Спорттың жағдайы қайтсе түзеледі?
Спорттың жағдайы қайтсе түзеледі?
© коллаж: Әсел Балтақызы
733
оқылды
Кейінгі кезде спорт саласының көптеген былығы ашылып жатыр. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық та, қызметін асыра пайдаланушылық та, төрешілердің әділетсіздігі мен жаттықтырушылардың бейбастығы да, тіпті кісі өлімі де болды. Енді бір-екі күнде Бейжіңде әлемдік ең маңызды спорттық ша­ра – XXIV қысқы Олимпиада ойын­­­дары басталады. Егер әлі күн­ге дейін Қазақстанның қысқы спорт түрлерінен үздік көрсет­кіш­терге қол жеткізбегенін, сон­дай-ақ мұның алдында ғана Токио Олим­пиадасындағы сәтсіздікті ескерсек, көңілде үміттен гөрі күдік басым.

Үлкен спорттың проблемасы да үлкен

«Біз спортшыларымызға алда­ғы ақ Олимпиадада допингсіз, дау-жанжалсыз лайықты дәреже­де өнер көрсету міндетін қойып отыр­мыз. Әрине, әр спортшы жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсететіні анық. Бұл үшін мемлекет қолынан келгеннің бәрін жасады: спорт­шыларды даярлау, сапалы жаттығу процесі, жиындар мен біліктілік сайыстарына қатысу қаржы­лан­дырылды», – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев. Әйтсе де, бұл салада көптен бері дау-дамай арылмай келе жат­қаны жасырын емес. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде спорт­тағы түрлі келеңсіздік, оның ішін­де жемқорлық фактілер жө­нінде жазбалар жиі шығады. Жақында ғана «Ертіс» футбол клубының экс-директоры Жанай­дар Дүйсенбаев сотталғаны туралы ақпарат тарады. Оған қатысты Пав­лодар қалалық №2 сотының баспасөз қызметі келесідей ақпа­рат таратты: «Eртiс» ФК қоғамдық қорының директоры Ж.Дүйсенбаевтың үстінен ірі көлемде салық төлеуден жалтарғаны үшін ҚР ҚК 245-бабы 3-бөлімі бойынша қозғалған қыл­мыстық іс қаралды. Ол 2016 жыл­дың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 наурызына дейін Салық коми­те­тіне жалған декларация тапсырып, төленбеген жеке және әлеуметтік салықтар түрінде мемлекетке 248 419 610 теңге шығын келтірді» де­лінген баспасөз парақшасында. Бұл іс бойынша прокурор айып­талушыны 8 жылға бас еркінен айыру жазасын сұрағанымен, сот үш жылға үкім кесті. Әйтсе де, амнистияға байланысты айыпты тар қапаста түпкілікті тек 1 жыл 6 ай мерзімді ғана өтейтін болды. Мұндай жайсыз әңгімелер былтыр жыл соңына қарай тіпті үдеп кетті. Әсіресе, қыркүйек айын­да штангист Альберт Лин­дердің өз-өзіне қол салуы қоғамда үлкен дүрбелең тудырды. Сол кезде Қазақстанның ауыр атлетика қауымдастығы ұлттық құраманың жаттықтырушылық штабындағы заңсыздықтар жөнінде мәлімдеме де жасады. Осыған байланысты бұрынғы министр А.Райымқұлова құраманың бас бапкері мен аға жаттықтырушыларын орнынан алды. Дегенмен тура жаңа жыл қар­саңында вице-премьер Е.Тоғ­жанов Ауыр атлетика федерация­сының ұсынысы бойынша, ми­нистрліктің жоғарыдағы бұйры­ғының күшін жойды. Бұл жаттық­тықтырушылар қауымының түсі­ніспеушілігін туғызды. Ал спорт­шы өлімінің мән-жайы әлі күнге толық ашылған жоқ. Қазан айында фристайлдан ұлттық құрама мүшесі Александр Геберт іссапар кезінде өзіне тәу­лікақы үшін берілген қаражатты бапкердің жеке есепшотына ау­дарудан бас тартқаны үшін жа­рыстан шеттетілгені туралы мәлім­деме жасады. Бейнеүндеуден спорт­шының 2020 жылы кәсіби тұрғыдан жарамсыз ретінде құ­рамнан шығарылғаны белгілі бол­ды. Бас жаттықтырушы мұны спорт­шылардың бәріне бірдей іс­сапарлық қаражат бөлінбейтін­діктен, команданың кейбір мүше­лерінің ас-суы, жамбасақысы үшін көп жағдайда өз қалтасынан ақша төлеуге мәжбүр болатынынан деп тү­сіндіреді. Сол себепті де спорт­шылардан тәуліктік төлемдерді өзіне аударуды сұраған. Бұл жалпақ жұртшылыққа жария болған бірді-екілі жайт қана, әйтпесе тере берсек, мұндай мысалды көптеп келтіруге болады.

