«Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін»
Ағартушы. Ұстаз. Мемлекет қайраткері. Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасын айшықтап тұратын қасиет. Қазақ тіл ғылымының негізін қалаған қайраткердің саяси қызметтегі орны да бөлек. Ол Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарымен бірге Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін құруға атсалысты. Қиын-қыстау кезеңде ұлт ұпайын түгендеген айтулы азаматтардың бірі. Осы орайда мерейлі жылды Ахаңның ауылына құрмет көрсетуден бастаған жөн деген пікірлер де айтылып қалды. Сонымен, ағартушының мерейтойы қалай басталды? Белгілі ғалым, профессор Айгүл Ісмақоваға осы сауалды қойған едік. Ғалым «Ахаңның 150 жылдығы елімізде ерекше оқиғалармен басталды. Мерейтой десе ат шаптырып той, айтыс өткізіп, ысырап жасайтын орта биыл шамалы елге қарайласу керек деп санаймын» дейді. Айгүл Ісмақованың айтуынша, «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін!» деген Ахаңның – Алаш саяси элитасының рухани көсемінің Отан үшін, Ел үшін айтылған осындай сөздерін біз өзіміз үшін қайта жаңғыртуымыз керек. Ғалым биылғы мерейтойда атқарылуы керек бірнеше факторларды атап өтті. Ең алдымен, «Адамдық диқаншысы қырға шықтым»: бүгінгі жастар осыған дайын ба? Әр отандасыма осы сөздер мотиватор бола ма?- «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін»: мен осы ретте не істедім? Қазіргі жастар тек бүгінгімен шектелуде. Неге?
- Отан үшін, ел үшін, ата-баба жер үшін мен не тындырдым? Отанды қорғауға дайынмын ба?
- Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлылар Отан үшін, Тәуелсіздік үшін құрбандыққа кетті. Қазіргі Тәуелсіздіктің құқықтық, ана тіліндегі білім беруден бастап, үкіметтің саяси әлеуметтік негізін бекітіп берді. Біз бүгін осыны нығайту үшін не бітірдік?
- Ана тілі – қазақ тілі мемлекеттік тіл болуын армандаған Ахаң оны оқыту, жазу, зерттеу негіздерін қалыптастырып берді.
- Ахаңның әдебиет – «адамның жан қоштау керегінен шыққанын», сондықтан ол «асыл сөз» екенін біз есте сақтаймыз ба?
- «Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс қылыңдар! Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан ерген Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!» деп бізге меңзеген жауапкершілікті есте сақтаймыз ба?
- Ахаңның бүкіл ғұмыры мен жазғандары: «Жазған сөз жанып ашып Алашыма!» деген дискурста тұр. Сондықтан бұл мұра Отанға, Елге адал қызмет етудің үлгісі болып қала бермек. Біз осындай сөз айта аламыз ба?
Ауылға барар жол түзеле ме?
Былтыр бәрімізді тағы бір ақжолтай хабар қуантқан еді. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі мемлекет қарауына берілді. Музей-үй бұл шешімді 28 жыл бойы күтті. Сол кездері бізге Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды музейінің жетекшісі Райхан Имаханбет арнайы сұхбат берген еді. Музей жетекшісі сұхбатында: «Ұлт ұстазының тағылым мектебінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы баршамызға қайырлы болсын! Шындығында, кезінде қала меншігі болған «мемлекеттік маңызы бар тарихи ескерткіштер тізіміне енген» осынау құнды жәдігердің 1995 жылы жекеменшікке берілуінің өзі өрескел қате еді. Өкініштісі сол, мұның егжей-тегжейіне үңілген жан болмады. Әрі сол кезеңдегі нарықпен келген «жекешелендіру» деген үдерістің салдарынан мәдени мұраның басым бөлігі «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені» баршаға мәлім» деген еді. Өткен кемшілік түзелді. Музей мемлекет қарауына өтті. Бұл да ағартушының мерейтойы қарсаңында атқарылған игі істердің бірі. Алайда музей жетекшісі тарихи тұлғаға лайықты құрмет көрсетіп үлгермегенімізді