Былтыр «Nur Otan» партиясының Павлодар облысындағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 9,4 мың адам жүгінді. Ол бойынша арыз-шағымның 54 пайызы оң шешімін тауып, 46 пайызына түсініктеме берілді.
Соңғы екі жылда партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне өтініштер санының артқанын атап өтуге болады, бұл халық сенімінің күшейе түскенін көрсетеді. Азаматтарды толғандыратын мәселелерді жүйелі түрде шешу мақсатында қабылдау орындарында тақырыптық күндер өткізілді. Атап айтқанда, есепті кезең ішінде «Кедергісіз келешек» және «Заңгерлік көмек» партиялық жобалары іске асырылды.
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 57 қабылдау өткізіп, оның барысында 270 мүмкіндігі шектеулі жанның өтініші тыңдалып, олардың 44%-ы қанағаттандырылды. Облыстың қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтарға консультативтік заң көмегін көрсету үшін «Заңгерлік көмек» партиялық жобасы аясында 54 қабылдау ұйымдастырылды, оның барысында 196 адам қабылданды. Қойылған сұрақтардың 32% оң шешімін тапты, арызданушылардың қалғандарына қолданыстағы заңнама шеңберінде түсініктеме берілді.
Қоғамдық қабылдауларға облыс орталығының тұрғындары ең көп өтініш білдірген – 78%. Аудан халқы бойынша Павлодар ауданы (8,4%) және Тереңкөл ауданы (7,5%) белсенділік танытқан.
Айта кетейік, бүгінде облыста азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі ең өзекті (қайырымдылық және материалдық көмек көрсету, жәрдемақылар, жеңілдіктер, өтемақылар төлеу). Өзектілігі бойынша одан кейін екінші – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық проблемалары. Сондай-ақ тұрғындарды елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру ісі де толғандырады. Тұрғын үй және әлеуметтік нысандар салу, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары партияның сайлауалды бағдарламасын орындау аясында шешілуде.
Павлодар облысының қоғамдық қабылдаулары азаматтардың өтініштерін қарау барысында мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастық орнатты. Барлық өтініштер заңнамада белгіленген мерзімде қаралады. Мәселен, есепті кезең ішінде мүмкіндігі шекулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар өтініш түсірген. Партия алаңында оларды қабылдау ұйымдастырылды. Оған партия филиалының басшылығы, мемлекеттік органдардың, медициналық ұйымдардың өкілдері, облыстық мәслихат пен Павлодар қаласының депутаттары қатысты. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың бірқатар мәселесін оң шешуге мүмкіндік берді.
«Nur Otan» партиясының Павлодар облысындағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жолданған өтініштер санының ұлғаюы және олардың ішінде оң шешімін тапқан іс-шаралардың көбеюі партия филиалдары жұмысының тиімділігінің артқанын көрсетеді. Азаматтарды қабылдаудың бекітілген кестесіне сәйкес жалғаса береді.