Депозиттерін доллармен сақтап отыр
Депозиттерін доллармен сақтап отыр
222
оқылды
Қазақстандағы резиденттер депозиттік ұйымдарда 27,1 трлн теңгенің активін ұстап отыр. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, желтоқсан айында депозиттік ұйымдарда ұсталатын ақшаның көлемі 5,1%-ға ұлғайып, 27 трлн 101,6 млрд теңгеге жеткен. Яғни, жылдық өсім 22,7% деген сөз. Оның ішінде заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 13 трлн 836,6 млрд теңгеге дейін немесе 5,9%-ға өссе, жеке тұлғалардың депозиттері 13 трлн 264,9 млрд теңгеге дейін немесе 4,2% артқан. Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 17 трлн 337,5 млрд теңгеге дейін немесе 7,1% ұлғайса, шетел валютасында 9 трлн 764,1 млрд теңгеге дейін немесе 1,7% көбейген. Демек, депозиттердің 36,0%-ы доллармен сақталып отыр. 2020 жылғы желтоқсанда оның мөлшері 37,3% болған. «Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылғы желтоқсанда 8 трлн 629,3 млрд теңгеге дейін немесе 7,3% артқан. Шетел валютасында 5 207,3 млрд теңгеге дейін немесе 3,6% ұлғайды. Бұл – заңды тұлғаларға тиесілі  депозиттердің 37,6%-ы», – делінген Ұлттық банктің ресми сайтында. Ал жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 трлн 708,2 млрд теңге болса, шетел валютасында 4 трлн 556,7 млрд теңгеге азайды. Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 0,2%-ға ұлғайып, 17 трлн 896,2 млрд теңге болған. Оның ішінде ұлттық валютадағы салымдар 11 трлн 547,2 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар 6 349,0 млрд теңге болды.