Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды, – деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Ұлттық кеңестің құрамына жұртшылықтың жаңа өкілдері – Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры, Петропавл қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Сергей Худяков, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстина, белгілі қаржыгер Расул Рысмамбетов енді.
Ротация аясында Ұлттық кеңес құрамынан Александр Данилов, Лаура Демесінова, Абылай Мырзахметов және Асқар Омаров шығарылды.
"Ұлттық кеңес құрылғалы бері құрамының жартысы өзгертілді және оның жұмысына жаңадан 20-дан астам сарапшы мен қоғам белсенділері тартылды. Қазіргі уақытта Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жетінші отырысына дайындық жүргізілуде", – делінген хабарламада.