Ақмолалық «Арлан»
Ақмолалық «Арлан»
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
171
оқылды
Халық арасында бұқаралық спортты дамыту – еліміздің күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелердің бірі. Десек те, саладағы жекелей клубтардың күні бүгінге дейін бюджеттің бүйірін кенеше сорып отырғаны алаңдатады. Миллиардтардың көзіне су құйып, қазынаның қаржысын оңды-солды шашқан футбол клубтарының жайы белгілі. Қанша қаражат шығындалса да, жолы болмады. Қазынаның қазанын аяқ добымен қатар опыра оюдан хоккей клубтары да қалыс қалмай тұр. Мәселен, тек Көкшетау қаласының өзінде хоккей клубына миллиардтардың жұғын болмайтыны – осының нақты айғағы. Жалпы, «осы спорттық клубтардың бюджеттің қоржынына емініп отыруы жөн бе?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде тұр. Өйткені шетелдік клубтардың көпшілігі өз-өзін қаржыландырып, пайдасын да күреп тауып жатқаны рас. Тіпті, мықты ойыншыларды сатып алып құрлықтық, әлемдік додаларда үздіктер қатарынан көрінетінін де көріп жүрміз. Ал қазақстандық клубтардың қай жері кем? Спорттық клубтарға бюджет қаражаты­ның шығындалуы бұл саладағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың да азаймауына түрткі болатын сияқты. Олай деуге себеп, мемлекеттік сатып алу арқылы өтетін тендер ке­зінде «бармақ басты, көз қысты» жайт­тардың дәл осы спорт саласында көбірек қылаң беретіні байқалады. Ресми дерек бойынша, Ақмола облысында тек хоккей клубына 3 миллиард теңге бөлінбек. Мәселен, көкшетаулық «Арлан» хоккей клубына ақылға сыймайтын соманың бөлінетіні жайлы ақпарат әлеуметтік желілерде желдей есіп тұр. Жұрттың айтуынша, 3 миллиардқа жуық қаражат бюджеттің бүйірінен бөлінуі тиіс болған. Golovoi_ob_led Instagram паблигі жақын­да ғана «Арлан» хоккей клубына 2,8 миллиард теңге бөлінетінін жариялады. Дереккөздің мәліметінше, бұл клубқа жыл сайын бюджет қоржынынан 961 миллион теңге бөлінеді. Бұл қаржы, әрине спортшылардың майшелпекте өмір сүруіне жеткілікті екені айтпаса да түсінікті. Дәл осы дереккөзі бірнеше хоккей клубтарының жылдық бюджеті 350 миллион теңгеге де жетпейтінін айтады. Желі қолданушылары «елімізде ең бірінші кезекте дамуы тиіс балалар спорты мен аула клубтарына неге мұнша қаржы бөлінбейді?» деген заңды сауал тастады. Жергілікті хоккей клубына миллиардтардың бөлінетінін Ақмола облысының Денешынықтыру және спорт басқармасы да растады. Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік сатып алу порталында шайбалы хоккейдің құрамасын спорттық шараларға әзірлеу үшін қызметтерге лот ойнатылатыны көрсетілген. Үш жылға шақталған қаржыландырудың жалпы сомасы 2,8 миллиард теңгеге жеткен. Дегенмен әзірге қорытынды жасалмапты. «Арлан» клубының алдағы спорттық жарыстар мен шараларға әзірленуіне мемлекеттік сатып алу лотында 2,8 миллиард теңге қарастырылған. Толығырақ анықтау үшін «Арлан» хоккей клубынан білген жөн болады», – деді Ақмола облысының Дене­шынықтыру және спорт басқармасынан. Дегенмен «Арлан» хоккей клубының баспасөз хатшылары бөлінетін миллиардтар жайлы толық мәлімет бере алмады. Тек клубтың басшысы Олжас Қанғожин клубтың ашық конкурс арқылы тиімді мемлекеттік тапсырыс алу үшін қатысуға ниетті екенін хабарлады. Клуб басшысы тексеріс болып жатқанына байланысты қандай да бір басқа пікір білдіруден бас тартты. Осы орайда хоккей клубы басшылығының құр шөппен ауыз сүрткенімен, техникалық сипаттамаға қара­ғанда қомақты қаражаттың еш қиналмастан клубтың қоржынына төгіліп түсетіні ақиқатқа айналуы күмән тудырмайды. Клуб басшы­лығы дәл осы келісімшартпен қосымша қаржы­ландырудың болатынын да жасырмады. Тақырыпты талдау барысында еліміздің хоккей клубтарының арасында бюджетке тәуелді болуды әдетке айналдырған «Арлан» ғана емес екені көрінді. Жақында ғана «Жаңа Қазақстан» жобасын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы ғана бұқаралық спортқа, оның ішінде балалар спортына баса назар аударуды шегелеп тапсырған. Президент бюджеттегі қаржы тапшылығы жағдайында кәсіби клубтарды қазынадан қаржы бөліп, асыраудың мәні жоқ екенін ескерткен. Алайда үйреніп қалған суаттан сіміруді кейбіреулер жалғастыра беруін қоймаған сияқты. Бұл өз кезегінде дамуды қажет ететін бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтының кері ықпал ететіні, осылайша халықтың спортқа қолжетімсіздігін тудыратыны күмәнсіз.

P.S.

Жең ұшынан жалғасқан миллиардтардың спорттың айналасында жүргені рас. Бюджетті сауын сиыр көрген клубтар мен спорттық федерацияларға да жөн сілтейтін уақыт жеткен сияқты. Осы орайда тиісті саланы басқаратын министрліктер мен облыстық ведомстволар Мемлекет басшысы шегелеп тапсырған міндеттер мен тапсырмаларды бұлжытпай орындауға тиіс деген ойдамыз...

Ақмола облысы