Қазір техникалық білім беру мәселесі ел дамуының негізгі тетіктерінің біріне айналып отыр.
Жаңа буын инженері: білім, тәрбие және жауапкершілік
83
оқылды

Әлем күн сайын өзгеріп, жаңа технологиялар мен тың шешімдер алдыңғы қатарға шыққан сайын, инженерлік мамандықтардың маңызы арта түсуде. Дегенмен мәселе тек білім беру көлемінде емес, оның мазмұны мен мәнінде жатыр. Ең басты сұрақ – біз қандай инженерді тәрбиелеп жатырмыз? Уақыт талабы тек формулаларды меңгерген немесе технологияны қолдана білетін маманды ғана емес, кең ойлайтын, сараптай алатын, батыл шешім қабылдайтын, өз әрекетінің салдарын терең түсінетін әрі ел алдындағы жауапкершілігін сезінетін тұлғаны қажет етеді.

Осы биік талап үдесінен шығу жолында Сәтбаев университеті жаңа буын инженерлерін даярлауды өзінің басты стратегиялық бағыты ретінде айқындап отыр. Университет басшылығы әрбір студенттің тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарап, олардың сапалы білім алуына ғана емес, жан-жақты дамуына жағдай жасауды басты назарда ұстайды. Бүгінде оқу орнында 14 мыңнан астам студент білім алуда. Бұл  әртүрлі әлеуметтік ортадан келген, түрлі мақсат пен арманды ұстанған жастардың үлкен қауымы. Осындай ауқымды студенттік ортада әр жасқа өзін дамытуға, қабілетін ашуға толық мүмкіндік жасалған.

Бұл жерде «білім аламын» деген жасқа мүмкіндік жеткілікті. Ең бастысы – талап, еңбек және мақсатқа деген айқын ұмтылыс. Осындай ортада білім алған жас өзінің болашағына сеніммен қарап қана қоймай, ата-анасының үмітін ақтайтын азамат болып қалыптасады.

Бүгінде білім мен тәрбие мәселесін бөліп қарау мүмкін емес. Университет қабырғасы тек кәсіби дағды беретін орын ғана емес, ол тұлға қалыптастыратын орта. Сондықтан мұнда тәрбие үдерісі оқу жүйесінің өзегіне айналған. «Заң және тәртіп», «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт», «Адал азамат», «Таза Қазақ­стан» сияқты қағидаттар студенттердің күнделікті өмірлік ұстанымына айналып келеді. Бұл – ұлы Абай негіздеген «толық адам» тұжырымдамасының бүгінгі замандағы жалғасы. Яғни, мақсат тек білімді маман дайындау емес, ар-ожданды, әділ, еңбек­сүйгіш, елге қызмет етуді парыз санайтын азамат қалыптастыру.

Тәрбие сөзбен емес, нақты әрекет арқылы жүзеге асады. Осы қағиданы берік ұстанған оқу орнында студенттер университет өмірінің белсенді мүшесіне айналған. Студенттік өзін-өзі басқару жүйесі соның айқын дәлелі. Жастар оқу орнының қоғамдық өміріне араласып, маңызды шешімдер қабылдауға қатысып, бастама көтеріп, жауапкершілік алуды үйренеді. Бұл олардың тек кәсіби емес, азаматтық тұрғыдан да қалыптасуына жол ашатын маңызды тәжірибе.

Қазіргі университет ашық әрі серпінді дамитын орта. Сәтбаев университеті ха­лықаралық білім кеңістігімен тығыз байланыс орнатып, студенттерге әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл тек академиялық ұтқырлық емес, бұл  жаңа ойлау көкжиегі, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын орта. Әлемдік деңгейдегі білім мен тәжірибе қазақстандық жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың жаһандық деңгейде ойлауына ықпал етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жастардың ғылымға, инно­вацияға және цифрлық технологияларға деген қызығушылығының артып келе жатқанын ерекше атап өткен болатын. Бұл ел болашағының жарқын екенінің нақты көрінісі. Ал сол жастардың әлеуетін толық ашу – білім беру ұйымдарының, оның ішінде университеттердің басты міндеті.

Ұлттық дәстүр және заманауи талап

Бұл ұстаным ұлттық ғылыми дәстүрімізбен де сабақтас. Қаныш Сәтбаев жас геологтарға: «Кең білімді адам болу керек, тек өз маман­­дығыңның тар шеңберімен шектеліп қал­ма», – деген еді. Бүгін бұл қағида бұрынғыдан да өзекті. Қазіргі инженер тек өз саласын ғана емес, кеңінен ойлай алуға тиіс. Сонда ғана ол жаңа шешімдер таба алады.