айтады. «Сол кемшіліктердің орнын тұлғаның UNESKO деңгейінде аталуы тиіс 150 жылдығы қарсаңында түгендеу перзенттік парызымыз деп білемін. Біз үшін ең толғақты мәселе, Алаш арысының жәдігері болып табылатын Алматыдағы музей-үйі, яғни тағылым мектебінің статусы. Бәлкім, бұл басқаларға «жауыр болған тақырып» болып көрінуі де мүмкін. Десе де, 1993 жылдан «заты бар, аты жоқ мекеме» болып келгеніміз ақиқат. Бұл БАҚ бетінде сан мәрте көтерілуінің арқасында, 29-шы жылы ғана шешімі табылғаны көзі қарақты жұртқа мәлім. Иә, өткен жылы 13 қазаннан Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына оралымды басқару құқығына бекітіп берді. Неге екені белгісіз, атауы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі деп жазылудың орнына Ахмет Байтұрсынов мемориалды музейі деп рәсімделіп кетіпті. Біріншіден, ұлт ұстазы қазақ жұртының аты-жөні дұрыс жазылуы керегін, ХХ ғасыр басында мәселе етіп көтеріп, «-ов, -ова, -ев, -ева» сынды тәуелділіктен арылып, ата-бабадан дәстүр болған «ұлы», «қызы» деп жазуға шақырған-ды. Және өзі түзіп берген төте жазуда Ахмет Байтұрсынұлы деп жазып, басқаларға өнеге болған. Біз ұстаздың ұстанымын қасақана ескермей, орыс мәтіндегі нұсқасын қабылдағанбыз», – дейді. Музей жетекшісінің айтуынша, Ахметтей тұлғаның артында қалған Алматыдағы жалғыз жәдігердің, бұл күні өз алдына мемлекеттік болған мекеменің дербес жарғысы, дербес мөрі болмайды. Өйткені музейлер бірлестігіне қарайды. Мұның қаншалықты дұрыс-бұрыстығын алдағы уақыт көрсетеді. Дегенмен де ұлт мүддесі үшін құрбан болған Алаш арысы һәм ұлт ұстазының жеке-дара құрметке, дербес мекеме болуға әлі де лайық болмағаны ма деген сауал күн тәртібінде өзекті күйінде қалып отыр. Осыдан 29 жыл бұрын да «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін ұйымдастыру туралы» шешім болған, бірақ көп жұмыстың аяқсыз қалғаны әрі бұрмаланғаны, оның зардабын тартқан біз білеміз һәм тірі куәміз деп отыр. «Ресми құжаттар мен БАҚ-та «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» деп жазылғанымен, осы атауы әлі күнге заңды тіркелмеген ұлт ұстазы тағылым мектебінің зарын естір Үкімет болса деген үмітпен айтып отырмыз. Және тұлғаның 150 жылдығын мерекелеу жөніндегі бекітілген жоспардың мүлтіксіз орындалуын Үкімет қатаң қадағаласа деген тілегім бар», – дейді Райхан Имаханбет. Биылғы мерейтой аясында елордада музей-үйі ашылса да, жарасымды емес пе? Ахаң есімімен аталатын көшелерге де еңселі ескерткіштері мен бюстін қойса, артық болмас еді. Сенатор Алтынбек Нұқұлы «Ахаңның кіндік қаны тамған туған топырағы – Ахмет Байтұрсынұлы ауылына апаратын 100 км грейдер жолдың жөнделуіне керекті қаржы бөлінуі өзекті мәселе болып өзі-ақ сұранып тұр. Бұл мәселе бойынша арнайы депутат ретінде жіберген хатымызға Қостанай әкімдігі ойланар» деп жазған еді. ЮНЕСКО шеңберінде тойланатын ұлт ұстазының 150 жылдығын жоғары дәрежеде өткізуге әрбір азамат атсалысады деген ойдамыз. Ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ахмет Бірімжановтар өскен, өнген жерге де құрмет көрсету парыз деп санайды. Жалпы Торғай өңірі қазақ зиялыларының алтын бесігі саналады. Сол себепті басты құрметті ұлт ағартушысы туған ауылдан бастасақ, құба-құп. Тіпті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлық пен стипендия тағайындасақ та, артық етпейді. Бұл да «ізденемін, ғалым боламын, ғылым жолына түсемін» деген жастарға мотивация берері сөзсіз. «Қазақ тарихында Ахмет Байтұрсынұлы секілді тұлға болған емес, болмайды да». Абыз Әбіш Кекілбайұлынан асырып айта алмасымыз анық. Сондықтан Байтұрсынұлындай ұлы тұлғаға биыл қандай құрмет көрсетсек те, жарасар еді.Айым БЕКТҰР