Шенділер де аңшы болғысы келіп жүр
Шенділер де аңшы болғысы келіп жүр
© коллаж: Елдар Қаба
606
оқылды
Аңшылық біреуге ермек, енді біреуге азық. Алайда ермек ететін де, азық ететін де, қолдан келсе табыс көзі ететіндер де көп. Заңсыз істейтіндері айтпаса да белгілі. Аң мен құстан маза кеткендей. Соңғы кездері киіктің саны көбейгенін айтып, «алақайлап» жүр едік. Бірақ бұл қуа­ныштың ұзағынан болуы қиын секілді. Себебі браконьерлік, заңсыз аңшылық өршіді. Арасында шенді-шекпенділер де кездеседі. Оларға жаза тұсау бола алмай тұр. Енді браконьерлікті заңдастыру жайы да айтыла бастады. Ал ол мәселені шеше қоя ма?

Аңсыраған аңшымыз көп

Бұрынғылар «аңсыраса аңшы тоймайды» дейтін. Осы күні де олар­дың қатары сирек емес, әсі­ресе киікке шүйліккендер көп. Саны күрт азаюына байланысты 2023 жылға дейін киік атуға мора­торий жарияланғанын білеміз. Әйткенмен, елеп-ескеріп жатқан­дар шамалы. Өткен жылдың ая­ғында ресми биліктің табиғатты қорғауға жауапты өкілдерінің бөр­кін аспанға атқызар дерек тір­келді. Соңғы жылдары құлдырап кеткен киік саны екі есе өсіп, 842 мың бастан асты. Өсу болғасын тегін олжа санап, аңду бар. Бізде бір сауал: заң бұзғандардың ара­сында шенеуніктер немесе ауқат­ты­лар бар ма? Өйткені елде киік пен арқар атуды заңдастырып алуды көздеп жүрген ықпалды адамдардың бары жиі айтылады. Статистикаға сенсек, ұсталған әрбір 10 аңшының 8-і тұрақты жұ­мысы жоқ, күнкөрісіне айнал­дырғандар болып шығады екен. Ал Ақтөбе облысында 2021 жылы ұсталған 111 заңсыз аңшының 7 азаматында ғана тұрақты табысы болған. 96-сы шалғай ауылдарда тұрады. Жұмыссыздардың басым бөлігі ауылдарда екені анық. Аң­шы байымайтыны әуелден белгілі, ендеше киік етін қарын тойғызар азығына, мүйізін азғантай табыс­тың көзіне айналдырып алғандар болғаны ғой. Былтыр бір ғана қазан айында ел аума­ғында 2442 табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактісі тіркелген. Аз емес. Шамалап қара­сақ, әр ай сайын осынша заңсыздық тір­келсе, жылына 25 мыңға жуықтайды. Биыл да сол баяғы сарсаң. Жыл басталмай жатып-ақ заңсыз ату мен балық аулау жиілеп кетті. Браконьерлер қатарын қарапайым ауыл азаматтары емес, лауазымды тұлғалар тол­тыратын болып жүр. Сенім артқан инспек­торлар да қалыс қалар емес. Ақмола облы­сында 13 қаңтар күні Ерейментау аудандық полиция қызметі бөлімінің учаскелік инс­пекторы Ақсуат ауылы маңында аң шаруа­шылығының 40 жастағы қорықшысын ұста­ған. Жедел-тергеу тобы күдіктіден «Иж-54» маркалы қосауыз мылтық, 12 калибрлі мылтық, еліктің еті және орман ша­руашылығына тиесілі қарда жүретін кө­лікті тапқан. Ал 6 қаңтарда Ақтөбе облы­сын­да балық аулаймын деп бүтін бір аудан шенеуніктерінің басы бәлеге қалған еді. Ырғыз аудандық сотының төрағасы мен прокурорынан бастап, аурухананың бас дәрігері мен Төтенше жағдай басқарма­сы­ның бастығына дейін жаңа жылдан кейін саятшылыққа шыққан. Қорықтың ерекше қорғауда екені шенді-шекпенділерді алаң­датпаса керек. Ақыры инспекторларға ұс­талып, тыйым салған аймақта тайраңдағаны үшін айыпты болды. Былтыр қазанда Жам­был облысында заңсыз аңшылық құрған ауыл әкімі ұсталған еді. Ақыры айыппұлмен құтылып тын­ды. Демек, аңсырап жүрген қара халық қана емес, шенділер де бар. Өлген әрбір киік мемле­кетке шығын. Алдыңғы жылы елде 727 киік еті мен 3 489 мүйіз тәркіленген. Сол кезде елдің та­биғи байлығына 2,4 млрд теңге зиян келген екен.

