Кентау даласының емес, қаласының тұрғындары, тұрғындары болғанда, көп балалы аналар әкімшілік ғимараты алдына жиналды. Күзетшілер ашулы, аналарды кеудесінен итеріп:
– Шуламаңыздар, әкімнен ұят болады! ‒деді.
– Сол ұятсыз әкіміңді шақыр, алдымызға шықсын,‒деді баласын емізіп тұрған келіншек.
– Кабинетінде кофе ішіп отыр, – деп кекетті күзетші.
– Шақыр!
Кешікпей, әкім емс, әкімшілітің бір шенеунігі шықты.
– Сәлеметсіздер ме, Құда-құдағилар? Төрге озғандарыңыз құтты болсын! Денсаулықтарыңыз мықты болсын! Аспанымыз ашық болсын, күйеулеріңіз өздеріңізге өлердей ғашық болсын! ‒ деді де, ой, кешіріңіздер, жәйша жүрсіздер ме? ‒ деді.
– Әй, тамада сияқты тақылдай берме, деді көп балалы аналардың бірі,‒Тойғанымыздан емес, тоңғанымыздан келіп тұрмыз! Сендер берген көп қабатты үйлердің жылуы жоқ, балаларымыз ауру, өзіміз тоңғандықтан, жынды адамдай билей береміз, билей береміз.
– Үйлеріңіз жоба бойынша газбен жылынатындай етіп салынған. Сондықтан, шыдаңыздар.
– Үй түгілі, Кентау қаласына газ да келмеген, соны ойламадыңыздар ма?
– Өздеріңіз ғой, дәл осылай әкімшілік алдында келіп, шулай берген соң, «құлағымыз тыныш болсын» деп бере салдық.
– Енді не істейміз? Электр пештері автоматты көтере алмай, «тық» етіп, өшіп қала береді. Жарытып жылытпайды да. Тоқты көп айналдыратыны да бар.
– Көреміз ғой. Жазға дейін шыдасаңыздаршы! Жазда күн жылиды.
– Үйбай, арғы жылы ше?
– Газ келіп қалар...
– Оңбағансыңдар!
– Ия, обшым оңбаймыз, бірақ біз сіздер сияқты тоңбаймыз! ‒деген шенеунік шіреніп, кетіп қалды. Көп балалы аналардың бірі ән бастады:
Газы жоқ үйлерде секеңдейміз,
Жылу берсе тезірек екен дейміз,
Тоңбайтын, мұхиттағы тюленбіз бе?
Тіземізді құшақтап, дірілдейміз!
Осы кезде барлық аналар қайырмасына қосылды:
Үйбай, ай, үйбай‒ай,
Ищай‒ай, ищай‒ай!
Суықты қалай көтереміз,
Бәріміз де жөтелеміз!
Өхе, өхе, өхе!
Халық қамын ертерек ойлаңыздар,
Сосын барып, жылуды тойлаңыздар,
Газы жоқ қала, ой Алла, елден ұят,
Тереңіне халықтың, бойлаңыздар!
Үйбай‒ай,үйбай‒ай,
Ищай‒ай, ищай‒ай,
Суықты қалай көтереміз?
Бәріміз де жөтелеміз,
Өхе‒хе, өхе, өхе!
Бағанағы шенеунік шығып, біраз ән тыңдап тұрды да, қолын бір сілтеп, кетіп қалды. Бірақ, тағы бір көп балалы ана ән бастады:
Киім киіп әшейін, жалтыраймыз,
Жылуы жоқ пәтерде қалтыраймыз,
Балалар шеттерінен ауру‒сырқау,
Оларды енді қайтіп асыраймыз?
Дірілдейміз, дірілдейміз,
Дірілдейміз, дірілдейміз,
Жылу қашан келеді?
Дірілдейміз, дірілдейміз!
Демеңіздер, бекерге бөсесіңдер,
Демеңіздер, Үндістанға көшесіңдер,
Жағдайын жасаңыздар, халықтың да,
Сонда ғана, қызметте өсесіңдер!
Дірілдейміз, дірілдейміз,
Дірілдейміз, дірілдейміз,
Жылу қашан келеді?
Дірілдейміз, дірілдейміз!
Баяғы шенеунікпен бірге басқа да қызметкерлер далаға шығып, ұзақ қол шапалақтады. Не үшін? Шындығында, дәл осындай сценарий болмаса да, Кентаудағы жаңа берілген бірнеше үй тұрғындарының суықтан секіріп жүргендері шылқылдаған шындық...