Барыс жылы басталған «Қаңтар қасыретінің» тууына не себеп? «Бардан жоқ болмайды, жоқтан бар болмайды» деген әйгілі тәмсілге арқа сүйейсің. Еліміздің еңсесін түсіріп, әлеуметті әбіржіткен дүрбелеңнің түбі қайда?
Осындайда баяғы бабаларымыздың ертегісі еске түседі. Не деуші еді? Жеті басты айдаһар өзенді бөгеп, етектегі елге су жібермейді. «Күн сайын бір қыз беріп тұрмасаңдар, су ағызбаймын!» дейді. Айдаһардың шарты солай. Бүгінгі тілмен түсіндірсек-түбінде жемқорлық жатыр. Бұған ел көне ме? Бір батыр жігіт аузы кең албастымен жеті күн шайқасып, жеті басты жемқорды жер жастандырады.
Айтар ойымыздың астарын түсінген шығарсыз. Қаңтар қырғынынан кейін жеті басты жалмауыздардың бірінен соң бірі бастары алынып жатты. Әңгімені әріге созбай есімдері елге белгілі айтулы тұлғалардың ой-пайымдарына құлақ түрейік. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Елдаулетовтің түйініне ден қояйық.
-Жаңаөзеннің жанкешті бейнетқорлары бастаған бейбіт шеру бүкіл республикаға қанат жайды. Бейбіт шеру ереуілге ұласа бергенде, Президент өзі араласып, олардың орынды талабын орындап бергені сол-ақ, тұтқиылдан арам пиғылды арандатушылар мен кірме лаңкестер килігіп, аяғы қырқыс пен қырғынға айналды. Ғимараттар мен телестудиялар, мұражайлар мен сауда орындары, банкоматтар талқандалып, тоналып, миларын марту меңдеген мародерлер майданға шықты.
Отыз жылда орда бұзылды. Азаттықтың ақ бесігі ару Алматы өртке оранды. Өрт ошағы Қазақстанның тұс-тұсынан бұрқырады. Елімізге қашан, қалай кіргені белгісіз, басынан бақайшағына дейін қаруланған шетелдік қаныпезерлер, діни экстремистер мен радикалдар онсыз да ереуілдеп алаңға шыққан үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген жастарды адастырып, арандатып, қаруландырып, еліктіріп, ертіп алып, Алматыда ат ойнатып бақты. Мың жылдық асыл шаһардың барлық маңызды нысандары талқандалып, өртелді, тоналды. Кім бейбіт шеруші, кім содыр, кім бүлікші, кім лаңкес, кім айтақтаушы, кім сақшы – аласапыранда мидай араласып, ажырату мүмкін болмады. Көршісінің өртеніп жатқан үйіне келіп, сөндірісудің орнына сойған қойының сирағын үйтіп алмақ болған пайдакүнемдердің қараусыз қалған дүкендерді тонаған тоғышар әрекетіне не деуге болады? Аштық? Жоқшылық? Зәрулік? Қаскүнемдік?
Бұл жерде «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген ата сөзін аттандаған жастардың санасына сіңіре алмаған аға буын - біз де кінәліміз.
Дүкендер сөрелерінен барлық бағалы заттар мен оргтехниканы, смартфондар мен гаджеттерді, ноутбуктер мен ұялы телефондарды «ханталапайлап» қидай сыпырып, талан-тараж жасап, үптеп кеткен тонаушылар жолында тұрған кітап дүкендеріне тиіспепті.
Оны әркім әр саққа жүгіртуде.
Аласапыранда тәртіп сақшыларымен қоса бейбіт тұрғындар да оққа ұшты. Артында аңырап әулеттері қалды. Жүрегің жылап, қабырғаң қайысады.
Тәуелсіздігімізге қауіп төніп, тағдыры қылға ілінгені анық еді. Дүние жүзінің назары Қазақстанға ауып, шулап кетті.
Шешуші сәтте Президент Қ.Тоқаев батыл қимылдап, осы топалаңды тоқтата білді. Елде Төтенше жағдай жариялап, қандықол лаңкестерді қарумен ауыздықтады. Олар бірден беріле қойған жоқ, қарулы қақтығыстардың өзі бірнеше күнге созылды.
