Қуаңшылық пен қымбатшылықтан қысылған маңғыстаулықтар бейбіт шеруге шықпақ
Қуаңшылық пен қымбатшылықтан қысылған маңғыстаулықтар бейбіт шеруге шықпақ
255
оқылды

Маңғыстаулық шаруалар көтерем болып жатқан малды көруге ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев пен премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың өзі келсін деген талап қойды. Сөздерінше, шаруа қожалықтарында мәселе шаш етектен асады әрі шұғыл әрекетті талап етеді. Сондықтан биліктегілер бір уақыт кабинеттерінен шығып, ауылдарды аралап, көзбен көргені дұрыс деп есептейді, - деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

Сондай-ақ, қуаңшылық пен қымбатшылық жандарын қысқан азаматтар енді бейбіт шеруге шықпақ. Осы жоспарларын жеткізбек ниетте бір топ шаруа облыс әкімі Нұрлан Ноғаевты іздеп барды. Алайда бұл жолы да әкім мырзаны әкімдіктен таба алмады. Маңғыстаулық шаруалар облыс әкіміне бейбіт шеру өткізбек екендерін айтуға барған. Қуаңшылық пен қымбатшылық қысқан қазіргі уақытта күн көру қиындап кетті, дейді олар. Тым болмаса қыстан төрт түлікті аман алып шығу үшін екі ай уақытқа мал азығын арзандатсын деп талап қойып отыр. Бір жыл бойы бүкіл малын қорада бағып келген азаматтар айына кем дегенде жарты миллионнан астам қаражатқа азық аламыз, дейді. Осы уақытқа дейін естір құлақ таппадық деген шаруалар енді мәселелерін бейбіт шеруде ел еститіндей етіп көтермек.
"Жаздан бері малдарымызды жемдеп жатырмыз, шөп беріп жатырмыз. Ақшамыз таусылып әкімшіліктен көмек сұрап келіп тұрған жайымыз бар. Малдарымыздың бір жағы төлдерін қазірдің өзінде күніне жеткізбей тастап жатыр", – деді шаруа Киікбай Өтетілеуов. "Қазіргі таңда мал азығының құны өте қымбат. Ол мал шаруашылығымен күн көріп отырған шаруаларға аса қиындық тигізіп отыр. Бір жыл болды малымызды жем-шөпті қолдан сатып алып қорада бағып отырмыз. Енді қыстан шығып кететін екі айға жеңілдетілген бағамен көмек жасаса екен. Біздің сұрайтынымыз сол", - деді шаруа Әділбек Сағындық.
200-дей шаруаның мұңын жеткізуге келген бір топ азамат әкімдіктен Нұрлан Ноғаевты таба алмады. Мал азығы арзандамаса, 2 ақпан күні бейбіт шеруге шығамыз деген шаруалар өтініштерін облыс әкімінің орынбасарына тапсырды. Шаруалар бір келі жем 50 теңге, бір түк шөп 500 теңге және орама шөп 8000 теңге болсын нақты талап қойды. Осы талаптар орындалған соң қуаңшылықтан қысылып, мал мен жанды әрең бағып отырған шаруалармен кездесуге ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен вице-премьер Роман Скляр келсін дейді.
"Бұл мәселе кеше министрлікке жеткізілді. Солтүстіктегі ұн комбинаттарымен, кебек шығаратын ұн комбинаттарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл жерде кесіп жем 50 теңге болады деп айта алмаймыз. Келіссөздер нәтижесі бойынша нақты баға белгіленетін болады", - деді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов.
Сондай-ақ, әкімдікте былтыр үкіметтен бөлінген қаражаттың игерілмеген 700 миллион теңгеге жуық ақшасы шаруаларға беріледі деді. Ал мал азығын тасымалдауға Қазақстан Темір Жолы жеңілдікті 1 сәуірге дейін ұзартқан. Сондай-ақ, биыл мал шаруашылығы субсидиясына 580 миллион теңге облыстық бюджеттен бөлінген.