174+18 миллиард
174+18 миллиард
386
оқылды
«БИПЭК Авто-Азия Авто» компаниялар тобы ди­рек­торлар кеңесінің бұ­рынғы төрағасы, 2021 жы­лы тер­геу­ден жасырынған адам ре­тінде Шығыс Қа­зақстан об­­лыс­тық Мем­ле­кеттік кіріс­тер депар­та­менті іздеу жа­­риялаған мил­лиардер Анатолий Балушкиннің Ре­сейдегі өміріне, отба­сына, он­дағы бизнестеріне, Қа­зақ­стан­нан алып кеткен миллиард­тарына қатысты тың мәлі­меттер жариялан­ды.

Балушкиндер бизнесі немесе 12 миллиардқа сатып алынған үйлер

«Выход к морю» Telegram ар­насының журналистік зерттеуінде кәсіпкердің 2015 жылы бұрын «АвтоВАЗ-ға» қараған Ресейдің Сібір аймағындағы бірнеше дил­лерлік орталықтарды басқаруға алғанын, алайда 2019 жылы елі­міздің Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі «Азия Авто» мемлекетке 174 млрд теңгені қайтаруы жөнінде талап қойғаннан кейін миллиардер Қа­зақстандағы активтерін Ресейдегі жақын адамдарына жаздыра бас­тағанын келтіреді. «Осы кезде «Азия Авто Сібір» ЖШҚ (жауап­кершілігі шектеулі қоғам) мен «Азия Авто Өскемен» ЖШҚ бі­ріктіріліп, «Азия Авто» ЖШҚ де­ген жаңа атау алады. Жаңа атау алып қана қойған жоқ, Омбының тумасы Роман Степанов компа­нияның жаңа құрылтайшысы болды. 2019 жылы «БИПЭК-Авто» АҚ «Азия Авто Өскемен» ЖШҚ-ның капиталын 100 есе өсіріп, 4,48 миллиард рубльге жет­кізді. 3 миллиард рубльге жуық ақша тікелей Қазақстаннан, бұдан бөлек 600 миллион рубль біріктірілген «Азия Авто Сібір» ЖШҚ-ынан түсті» деп жазады атын көрсетпеген зерттеу авторы. 2017 жылы Анатолий Балуш­кин «Азия Авто Сібір» ЖШҚ ар­қылы Ресейдегі капиталы 50 мил­лион рубльді құрайтын «Р-Мо­торс» ЖШҚ-ын сатып алады. Нәтижесінде, Санкт-Пе­тербург­тегі үш бірдей Lada дил­лер­лік автоорталығына иелік етеді. 2019 жылы компания 89 миллион рубль таза табыс табады. 2021 жылы қаңтарда миллиар­дердің тағы бір сенімді адамы Елена Корж «Р-Мо­торсқа» бас­шы­лыққа келеді. Аталған Telegram арна Балу­ш­кин отбасының, нақты айтсақ әйелі мен ұлының Ресейдің Мәс­кеу, Санкт-Петербург, Сочи қала­ларынан 2 миллиард рубльге (12 миллиард теңгеге жуық) жылжы­майтын мүлік сатып алғанын да жасырмай жазады. «Қандай нә­тиже десеңізші! Отағасының Қа­зақстандағы компаниясы шы­ғынға батады, ал оның барлық диллерлік бизнесі Ресейде жүріп жатады» дей келе, автор кәсіп­кердің жұбайы Елена мен ұлы Антонның 2021 жылдың басында Ресейде әрқайсысының жарғы­лық капиталы 10 мың рубльді құрайтын бірнеше заңды тұлға­лары тіркелгенін алға тартады. Telegram арнаның жазуынша, бизнесменнің жұбайы «Балуш­кина Елена Борисовна» жеке кәсіпкерлігі, «Гранвиль», «Сити Рент» және «Привилегия» ЖШҚ-ларының құрылтайшысы. Ал «Гранвиль» мен «Привилегия» Санкт-Петербургтегі элиталы тұр­ғын үйлердің атауы екен. Осы салтанатты үйлердегі 10 пәтер, коммерциялық нысандар мен көлік қоятын орындар Елена Балушкинаның атына тіркелген. Ал миллиардердің ұлы Антон «Привилегия» ЖШҚ-ына бақы­лау жасап қана қоймай, Ново­сібірде «Эрабайт» ЖШҚ, Санкт-Петербургте «Русские Вездеходы Хаски» ЖШҚ секілді компания­ларға иелік етеді. Жоғарыда айттық, былтыр та­мыз айында тергеуден жасы­рын­ған адам ретінде Шығыс Қа­зақстан облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті Анатолий Балушкинге халықаралық іздеу жариялаған болатын. Арада ай өтпей ақпараттық сайттарда Ре­сей Федерациясы Бас прокурату­расының кәсіпкер сол елдің аза­маты болғандықтан, Қазақстанға қайтарудан бас тартқаны және іздеудің тоқтатылғаны жөнінде ақпар тараған еді. Алайда біздің Бас прокуратура бизнесменге қа­тысты іздеудің тоқтатылмағанын, сот сырттай қамауға алу жөнінде санкция бергенін, Ұлттық қауіп­сіз­дік комитеті, Ішкі істер ми­нистрлігі мен Қаржы мониторингі агенттігі өкілдерінен құрылған ве­домствоаралық комиссия «алаяқ­­тық» бабы бойынша тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеген-ді.

174 миллиард теңгенің тағдыры не болады?