Мемлекет басшысы жалпыұлттық Аза тұту күнін жариялады. Қайғы-қасірет қаңтардың қар-мұзындай болып, көкіректерді қарып, әлі ерімей тұр. Көңілдерді торлаған сұрақтар жауап іздейді.
Жат жұрттық жалдамалы лаңкестерді елге кім кіргізді?
Оларды кім қаруландырды?
Мемлекеттің тәуелсіздігіне жауап беретін Ұлттық Қауіпсіздік комитеті, Қауіпсіздік кеңесі неге осының бәріне көзін жұмып қарап отырды?
Осыншама ойранға кім кінәлі? Қырғынға кім жазықты?
Қазір осы сұрақ ауада ілініп тұр.
Осы сұрақ жүректерді жегідей жеуде.
Егер түптің түбіне үңілетін болсақ – осы кесапаттың барлығы мемлекетіміздің тамырына түскен жемқорлықтың қара құртының кесірінен болды. Сол құрт әбден тойынып, кекірек атып, аузынан жалын шашқан аждаһаға айналып, енді киелі Тәуелсіздігімізге ауыз салып, азуға салып көрді. Қалың жұрттың ішінің қазандай қайнап, қаны қараюы – сол жемқор жүйеден туындаған әлеуметтік теңсіздіктен болды. Халықты, жастарды ашындырған – тұралатқан кедейшілік, болашақтың бұлдырлығы, өз жерінде өгейлік көруі, билік иелерінің табанының тайғақтығы, бұқарамен санаспауы, құқық қорғау орындарының «шаш ал десе бас алатын» ұшқары, заңсыз қылықтарының заңдылыққа айналуы, т.б.
Мемлекет басшысының опасыз басшылардың кесірінен қауқарсыз қалған Қауіпсіздік саласын қайта құруға кірісіп, Үкіметті қайта жасақтап, өміршең де өзекті, батыл да шұғыл 10 тапсырма беруі, сыбайлас жемқорлықтың кеңірдегінен алуы халықтың көкейінде келешекке деген үміт отын жақты.
Дегенмен, басында қолдарында қару болмай, лаңкестерге қарсы бас көтере алмай, қарсылық білдіріп, тойтарыс бере алмай қалған құқық қорғау орындары енді белсенділік көрсетіп, антитеррорлық операциялар барысында 10 мың адамды тұтқындады деп жатыр. Осы цифр көңілге күдік ұялатады. Олардың ішінде билікке әлеуметтік әділетсіздікті жоюды талап етіп қана шыққан бейбіт шерушілердің де аз болмауы мүмкін. Телеарналарда, әлеуметтік желілерде баласын жоғалтып, жылап-еңіреп іздеп жүрген ата-аналардың сұхбаттары жүр.
Әр тәртіпсіздіктің, бүліншіліктің ақырында кінәлілер мен айыптылар, қылмыскерлер жазаланатыны заңды. Бірақ қолға түскендердің бәрі қылмыскер ме? Көпке ілесіп көшеге шыққандарды да ұстап әкеткен фактілер аз емес! Ендеше ақ-қарасын ажыратады деп біз сеніп отырған заң орындаушылары «шаш ал десе бас алып» жатқан жоқ па? «Асыра сілтеу болмасын!» деген ескі ұран бүгін қайта күшіне енген сияқты ма, қалай?.. Атың өшкір 37-жылдың елесі кезіп жүргендей!.. Мемлекет басшысы осыған жібермеуі керек!
...Аламан бәйгеде төртінші келген аттың иесі: «Қап, әттегене-ай, алдыңғы үш ат болмағанда біздің ат бірінші келетін еді-ау?!» деп санын соқса керек. Сосын «Нешауа, сонда да алдыңғы қатардағы аттардың ішіндеміз!» деп желпініпті.
«Отыз болмаса да, экономикасы дамыған елу елдің ішінен көрінеміз!» деп құрғақ ұранға құмартқандар туралы Философия ғылымдарының докторы, профессор, Амангелді Айталының айтқан сөзінде де жан бар.
