ШҚО-да колледждің 16 жасар студентінен тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді, деп хабарлайды Алтайньюс.
Өңір аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыскерлердің жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы жүргізілуде.
«Шара басталғалы бері қаруды заңсыз алып жүру мен сақтаудың 10 фактісі анықталды. Мәселен, колледждердің бірінде оқитын 16 жастағы студенттен тегіс ұңғылы мылтық тәркіленген», - делінген ақпаратта.
Белгілі болғандай, ол 2021 жылдың қазан айында үйінің шатырынан қапқа оралған мылтықты тауып алған. Полицейлер әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында қаруды заңсыз сақтаған жасөспірімді анықтады. Студент өз аккаунтында мылтықпен түскен суретін жүктеп қойған. Сарапшының қорытындысына сәйкес, бұл атуға жарамды 12 калибрлі тегіс ұңғылы аңшылық мылтық. ІІМ БДБ базасына тіркелмеген.
Кәмелетке толмаған жасөспірімнің 37 жастағы анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.