Балалар спорты бабында емес

Ересектер спортының жағдайы осы болғанда, балалардың жағдайы қайдан оңсын? Ресми дерекке сен­сек, республикада 6 млн-ға жуық адам денешынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналыса­ды екен, олардың 560 908-і – ба­лалар мен жасөспірімдер. Елі­мізде 127 703 спорт секциясы, балалар мен жасөспірімдерге арналған 477 спорт мектебі, 686 денешы­нық­тыру клубы жұмыс істейді. Алай­да бұл әлі де жеткіліксіз. «Мек­теп спор­ты» федерациясының өкілі Әлия Түсіпбекованың ай­туын­ша, рес­публика бойынша 2 мыңға жуық мектепте спорт зал жоқ. «Қазақстанда оқушылардың спорт үйірмелеріне бару белсен­ділігі төмен. Нақтырақ айтқан­да, ол әлемнің орташа көрсет­кішімен салыстырғанда 4 есе аз. 1991 жыл­дан бері елде 9 мың спорт­тық құрылым мен мек­тептерге тиесілі спорт нысандары салынды. 1998 жылдан бері 2 мың­нан аса спорт нысаны бой кө­терді. Әйтсе де, қазір 31%-ы де­нешынықтыру ке­шенінің жағ­дайы мәз емес. Спорт­тың нақты түрлері бойынша ма­манданған кәсіби мамандар мен қажетті құралдар жетіспейді. Ал ауыл­дық жерлерде бұқаралық спорт­тың дамуы тіпті төмен. Кей­бір ауыл­дық мектептерде доп та жоқ», – дейді Әлия Түсіпбекова. Әрине, балалар спортын дамы­туға уақыт пен қаржы кетеді, оған қарағанда шетелден атақты тұл­ғаларды шақырған оңай. Біздің спорт функционерлері осыған бейім. Бір ғана футболды алып қарайық, қай клубта да легионер­лер аз емес. Отандық спортта жат­жұрттықтардың көбейіп кеткені соншалық, біраз уақыттардан бері сырттан легионерлерді ша­қыр­ту­ға тыйым салатын заң қа­был­дау керегі арагідік айтылып жүр. Мұндай шешім қаншалықты дұрыс, ол жағын сарапшы маман­дар айта жатар... Бұдан бөлек, қолданыстағы бірқатар спорт мектебінің де жағ­да­йы мәз болмай тұр. Ересектер спор­тында бар проблема балалар­ды да айналып өтпеген. Мәселен, 2021 жылдың қараша айында Степногорскідегі олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатта күтпеген кикілжің бұрқ ете қалды. Одан мектеп тәрбиеленушілерінің жиі соққыға жығылатыны, ере­сектердің жас балалардың ақша­сын тартып алатыны туралы ақпа­рат тарады. Аталған мектепте бұған дейін де айқай-шу болған: 2014 жылы бір оқушы терезеден құлап, басы жарылып, жағы сынып, қабырға­лары шытынап, миы мен ішкі құ­ры­лыстары зақымданған. Жапа шегушінің туыстары балаларын әлдебіреулер ұрып, терезеден лақ­тырып жібергенін айтады. Қо­ғамда үлкен дүрбелең туғызған осы оқи­ғадан кейін интернат директоры қызметінен алынды, бірақ көп ұзамай осы директор мемлекеттік медальмен мара­патталды. Мұны қалай түсінсек екен?! «Жалғыз Степногорскідегі ғана емес, республикадағы барлық спорттық мектеп-интернаттың жағдайын тексеру қажет. Сондай-ақ штангист Альберт Линдердің суицидке баруына не себеп болды, мұндай жағдайда ауыр атлетика құрамасы жаттықтырушыларының команданы басқаруға қаншалықты моральдық және заңдылық құқы бар деген сауалға жауап берілуі тиіс»,– дейді Мәжіліс депутаты А.Линник. Бір анығы, спорт саласында сыбайлас жемқорлық жойылмай, бұқаралық және балалар спортын дамытпай, өз чемпиондарымызды көптеп өсіремін деу бекер әуре­шілік. Жағдай түбегейлі өзгермесе, әлі де сырттан легионерлерді «импорт­тай» беретін боламыз.