– Мемлекетіміз 30 жыл бойы татулық, келісім бағытында дамып келді. Біз, тіпті елімізде осындай дау-дамай болады деп ойламадық. Бірақ философтардың айтуынша, осы мамыражай жағдайда, тыныштыққа көзге көрінбейтін кемшіліктер жинала келіп бір сәтте бұрқ ете түседі. Елімізде туған жанжалдардың түпкі себебі халықтың тұрмыс-жағдайының төмендеуі мен әлеуметтік саясатты ақсатып алғанымызда...
Кешегі бұрқ еткен жанжал халықтың сыртқа шыққан өкпе-назы десе болады. Халықты үнемі идеялармен асырай беруге болмайды. Мәселен, озық 50 мемлекеттің қатарына қосыламыз дедік, ал қосылайық. Бірақ баспасөзде алдыңғы елулікке енген мемлекеттер табысқа қандай жолдармен жетті деген мәселе айтылмады. Одан бұрын 30 елдің қатарына қосыламыз деген ұран болды. Сол кезде 30 ел туралы әдебиеттен көп іздедім. Айта кету керек, осы 30 елдің 27-сі- Еуропа, ал 3-еуі- Азия елдері. Соның бірі- Малайзия мемлекеті. Осы Малайзияның қатарына қалай жетеміз деген сұрақ ашық қойылған жоқ. Халыққа ашық әңгіме айтылмады. Ұрандатып жүргенімізде әлеуметтік жағдайымыз біраз әлсіреді...
Біз қазір әлемде білім саласы бойынша 30 елді былай қойғанда, 50 елдің де қатарында емеспіз, 57-ші орындамыз. Бұл- үлкен мәселе. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыни көзқарастарға түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Өкінішке қарай, адал ниетпен көшеге шыққан, қарны ашып, қадірі қашқан азаматтарымыздың алдын арам ниетті қарақшылар тобыры иеленіп кетті. Сұмдығы сол, елімізде тәртіп орната алмайтындай жағдайға келдік.
Тағы бір айта кететінім, қазіргі уақытта елімізде ресми дерек бойынша 500 мыңға жуық жұмыссыз бар. Бұл азаматтардың да өкпе-назы көп. Психологиялық тұрғыдан әлеуметтік өш алу сипаты басым деп айтуға болады. Егер де әр азаматтың дені сау, тұрақты табысы болса, баспанасы, көлігі болса, балалары білім алып жатса, онда ол көшеге шықпайды. Бұл анық нәрсе...
Бағзы замандағы бала Қожанасырды әкесі сүтке жұмсапты да:
– Қолыңдағы қыш құмыраны жерге құлатып сындырып алма! -деп шапалақтан бер періпті. Әйелі:
-Балаң әле сүтке де барған жоқ, неге ұрасың? -десе, жарықтық Қожекең:
-Құмыраны құлатып сүтті төгіп алғасын ұрдың не, ұрмадың не-бәрібір емес пе?-десе керек. Сол сияқты, болары болды. Құлайтын құмыра құлады, бірақ сынған жоқ. Бірақ абыройымыз айрандай төгілді. Шапалақ жейтіндер шапалақ жей бастады. Одан не қайыр? Шапалақты әу баста беру керек пе еді?
Жақында өткен кәсіпкерлер жиынында «Қазақстанның жарты байлығы 162 адамның қолында» деген мәліметті естігенде жағасын ұстамаған жан жоқ шығар. Байлық бақыт па?
Ертеде испандықтар Канаданы жаулап алып, халық санағын жүргізгенде 14 миллион үндістер бар екен. Қайсыбір жылы халық санағын қайта жүргізгенде 800 мың ғана үндістер қалған екен. Сол азғантай үндістердін ішінен бір миллиардер бай шығыпты. Одан «Сіз әлемге әйгілі байсыз. Байлық-бақыт па? Өзіңізді бақыттымын деп ойлайсыз ба?» деп сұрағанда, ол «Бүкіл жинаған байлығымды елімнің бір күндік тәуелсіздігіне айырбастар едім» деп жауап беріпті. Міне, байлық деген не?