Жауаптылар бейжай қарап отыр ма?

Киікке қатты алаңдайтындай жөніміз бар. Әлем бойынша киік популяциясының 95 пайызы Қазақстанда. Жауапсыздық танытсақ, жер бетінен тағы бір жануардың жоғалып кетуі­не айыпты боларымыз хақ. Әрине, билік қарап отырған жоқ, заңды қатаңдатып, браконьерлерге тосқауыл бо­луға тырысып-ақ жүр. 2020 жылдан бастап Қазақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына жатқы­зылды. Қазір браконьерлік қылмыстар үшін 10 миллион теңгеге дейінгі айыппұл салып, 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қорықта заңсыз аңшылық пен балық аулағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ірі мөлшерде және ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, киіктерді атқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралады. Дегенмен браконьерлік азаймады. Жазық­тыларды жаза да тоқтатпайтын тәрізді. Енді не істемек керек. Кейінгі кезде Экология министр­лігі табиғат жанашырларының тарапынан жиі сынға қалып жүр. Себебі ведомство киік тағ­дырына бейжай қарауды шығарғанға ұқсайды. Оның біз де аңғардық. Мысалы, 2020 жылы «Орталық – Батыс» тасжолына байланысты шу шықты. Елордадан шыққан көлікті Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы өткізіп барып «Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына шығаратын жол Қазақстандағы киіктің үш популяциясының ең үлкені – Бетпақдала популяциясының көшіне кедергі болатыны айтылды. Экологтар мәселенің шешімін де қоса ұсынған. Бар болғаны жолды айналма етіп салса жеткілікті. Киік көшіне тосқауыл қойылса, санына лезде кері әсер етеді. Оның үстіне үлкен тасжолдың бойымен жүріп, браконьерлер аңды оңай атып алады. Бірақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әртүрлі сылтау айтып, жолдың жос­парын өзгертпеді. Сонда Экология министрлігі жауапты орган ре­тінде «бас изеуден» басқа еш амал жасамағанын көрдік. Басқа жайларды айтпағанның өзінде, табиғат жанашыры Сәкен Ділдахмет министрлік қолдан келер біраз мәселені шешпей отырғанын, тіпті шешудің жолдарын қарастырмай отырғанын айтады. – Киік санының жылдық өсімі 40-50 пайыз екенін ескерсек, биыл саны 1,2-1,5 млн-ға дейін өседі деп күтеміз. Киіктерді қорғау қиын соғып бара жатыр. Инспектор мен техникалар жетіс­пейді. Браконьерлік өршіп тұр. Былтыр Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысында киіктерді қорғау үшін резерват құруды тапсырды. Мәселе әлі де тұралап тұр. Экология министрлігі ұмытып кеткендей. Киіктердің санын реттеу үшін бірқатар шаралар қабылдау қажет. Ақбөкен дериваттарын заңдастырған абзал. Яғни, Экология министрлігі киіктердің мүйізін, терісін сатуды жүзеге асыра­тын ресми орган болуы тиіс. Браконьерлікті осылай заңдастыруға болады. Бірақ киік санын реттеп отырған жөн. Ал сатудан түскен барлық ақшаны тек табиғатты қорғауға жұмсаған жақ­сы. Шындығы сол, арабтардың инвестицияла­ры­ның арқасында ғана біздің елде бүкіл фауна қорға­лады. Олардың ақшасы болмаса киіктер мен басқа да «Қызыл кітапқа» енген жа­нуар­лардың саны көбеймес еді. Инспекторлардың техникалық базасы ескі. Оған мемлекет нақты ақша қарастырмайды, – дейді маман. Бұған қоса Экология министрлігі лоббис­терге тосқауыл қоюы керек екен. Себебі көп­теген аңшы мен кәсіпкер ақбөкен мен арқар атуды өз қолдарына алғысы келеді. Тіпті, бірнеше рет тырысып та көргенге ұқсайды. Бұ­ның алдын алмаса, үлкен қателікке ұрынарымыз хақ. Ал браконьерлікті мемлекет заңдастыруы әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, саны өсіп, қауіп сейілсе, ақбөкен мүйізін, етін саудалауға болады. Аустралия кенгурудың етін әлемнің елдеріне экспорттайды. Мұндай диеталық және құнарлы азық түріне деген сұраныс көп. Қош, бұл мәселе кейін де талқылана жатар. Қазір бәрінен бұрын «заңсыз аңшылықты қалай тоқтатамыз?» деген сауал өзекті. Жаза тосқауыл бола алмаса қайтпек керек?