенімен, оған салы­на­тын салық бар және ше­телден әке­летін техникаға ути­лиза­циялық алым енгізіп қойған. Ол аз болған­дай, енді экспортқа квота енгізу бас­тамасы көтерілді. Біз Мәжі­ліс­тегі «Nur Otan» фракциясының де­пу­таты Сырым Ертаевты осы мә­се­ле­лер төңі­регінде әңгімеге тартып көрдік.

– Сырым Махамбетұлы, қазір өзекті болып тұрған аграрлық сектордағы фер­мер­лердің мәселелері жөнінде не айта­сыз? Мысалы, экспортқа тірі малды шы­ғаруға тыйым және субсидияға салық салу де­геніміз ақылға қонымды шешім бе? – Елімізде ауыл шаруашылығын да­мыту үшін үлкен қолдау шаралары жүріп жатыр. Мысалы, 2010-2020 жыл­дар ара­лығында мал шаруашылығын дамытуға 700 миллиард теңге субсидия бөлінді. Бір жағынан қолдаймыз, екін­шіден, өзіңіз айтқан салық салу мә­се­лесі тұр. Шаруа­лардың бәрі суб­сидия алғаннан кейін сол алған субсидиясы табыс ретінде қаралып, оларға салық салынады. Сайлауалды бағдарламаны таныстырып жүрген кезде ша­руалардың өзі бізге «Үкімет субси­дияны бір қолы­мен беріп, екінші қолымен табыс салы­ғы ретінде қайтарып алма­сыншы» де­ген өтініш айтқан еді. Тек ауыл ша­­­руа­­шылығына ғана емес, еліміздегі кә­сіп­керлердің барлығына несие алғанда, 7-10 пайыздық мөлшерлемесін мемлекет төлеп береді. Содан кейін олардан заң бойынша қайтадан табыс ретінде салық алынады. Қазір кәсіп­керлерге, шаруа­ларға берілген қаржы әлгіндей табыс салығына ілінбесе деген мәселені көтеріп, жұмыс істеп отырмыз. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көптеген шаруаның экспортқа тірі малды жөнелтіп жатқаны назарға алынды. Оны неге өңдеп жібермейміз деп. Дұрыс, шикізатты өңдеу жағы да қарастырылып жатыр. Бірақ біздегі ет комбинаттарына мамандардың жетіс­пеушілігі салдарынан ішкі өніміміз мол сұранысқа ие бола ал­май тұр. Сол себепті көрші елдер тірі мал­ға сұра­нысты арттырғанымен, Қазақ­станнан аналық түліктердің шығуына шектеу қойылды. Енді олардың өз елі­мізде өңделетін жемшөпке семірген төлдері ғана шығарылса, ол жақсы, әрине. Әзірге ол шектеу алынып тас­талды. Қазір қайта қаралып жатыр. – Шаруаларды салық шаршатып отырғанда енді квота енгізу бастамасы көтерілді емес пе? – Иә, бұдан былай квота мәселесі енгізіледі деп отыр. Оған көп адам қарсы. Мен де құптамаймын. Мысалы, біраз кәсіпкер малын Қазақстанның ішінде ғана сатқанды жақсы көреді. Шетелге шығаруға тәжірибесі жетпейді. Ал кей кәсіпкерлер семіз малды тірілей, үлкен ауқымда сыртқа шығаруға үй­ренген. Ол әрекет ауыл шаруа­шы­лығы, ветеринария саласындағы қа­дағалауы қатаң халықара­лық талаптарға сай келеді. Енді квота бойынша малдың 50 пайызын Қазақ­станда, 50 пайызын шетелге сатасың де­сек, ол жағы шаруа­ларға тиімсіз болғалы тұр. Шаруа өзінің жұмысын дөңгелетіп әкетіп жатқан кезде оған кедергі жасамай, қолдауымыз керек. Мысалы, ет, сүт, бидай қымбаттап кетті деп бәріне шектеу қоя бермейміз ғой. Сол сияқты кәсіпкердің дамуы үшін оған нарық қажет. Олар өзге елдерге шыға алғанда ғана еліміздің аграрлық секторы экономиканың үлкен драйверіне айналуы мүмкін. Бұл ретте неге қажылық сапар басталғанда құрбандық үшін біздің қойларды шы­ғармасқа? Қаншама турист баратын, өзінің де 80-85 миллион халқы бар Түркия еліне неге жібермеске? Ол елдерге малды тірілей ғана кіргізуге рұқсат. Еттей кір­гізуге шектеу қойылған. Сондықтан да біз­д­е қой шаруашылығымен айна­лысатын өңірлерге жылына 20-30 мың бастан шығаруға шарт қойылса, дұрыс болар еді. Мысалы, Өзбекстанда кейде тірі малдан гөрі шекарасына еттей кірген өнімнің са­лығын арттырып қояды. Әлемде осындай экономикалық тартыстар болып жатқанда біздің малды экспортқа тірілей де, сойып та шы­ғаруымыз керек-ақ. – Сіз өндірістік бағдарлама бойынша 10 жыл бойы өзгеріссіз келе жатқан 1,8 мил­лиард теңге несиені 5 миллиардқа дейін көбейтіп, шаруаларға 12 айға емес, 60 айға дейін берсін деген мәселе кө­тердіңіз. Бұл ұсыныс қолдау табады деп ойлайсыз ба? – Оны 5 миллиардқа көбейту керек деген себебіміз өндірістік бағдарлама бойынша «Даму» қорынан 1 миллиард 850 миллион теңге өндіріске беріледі. Егер