Үй жанындағы дүкендерде азық-түлік бағасы бетімен кетіп, күннен-күнге бой берер емес. Үнемдегісі келетіндер қала маңындағы базарларға сабылып жатыр. Заң бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнына қосылатын үстемақы 15 пайыздан аспауы тиіс.
Соңғы екі аптада әлеуметтік маңызы бар тауарлар құны 0,2 пайызға өскен. Әсіресе, үй маңында орналасқан шағын дүкендер ойына келген бағаны қойып отыр. Елімізде тұтыну тауарлары мен қызметтерінің бағасын көтеру фактілерін жедел анықтау және жолын кесу мақсатында хабарламалар қабылдау үшін жедел желі құрылған. Бүгінде агенттіктің сенім телефонына 2000-нан аса өтініш келіп түскен, оның ішінде 50 пайызға жуығы Алматы тұрғындарынан, 30 пайызы астаналықтардан және 20 пайызы басқа өңірлерден жолданған. Соның ішінде 70 пайызы әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты болып отыр. Атап айтқанда, сүт пен ет өнімдері, көкөніс, жеміс және нан бар.
Мәселен, Алматыда өнімдер қысқа мерзімде кем дегенде екі есе қымбаттады. Үй маңындағы дүкендерде нан, жармалар, күнбағыс майы екі-үш есе шарықтап кеткен. Оның тағы бір себебі «Қаңтар трагедиясынан» екені анық. Себебі қала әкімдігінің мәліметінше, 1 600 кәсіпкерлік нысанға 67,4 миллиард теңге шығын келген. Оның 95,4%-ы – шағын және орта бизнес нысандары, шығын сомасы – 42,9 миллиард теңге. Сауда орындары тоналып, қабырғалары қирады. Кейбірі әлі жұмысын жандандырған жоқ. «Қаңтар оқиғасы» кезінде үй жанындағы азық-түлік дүкендер жұмыс істеп тұрды. Сұраныс артқан уақытта саудагерлер оңтайлы тұсты пайдаланып, бағаны көтеріп жіберді.
Бұл бағаны бақылауда ұстайтын жауаптылардың жұмысына сын. «Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығының президенті Светлана Романовская да осы ойды қуаттап, бағаны бақылау және тұтынушыларды қорғау бойынша жұмыстар жүргізілмейтінін растап отыр.
«Алматыда Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің штатында бірнеше адам жұмыс істейді және олар барлық кәсіпкерлерді тексере алмайды. Бұл ретте қоғамдық ұйымдар жұмысқа тартылмайды, ал құқық қорғау органдары мен әкімдіктің сатып алушылардың шағымдарымен жұмыс істеу үшін қажетті білімі мен құзыреті жоқ. Мемлекеттік органдар іс жүзінде белсенді емес» деп отыр С.Романовская.
Алматыда күн сайын 1 773 үй жанындағы дүкенде әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде 7 ауданның (Түрксіб ауданынан басқа) 61 дүкенінде баға қолдан қымбаттатылғаны анықталды.
Бүгінде күнбағыс майы 15%-ға (920-дан 780 тг/л); сүт өнімдері 5%-ға (айран 315-тен 300 тг/л, сүт 295-тен 280 тг/л); әлеуметтік нан 10%-ға (100-ден 90 тг/л); 1 сұрыпты ұн 10,2%-ға (245-тен 220 тг/келіге дейін); қант 5,7%-ға (350-ден 330 тг/келіге дейін) арзандаған. Қалған 1 810 дүкен бойынша жұмыс жақын уақытта аяқталады. Мониторинг бойынша жұмыс тұрақты негізде жалғасады.
МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР НЕГЕ НАРАЗЫ?
Маңғыстау жұрты да азық-түлік бағасына наразы. Жыл басынан бері Ақтауда, Түпқараған мен Мұнайлы ауданында дүкен иелері үстеме бағаны 25-30%-ға дейін көтергені анықталды. Оларға ескерту жасалды, баға тағы да негізсіз көтерілсе, онда айыппұл салынады. Кәсіпкерлер бағаның қымбаттауына көтерме сауда орындарын себепкер дейді. Шын мәнінде қалай?
Ақтаудағы ірі көтерме сауда базарына көкөніс Павлодар, Тараз, Қарағанды мен Ресейден, ал жеміс-жидек Иран, Түркіменстан, Өзбекстаннан әкелінеді. Мәселен, картоптың 1 келісі 145-150 теңгеден сатып алынып, Маңғыстауға теміржол және жүк көлігімен жеткізіледі. Былтыр желтоқсанда елімізде сәбіз бен картопты экспортқа шығаруға уақытша тыйым салынғаны мәлім. Демек, көтерме сауда бағасы әлі де арзандайды деп отыр тасымалдаушылар.
– Біздің бағамыздың тұрақтануы өнімдеріміздің шетел аспауымен байланысты. Қазір үлкен қор Павлодарда. Ақтауға дейін тасымалдауымызға 45-50 теңгедей кетеді. 190 мен 200 теңгенің арасында сатамыз көтерме бағамен. Капустаның ең арзаны Қазақстан бойынша осы Маңғыстауда. Иранға жақын болғасын бізде арзан. 190-200 теңге. Картоп 250-300 тоннаның шамасында бар, пиязда сол шамада қоймаларымызда. Аймақта көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Кейбірі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 100 млн теңгеге дейін көмек алған. Берешек қаржы 6 айға 0%-бен беріледі, – кәсіпкер Нұрпейіс Назарғали.
Көтерме сауда, бөлшек сауда болсын, екеуінде де өзінің алған бағасына 15 пайыздан артық үстемеақы қосуға болмайды. 7000-нан аса кәсіпкердің қатысуымен жүргізілген зерттеу көрсеткендей, кәсіпкерлердің 97 пайызы тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңды білмейді, 70 пайызы қолданыстағы заңдардан хабарсыз екен. Бірақ бұл жауапкершіліктен босатпайды. Ескертуді елемегендерге енді 204-бап бойынша 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
КӘСІПКЕР ҚАЙТІП КҮН КӨРЕДІ?
Дүкен иелері халықтың қалтасы көтеретін құннан асырмай, заңның аясында жұмыс істеуі тиіс. Бірақ олардың да жағдайы мәз емес. Індет. Карантин талаптары. Жаңа салықтардың енгізілуі қарыз алып, кәсіп ашқан кәсіпкерлерді әбден мезі еткен. Мысалы, Қарағанды облысы Теміртау қаласында шағын дүкенге бір айда 18 рет тексеру жүргізілген екен. Кәсіпкер ақыр соңында дүкенді жауып тыныпты. «Айыппұл төлеу үшін ғана жұмыс істеп жүрген секілдімін» деп отыр көбісі. Пандемия кезінде кәсіпкерлік нысандарды тексеруге бағытталған «Тауарларға ілеспе жүкқұжаттар», «Акцизделетін тауарларды таңбалау» сынды көптеген қанатқақты жобалар жүзеге асты. Кәсіпкерлер зертханадағы қоян секілді болудан мезі болғанын айтып жатқаны бірінші рет емес.
Онсыз да тығырыққа тірелген кездерде қанатқақты жобалардың іске қосылуы одан сайын жағдайды қиындатып жібергендей. Айтпақшы, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою шегі айлық есептік көрсеткіштің 30 000-нан 20 000-ға еселеген мөлшеріне дейін төмендетілді.
ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою үшін ең төменгі айналым тиісті жылдың 1 қаңтарында қолданыстағы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген АЕК-тің 20 000 еселенген мөлшерін құрайды. 2022 жылы АЕК 3 063 теңге мөлшерінде белгіленген, демек ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою үшін ең аз айналым – 61 260 000 теңгені құрайды. Бұған дейін, 2021 жылы 30 000 АЕК, тиісінше – 87 510 000 теңгені құраған.
Бұл жылдық айналымы осы көрсеткішке жеткен барлық кәсіпкерлер ҚҚС төлеуші болады дегенді білдіреді. Мұның арты шығындардың өсуіне, шағын дүкен иелеріне бухгалтер жалдау қажеттілігіне, бизнестің осы саласының көптеген өкілдерінің жеңілдетілген режимнен жалпыға бірдей белгіленген режимге ауысуына әкеледі. Үй жанындағы дүкен иелері мұндай жүктемеге төтеп бере алмай, 2023 жылға қарай олардың жартысы жұмысын тоқтатуы мүмкін. 2019 жылы Президент 2023 жылға дейін жас бизнесмендер санын 30 мыңға дейін көбейту міндетін қойған. Ол үшін қазынадан 5 млрд теңге қаржы бөлінген еді. Қош, Президент пәрменінің қалай орындалғанын бір жылдан кейін көре жатармыз. Бірақ келесі жылға үй жанындағы дүкендердің саны азаймаса, көбейеріне күмән бар.
«Бизнес бастау үшін несие алғанмын. Енді ҚҚС төмендетілді. Қалай есептеу керектігін білмейміз. Мен өз дүкенімді сатылымға қойдым, бірақ оның қашан сатылатыны белгісіз. Өкініштісі, одан түскен қаржыға қарызымнан толығымен құтыла алмаймын» дейді кәсіпкер Айболат Назар.
Былтырғы жылдың аяғында еліміздегі үй жанындағы дүкен иелері билік пен қоғамның назарын өздеріне аудартуға барынша тырысып бақты. Әлеуметтік желілерде бейне үндеулер жолдап, ЭШФ мен тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды жазып беруді болдырмауды, сүт өнімдеріне таңбалаудың енгізілуін тоқтатуды (айтпақшы, кейінірек Үкімет бұл идеядан бас тартты) және ҚҚС бойынша шекті төмендетпеуді талап еттті. Бірақ талаптары орындалмады. Сондықтан кей кәсіпкерлер қаражаттың қамымен заңды елемей, халық күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасын қолдан өсіріп отыруы мүмкін.