Көп жыл Өскеменде тұрған, облыстық мәслихаттың депутаты болған, байлығы 153 миллион дол­ларға бағаланып, Forbes нұс­қасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкерінің тізіміне енген Анатолий Балушкиннің шетелге кетуіне не түрткі болғаны көпшілікке белгілі. «Кәсіпорын қызметін бастағалы Қазақ­стан­ның заңнамасына сәйкес қосым­ша құн салығынан және кедендік төлемдерден босатылып, мемле-кеттік преференциялар алып келді. Сондай-ақ төленген утили­за­циялық алымды қайтару түрін­де ынталандырылды. 2010 жыл­дың 24 маусымы мен 2017 жылдың 1 маусымы аралығында «Азия Авто» АҚ-мен шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық операцияларды ұйымдастыру міндеттемесімен бірге 8703 ТН ВЭД ТС (жеңіл автомобильдер) тауар позиция­сымен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойылды. Бірақ аталған міндеттеме де орын­дал­мады» деген ақпарат таратқан болатын 2020 жылы Индустрия және инфрақұ­ры­лым­дық даму министрлігі. Байқауымызша, мемлекет «Азия Автоның» көп еркелігіне көнген секілді. Зауыт өз міндетте­рін орындамай жүрсе де, келісім­шарт мерзімін бірнеше рет ұзарт­қан. Соңғы рет министрлік 2017 жылғы 7 сәуірде аталған кәсіп­орын­мен келісім аясындағы мін­деттемелер мерзімін 2019 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартуға мүм­кіндік беретін көпжақты ке­лісімге қол қойған. Әрине, шы­дамның да шегі бар. Бұл келісім де орындалмаған соң министрлік 2020 жылғы сәуірде «Азия Авто» мекемесіне сын-ескертпелер 1 айдың ішінде жойылмаса, ке­лісім бұзылып, жеңілдіктер беру тоқ­татылатынын айтып, хабар­лама жолдаған. Алайда мемлекет­тік бюджетті сауын сиырға айнал­дырған миллиардер судың да сұ­рауы болатынын ойламаған се­кілді. Индустрия және инфра-құ­ры­лымдық даму министрлігі «Азия Автоны» сотқа беріп, сот кә­сіпорынды 174 миллиард тең­гені мемлекетке қайтаруға мін­дет­тегенде барып есін жиған оли­гарх «есім барда елімді таба­йын» деп шекара асқаны анық. «Болар іс болды, жабылар зауыт жабылды, қашатын кәсіп­кер қашып кетті» десек те, қазір жұртшылықты «мемлекеттен бөлінген 174 миллиард теңге қай­тарыла ма, қайтарылмай ма?» деген сұрақтың алаңдататыны жасырын емес. Экономист Мақ­сат Халық бұл істі бұлайша қал­дыруға болмайтынын айтады. «Бұл іс жабулы қазан жабулы күйінде қалатын болса, басқа азаматтар «осылай жасауға бола­ды екен» деген ойға қалуы мүмкін. Сондықтан заң аясында Ресей үкіметінің алдына мұны мәселе ретінде қою керек. Қажет болса, халықаралық сотқа беру қажет. Өйткені бұл жерде Қазақстанның, елдің, мемлекеттің мүддесі тұр. Бір елдің бюджетінің ақшасы талан-таражға салынып, желге ұшты. Мұндай жағдай бір ғана Балушкиннің айналасында бо­лып жатқан жоқ. Еліміздің квази секторында, бір ғана «Самұрық-Қазынада» қаншама еншілес компания бар. Соның ішінде ешқандай тиімділігі жоқ, мем­лекеттің ақшасын қалай болса солай, жөнсіз жұмсап жатқандары аз емес. Менің ойымша, мемле­кет­тен бөлінген әрбір қаражаттың сұрауы болуы керек. Мемлекеттік қаражатқа қатысы бар бүкіл компанияларға аудиторлық тексеріс жүргізілуі қажет. Егер түсініксіз схемалар анықталған болса, шетелге қаражат шыға­рыл­ған болса, бюджет қаражаты талан-таражға салынғаны анық­талса, тиісті адамдар жауапқа тартылуы керек. Егер жауапқа тартылмаса, бұл процесс ертең де тоқтамайды, жалғаса береді, мемлекеттік бюджеттің ақшасы шөл далаға құйған судай сіңіп, жоғалып, ешқандай маңызы жоқ жобаларға жұмсала беретін бо­лады», – дейді экономист. Қазақстандық автонарықты емін-еркін жайлаған Анатолий Балушкин облысымыздағы «Рах­ман қайнары», «Нұртау» секілді демалыс базаларына да иелік еткені белгілі. Қазір кәсіпкердің ісі құзырлы органдарда тергеліп жатқанына байланысты екі нысан да жұмысын тоқтатқан. Өске­мендік қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков қазақтың ақшасын қалтасына басып, шетел асқан кәсіпкердің қым­қырған ақшасын ғана емес, өзін де Қазақстанға қайтару керек деп санайды. «Өйт­кені ол біздің экономикаға қиянат жасаған адам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан хал­қына» қорын бекерге құрдырған жоқ. Балушкиннің өзімен бірге алып кеткен қаражаты, «Азия Авто­ның» Үкіметке қарыз 174 мил­лиард теңгесі осы қорға құ­йылуы керек деп ойлаймын. Біз­дің елдің құзырлы органдары осы мәселемен шұғылдануы керек. Тағы бір айтарым, бұған дейін Балушкиннің иелігінде болған Шығыс Қазақстандағы «Рахман қайнары» санаторийі, «Нұртау» демалыс базасы секілді жерлер қазақстандық кәсіпкер­лердің иелігіне өтіп, ел игілігіне жұмыс істесе. Өйткені суы шипа­лы «Рахман қайнары» санато­рийіне екінің бірі бара алмайды. Бағасы удай, қарапайым халыққа қол­жетімсіз. Осы мәселелер алдағы уақытта бір шешімін табады деп сенемін», – дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысы