Полицейлер Nur-AvtoKz компаниясы басшысының орынбасарын ұстады
Полицейлер Nur-AvtoKz компаниясы басшысының орынбасарын ұстады
290
оқылды
Елордалық полицейлер алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген «Nur-AvtoKz» ЖШС директорының орынбасарын ұстады, – деп хабарлайды елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап полицияға елорданың 280-ге жуық тұрғыны Nur-AvtoKz компаниясының басшылығы олардың ақшасы мен көлігін алаяқтық жолмен иемденгені туралы өтінішпен жүгінген.
"Компания автокөліктерді сатамыз деген сылтаумен азаматтармен арада 45 жұмыс күні ішінде нарықтағыдан төмен бағамен көлік беру туралы келісімшарт жасаған. Клиенттерге келтірілген материалдық шығын 3 миллиард теңгеден асты" делінген хабарламада.
Нұр-Сұлтан полициясы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі "Алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Сотқа дейінгі тергеу барысында алаяқтық жасады деп айыпталған 35 жастағы ЖШС директоры 2021 жылдың қазанынан бастап тергеу органдарынан жасырынып жүрді. Оған іздеу жарияланды. Елордалық полицейлер айыпталушыны ұстады. Ол Ақтауда уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді полиция қызметкерлері.