сіз ет, сүт, тері және басқа да тауар өңдеп шығаратын болсаңыз, оған бө­лінетін несие шектеулі. Айталық, «Nur Otan» партиясының бағдарламасында тауар экспорттарын шикізаттық емес, өңделген күйінде 2 есеге арттыру жос­пары бар. Ол үшін арнайы Жол картасы әзірленді. Соны қадағалап, қарап отыр­мыз. Ал өндіріс саласының лимитін аз етіп қойсақ, ол мақсатқа қалай жетеміз? Қазір тауар өндіретін сапалы құрал-жабдық, техникаларға Еуропаға тапсырыс берсеңіз, еуромен, доллармен сатып аласыз. Ал біздің елде еуро мен доллар қымбат. Сонда біз бүкіл нәрсеге көмек­тесіп келеміз де, «Даму» қорының не­сиесін 1 миллиард 850 миллион теңгемен қалдыра саламыз. Енді соны 5 миллиард теңгеге дейін көтерсек, ауқымды-ау­қымды өндіріс ошақтары ашылып, олар­дың өндірген тауарларын экспортқа көптеп шығарып, партиямыз бекіткен 5 жылдық бағдарламаны іске асырар едік. Сосын біз екінші деңгейлі банктерге кәсіпкердің «басын игізіп» қоймау мә­селесін көтеріп отырмыз. Өйткені олар кәсіпкер несиесін жабатын кезде одан қыруар комиссия ұстайды. Ол дегеніңіз – қып-қызыл шығын! Әсіресе, қазіргі пандемия кезінде айналымдағы тауар­лар уақытында жүрмей қалады. Осы жағын да ескеру керек. – Алайда Үкімет «ҚазАгро» холдин­гінен берілген қаншама миллиардтаған қаржыны дұрыс жұмсай алмаған кәсіпкерлердің жерін, өндірісін кепілге алып, оны не өздері игермей, не өзгеге бермей, ұстап отыр ғой. Ол жөнінде не айтасыз? – Үкімет ол ауыл шаруашылығы жерлері мен өндірістерін пайдалану­шылар үшін сатылымға қойып отыр. Көбі уақы­тында қымбат бағаланып, өтпей қалған. Алдағы уақытта осы мәселені Үкі­метке депутаттық сауал ретінде жол­даймыз. Енді оларды қазіргі нарықтық бағамен белгілеп, сосын тәжірибелі кәсіпкерлерге 10 жылға жалға беру жағын қарастырып отырмыз. – Шындап келгенде, біз қазір ет, сүт, жүн, тері өндірісі кенжелеп қалған елміз ғой. Неге төрт түлік өнімін қалдықсыз пайдалану ісі бір жүйеге түспей тұр? – Өйткені осыдан 20 жыл бұрын ауыл шаруашылығы тауары өнімдеріне жоғары сұраныс болмады. Елдің әл-ауқаты өте төмен еді. 90 жылдары да, 2000 жылдары да еттен терінің қымбат болған кездерін көрдік. Себебі теріні шикізат күйінде ше­тел­дерге сатып отырдық. Одан кейін сүт өндірісінен бастап ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге мемлекеттік қол­даулар 2010 жылдан былай қарай өріс ала бастады. Министрлер ауысқан сайын бағ­дарламалар да өзгеріп жатты. Ал бағ­дарлама өзгерген сайын фермерлер де қай жолмен жүру керегінен шатасып, кейде Үкіметке сенімсіздік білдіріп жатады. Біз өндіріс орындарын аралап, өзі­міздің сайлаушыларымызбен кездескен кезде қазіргі сұранысқа ие нәрселер ғана дамып жатқанын көрдік. Мысалы, те­рілерді сыртқа шығаруға шектеу қойып, өз ішімізде өндіреміз дегенде оның құны бірден арзандап кетті. Өйткені теріні өң­деп, одан киім тігетін жергілікті кәсіп­кер­лер жоғары сапада нәтиже көрсете алмады. Тері көп бол­ғанымен, олардан киім, аяқкиім тігу орталықтары аз болды деп есептеймін. Ал даму мәселесі сұра­нысқа байла­нысты. Тұрақты түрде дамып, бәсеке­лестікке ие болу үшін ет, сүт, жүн, тері өндірістеріне де шектеу қойыла бермеуі керек. Сұраныс болса, ұсыныс көбейеді. Айталық, соңғы 2 жылда бидай, арпа, жүгері сияқты өнімдерді шаруалар өте қымбат бағаға сата алды. Содан кейін жұрт жерді игеру ісіне білек түре кірісіп, ауқымды түрде жұмыс істей бастады. Жер іздеп, техникаларын жаңарта түсті. Техника демекші, оларды шетелден алып келуге де утилизациялық алым қойғанымыз дұрыс емес. Комбайн, тракторлардың өз құнынан 15-20 пайыз қымбатқа шығып кететіні шаруаларға өте ауыр тиіп отыр. Яғни, мемлекет техника үшін бір жағынан 20-25 пайыз субсидия береді, екінші жағынан утилизациялық алым алады. Үкімет осы жағына да назар аударса деп ой­лаймын. Демек, ауыл шаруашылығына көмек қарастырылды ма, соны дұрыс­тап беруіміз керек. Бір қолмен беріп, екінші қолмен тартып алатын болсақ, ол – бір-бірімізді алдау. Соның салда­ры­нан өзіміздің аграрлық сектор дамы­май қалуы мүмкін. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕН