Өз еркіңізбен кетіңіз немесе...
Мәселе ұжым арасында емес мекеменің жоғарыдағы қызметкерлерінде болып тұр. Филиалдықтар айрандай ұйып отырған ұжымның арасына іріткі салған сонау астанадағы бас мекеменің қызметкерлері дегенді айтады. Айтуларынша, бас мекемеде отырғандар осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүргендер емес. Жүйені жете түсінбеген соң филиал қызметкерлеріне шүйліге беріпті. Одан соң ұжым қызметкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, Мәжіліс төрағасына, Премьер-Министрге, «Nur Otan» партиясына, осы салаға жауапты министрлікке Ашық хат жолдаған. Ашық хатта «Су-метрология» филиалының су ресурстарын есепке алуды метрологиялық қамтамасыз ету жұмыстарын орындайтыны, мекемеде біліктілігі жоғары, көп жылдық еңбек тәжірибесі бар мамандардың жұмыс істейтіні жазылған. Нәтижесінде алдыңғы жылдың есебімен салыстырғанда жоспар 180 пайызға дейін көтеріліп отырғаны айтылған. Филиал шаруашылық жүргізу жолымен өзін-өзі толық қаржыландырып келеді екен. Алайда осындай жұмысы жүйеленген ұжымның астан-кестенін шығарған «Қазсушар» РМК-ның ІТ саласы бойынша Басқарушы директоры – Т.Наримбаев, осы кісінің тарапынан қудалауға түсіп отырмыз», – деп жазады ұжым қызметкерлері. «Аталған тұлғаның басшылығымен «Қазсушар» РМК-ның 5 маманы 2021 жылдың 5-6 мамыр күндері мекемеге тексеру жүргізіп, алдын ала дайындап келген сұрақтарын жаудырды. Олар берілген жауаптарға қанағаттанбай, «түсінбедім» дей берген. Гидравликаны әрине түсінбейді, олар инженер-гидротехник емес. Филиалдың 2021 жылғы жоспары, оның орындалуы, мекеменің қаржылық жағдайы да сұралмады. Кейбір хаттарға уақытылы жауап бермедіңдер деген уәжбен ғана аяқталды. Тексеру нәтижесі бойынша хаттама береміз, – деген. Алайда Т.Наримбаевтан хаттама немесе акт келместен 20 мамырда басшылықтың өздері келіп, филиал директоры Е.Чунетовпен жеке сөйлесіп, «өз еркіңізбен қызметтен кетіңіз және директордың орынбасары Қ.Қойшыбаев пен филиалдың бас-метрологы С.Бекжанов екеуі де өз еркімен кетсін деген тапсырма берді. Егер кетпесеңдер Қазсушарда істейтін ҰҚК-нің жігіттеріне тапсырма беремін, тексеріп себеп тауып, статьямен жұмыстан шығарамын, одан кейін бірде-бір мемлекеттік мекемеде жұмыс істей алмайсыңдар» деп қорқытып кетті», – деп ашынып, биліктен қолдау күтіп хат жазады. Алайда ашық хатқа ешқандай құзырлы органнан жауап келмеген.Даудың басы дұрыс емес қондырғыда
«Кілтипан Т.Наримбаевтың басшылығымен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Пилоттық бағдарлама ретінде К-19 каналына және сол каналдан шығатын арналарға су өлшеуді автоматтандыру жүйесін орнатуда жатыр. Аталған автоматтандыру жүйесінен біздің «Су-Метрология» филиалының мамандары хабарсыз. Орналастырылған автоматтандыру жүйесі каналдағы судың деңгейіне қарап, ағып жатқан судың көлемін анықтайтын құрылғы. Ал бұл жүйе негізінен дұрыс қойылмаған. Себебі К-19 каналының көлбеуі төмен, яғни бір шақырым каналдың көлбеуі 6 см ғана, жазғы суару маусымында ағын судың аздығынан К-19-МО-1 және К-19-МО-2 каналдарына сорғы арқылы су беріледі. Мұндай жағдайда, каналдағы судың деңгейіне қарап, ағып жатқан судың көлемін анықтайтын диаграмма дұрыс шықпайды. Сол себептен судың көлемін анықтайтын автоматтандыру құрылғысы дұрыс таңдалмаған. Өкінішке қарай, «Су-метрология» филиалы мамандарының бұл қорытындысымен Т.Наримбаев келіскісі келмейді, түсінбейді» дейді осы салада 25 жылдық еңбек өтілі бар Чунетов. «Біз осы құрылғының дұрыс қойылмағанын айтамыз деп қудалауға ұшырадық» дейді тағы бірде ол. Филиалдағы басшылық қызметтегі үш азаматқа қайта-қайта түсініктеме жаздыра берген. Ал филиал директорының бұрынғы орынбасары қазір қызметі төмендетілген Құрманәлі Қойшыбаев өзінің осында 1986 жылы жас маман болып жұмысқа қабылданғанын, сол жылдан бері осы салада тер төккенін жеткізді. Қойшыбаев өзінің неге қудалауға түскенін түсінбейді. «Жоғары жақтан келген 5 адамнан тұратын комиссия айтқан уәждерімізді тыңдаған да жоқ. Артынша басшылық келіп жұмыстан өз еркімізбен кетуімізді айтып кеткен. Айдың соңында тексеру қорытындысы келді, оған бір күннің ішінде қарап, қол қойып беруімізді тапсырған. Өкінішке қарай, ол кезде бас метролог іссапарда, есепші мен экономист еңбек демалысында болатын. Сосын біз оның уақытын созып беруді сұрап хат жолдадық. Ол хатты қаперге де алмастан директорға, маған, бас метрологқа сөгіс берді. Біз оған келіспейтінімізді айтып, бас мекемедегі келісім комиссиясына арыз түсірдік. Комиссия онлайн жиын өткізді. Уәжімізді айттық, барлығына жауап бердік. Сол жерде Наримбаевты шақырып еді ол өз ұстанымынан қайтпайтынын айтып тұрып алды. Жалпы, біз бас мекеме мамандарымен ортақ шешімге келе алмай отырғанымызды түсінбеймін. Дұрысын айтсақ тыңдамай, қалай болу керек екенін айтсақ түсінбейді. Біздің бұрыннан келе жатқан өз су өлшегіш әдісіміз бар. Оны мойындағысы келмейді. Айтып, жазып-ақ жатырмыз, ешкім тыңдамайды. Қояр талабы біздің жұмыстан кетуіміз болып тұр», – дейді бұрынғы директордың орынбасары.Су өлшеуді автоматтандыруға бөлінген қаржы қайда?
Филиал қызметкерлерінің айтуынша, «Қазсушар» РМК-ның Басқарушы директоры жоғарыда атап өткен Мақтаарал ауданындағы К-19 каналына қойған суды өлшеудің автоматтандыру Пилоттық бағдарламасының тұсаукесерін сол кездегі Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевке ұсыныпты. Бүгінде «Қазсушар» РМК Суару жүйелерін автоматтандырудың 5 жылдық жоспары оны орындаудың іс-шаралары бекітіліп, жұмыстар басталып та кетіпті. Сондай-ақ ашық хатта тағы бір мәселе айтылған. «2010 жылдардан бастап Қазақстан Республикасы аумағында да су өлшеуді автоматтардыру іс-шараларына мемлекет тарапынан миллиардтаған қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары орындалды. Сол бөлінген қаржылардың осы күндері нәтижесі қалай болғаны жөнінде мәлімет бар ма екен?! Орналастырылған автоматтандыру жүйелері қызмет атқарып тұр ма?! Экономикалық тұрғыдан тиімділігін есептеп шыққан маман бар ма екен?!» дейді мамандар. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны» секілді, осынау деректерді кәнігі мамандар тектен-текке айтып отырмаған шығар деген ой келеді. Ал қудаланып отырған үшінші тұлға мекеменің бас метрологі болған, ол да қазір лауазымы төмендетілген Сұлтанбек Бекжанов. Ол бас мекемедегілер «өзің білме, білгеннің тілін алма» дейтін сөзді ұстаным етіп алғанға ұқсайды дейді. 2020 жылдың тамыз айында мамандардың келісімінсіз қойылған автоматтандыру жүйесінің дұрыс еместігін айтудан танбайтынын да жеткізді. 17 жылдан бері республика бойынша қай каналға қандай қондырғы қойылып жатқанын көріп жүрген су шаруашылығының маманы осынау автоматтандыру жүйесінің К-19 каналына қойылғанына үзілді-кесілді қарсы. «Бұдан біздің хабарымыз жоқ. Жұмыс жүріп жатқанда барып, Тараздан мамандар келіп сынама алғанын, қорытындысында мұнда қоюға болмайтынын айтып кеткенін ескерттім. Сосын бұл жұмыстарды қандай компанияның атқарып жатқанын сұрастырып білдім. Басшысы өзімізбен бірге талай су шаруашылығында қондырғылар орнатып жүрген жан екен. Одан судың көлемін өлшедің бе, мұның қалай деген едім, «маған тапсырыс берді, орындадым» деп тұр. Оның үстіне бұл Өзбекстан Республикасының иелігіндегі канал. Ертең дау шығып кетпей ме деген күдігімді де жасырмадым. Жалпы, каналдың көлбеуі де төмен, су өте аз. Соңғы 3 жылдан бері тіпті таудағы су көлемі де азайып кеткенін көріп жүрміз», – дейді Сұлтанбек Бекжанов бізбен әңгіме-сінде. Біз «Су метрология» филиалына жуырда ғана бас мекемеден келген директордың міндетін атқарушы Ержан Қазиұлымен сөйлескенімізде ол бұл мәселелердің басы-қасында болмағанын атап өтті. «Қазір ұжым қызметкерлері өз жұмыстарын атқарып жатыр» деп қысқа жауап берді. Дегенмен осынау істе кімнің сөзі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтауды мамандар еншісіне қалдырдық. Алайда ұжым мүшелерінің арасына жік түскен жерде береке болмайтыны бесенеден тағы белгілі. Ал каналға автоматтандыру жүйесін қою мәселесінде мамандардың шырылына да құлақ түру керек шығар.Шымкент қаласы