2024-2029 жылдарға арналған инженерлік білім беруді дамыту тұжырымдамасында, Ғылым және жоғары білім министрлігінің жұмыс тобы әзірлеген құжатта, коммуникация, командалық жұмыс, көшбасшылық, сыни ойлау, жобаларды басқару, эмоционалдық интеллект, этика мен кәсібилік секілді жұмсақ дағдыларды (Soft skills) дамытуға ай­рықша мән берілген. Өйткені дәл осы қабі­леттер инженер мамандарға көпсалалы ортада еркін бағдар тауып, өз ісінің нағыз шебері ретінде қалыптасуына жол ашады.

Сондықтан бүгінгі университет – тек білім беретін орын ғана емес, ол – жас ұрпақтың болмысын қалыптастырып, тұлғалық дамуына бағыт беретін маңызды рухани орта.

Университет  бұл тек білім беретін орын емес, бұл – мінез қалыптастыратын орта. Осы тұрғыда оқу орнында ашылған ArtLab шығармашылық кеңістігі ерекше рөл атқа­рады. ArtLab студенттердің креативті ойлауын дамытып қана қоймай, олардың жаңа идея ұсыну, командада жұмыс істеу, заманауи коммуникация құралдарын тиімді пайдалану қабілеттерін қалыптастырады. Мұнда түрлі жобалар, көрмелер, эксперименттік бастама­лар жүзеге асырылып, студенттердің шығар­машылық әлеуеті нақты нәтижеге айналады.

Сонымен қатар университетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар мен стартаптар жастарды нақты нәтижеге жұмыс істеуге үйретеді. Өндірістік тәжірибе кәсіби жауапкершілікті қалыптастырып, теориялық білімді практикамен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Ал Ақсақалдар алқасы – тәрбие жүйесінің маңызды бөлігі. Аға буынның тәжірибесі мен өмірлік ұстанымы жастарға бағыт береді. Бұл  – сабақтастық, бұл  – рухани тірек, бұл  – ұрпақтар арасындағы алтын көпір.

Қамқорлық – мүмкіндікке жол

Студенттің толық дамуы үшін оның әлеуметтік жағдайы да маңызды. Осыны ескерген университет әлеуметтік қолдау жүйесін жүйелі түрде дамытып келеді. Бүгінде оқу орнында 14 мыңнан астам студент білім алса, олардың елеулі бөлігі түрлі әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған.

Әлеуметтік санаттағы жастарға қаржылай көмек, жатақхана, оқу ақысына жеңілдіктер қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі сту­денттерге қосымша шәкіртақы беріледі. Сонымен қатар көптеген студент гранттар мен жеңілдіктерге ие болып, білім алу мүм­кіндігін кеңейтуде. Бұл – жай көмек емес, бұл – тең мүмкіндік.

Университет жанынан ашылған Almaty Clinic емханасы студенттерге тегін медициналық қызмет көрсетеді. Бұл орталықта тек ем-дом ғана емес, профилактикалық тексерулер, денсаулықты нығайту шаралары және психологиялық қолдау қызметі де жүйелі түрде жүргізіледі. Психологиялық қолдау жүйесінің жұмыс істеуі  студенттердің эмоционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі.

Биыл ғана жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қолдауының арқасында 590 студентке оқу ақысын төлеуге нақты көмек көрсетілді. Бұл –  білімге қолжетімді­лікті арттыруға бағытталған нақты әрі нәтижелі қадам.

Осындай жан-жақты қолдаудың нәти­жесінде студенттер өз күшіне сеніп, алға ұмтылады. Ал ата-аналар баласының дұрыс таңдау жасағанына, оның болашағы сенімді қолда екеніне көз жеткізеді. Бұл – білім ордасына деген сенімнің артуы, бұл – ел болашағына деген сенім.

Бүгінде инженер даярлау тек кәсіби білім берумен шектелмейді. Бұл – ойлау мәдениетін қалыптастыру, жауапкершілік сезімін орнықтыру және қоғамға қызмет етуге дайын азамат тәрбиелеу. Сәтбаев университеті осы міндетті жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Университеттегі білім беру мен тәрбие үдерісі өзара тығыз байланысып, студенттің кәсіби әрі тұлғалық дамуын қатар қамтамасыз етеді.

Осындай ортада қалыптасқан түлек – тек өз ісін жетік меңгерген маман ғана емес, ел дамуына үлес қосуға дайын, саналы, парасатты азамат. Сондықтан бүгінгі университет тек білім беретін орын емес, ол ұлт болашағын қалыптастыратын, ел ертеңіне қызмет ететін маңызды институт.

Сапар ШАЛАБАЕВ,

Сәтбаев университетінің әкімшілік,

әлеуметтік және тәрбие жұмысы

жөніндегі проректоры