Австралиялықтарды өнерімен тамсандырған «Астана Опера»
Австралиялықтарды өнерімен тамсандырған «Астана Опера»
330
оқылды

«Астана Опера» балет труппасының жетекші солисі Бақтияр Адамжан жасыл құрлықтың көрермендерін тамсандыруда. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері осы күндері Ballet International Gala әлемдік шоуы аясында Австралияда өнер көрсетуде.

Сондай-ақ Ковент-Гарден Корольдік балеті, Америкалық балет театры және Квинслендск балетінің жетекші солистері қатысып жатқан бұл гала-көрсетілім 26 қаңтардан 5 ақпанға дейін жалғасады. Планетаның түпкір-түпкірінен барған үздік бишілер Австралияның солтүстік-шығысындағы екі ірі аумақта өз өнерлерін көрермендер назарына ұсынуда. Бір жағынан гала-балет – бұл байқау немесе жарыс болмағанымен, онда Олимпиада ойындарының бір жұрнағы бар: күллі әлемнің үздік балет әртістері өздерінің мінсіз техникасын көрсетіп, осылайша ерекше мерекелік атмосфера тудырады. Осынау көрсетілімдік шарада Қазақстанды өте талантты биші Бақтияр Адамжан таныстыруда. Биде өзінің жұбы ретінде әртіс «Астана Операдағы» әріптесі Шұғыла Әдепханды алып барды, екеуі бірге А.Хачатурянның «Спартак» балетінен жарқын нөмірді орындайды. А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі Бақтияр Адамжан өзінің мансаптық жолын оңтүстік астанада Абай атындағы опера және балет театрында бастаған болатын. Оның шығармашылық шырқауы Спартак партиясынан басталды. Жарқын сомдалған рөлден кейін әртістің таланты шет елдерде атап өтілді, ол бірнеше рет Нью-Йорк, Ыстамбұл, Сеул, Мәскеу және басқа да қалаларда өткен халықаралық балет байқауларының лауреаты атанды, шақыртылған әртіс ретінде әлемнің атақты сахналарында өнер көрсетті. Енді, міне, тұңғыш рет Жасыл құрлықтың  сахнасында жарқырауда. – Алғашқы орындауымыз керемет болды, – дейді биші. – Көрермен бізді өте жақсы қабылдады. Бұл олар үшін айтулы оқиға болды. Залда ине шаншар жер қалмады, оның жанға жайлы атмосферасы, ыстық ықыласы мен қошеметі зор қуат береді. Бақтияр Адамжанның айтуынша, ол әріптестерімен жылы достық қарым-қатынас орнатқан. – Балет әлемі өте тар, сондықтан біз бұған дейін бір-бірімізбен таныс болмасақ та, әлеуметтік желілер арқылы бір-бірімізді сырттай білетінбіз, – дейді ол. – Алғашқы орындауымыздан тек жақсы әсер алдым, – деді Бақтиярдың бидегі жұбы  – Шұғыла Әдепхан. – Біздің нөмір бәріне ұнады, тамсанбаған жан қалмады. Балеринаның айтуына қарағанда, дайындық пен орындау кезінде ол қандай да бір пайдалы нәрсені үйрену үшін басқа бишілерге жіті назар салып отырған. – Әр балет мектебінің және әр шетелдік әртістің өзіндік ерекшелігі бар. Біздің бір-бірімізден ерекшеленетініміз өте жақсы, себебі бұл қуат, мотивация алуға, шабыттануға мүмкіндік береді. Ballet International Gala балеттің жетекші әртістерін жинай отырып, көпшіліктің назарын аударды және бұқаралық ақпарат құралдарында кең резонанс туғызды. Ең қызу талқыланған орындаулардың бірі «Астана Опера» әртістерінің нөмірі болды, ол туралы бірқатар австралиялық және әлемдік БАҚ жарыса жазды, оның ішінде The Australian, The Courier Mail, The Mercury, The Cairns Post және басқалары бар. Шоу қатысушылары да әлеуметтік желілерде Қазақстанның астанасынан барған өз әріптестері жайлы таңданыстарын білдіріп жатты. Ең ірі австралиялық сыншылардың бірі – өнер шолушы Фил Браун The Courier Mail газетінде Бақтияр мен Шұғыланың өнеріне жоғары баға берді: – «Спартак» балетінен үзінді орындаған қазақстандық қос биші – Бақтияр мен Шұғыла Әдепханды көргеніме сене алар емеспін. Оларға мұнда жету оңай болмады, алайда қажетті құжаттардың болуы және BIG-тің басқа да қатысушыларымен бірге карантинді сақтаудың нәтижесінде олар Ковидті болдырмай, мақсаттарына жетті.  Өткен кеште қазақстандық жұп кезінде жазылған ең әдемі әуендердің бірі – Арам Хачатурянның музыкасына керемет биледі. Және де Адамжанның бейнесі шынайы Спартактан айнымай қалды. Шын мәнісінде, Григорович оны рөлге әдейі таңдап алған әрі оның себебі де түсінікті. Бұл жұптың өнер көрсетуі таңғалдырарлық қуатты және әдемі болды. Онымен рахаттану үшін сізге балетті қадірлеуші болу міндетті емес. Мұндай дәрежедегі шараларға қатысу Қазақстанды әлемдік сахнаға абыроймен таныстырып жүрген  қазақстандық әртістердің деңгейінің жоғары екенін көрсетеді, сол сияқты «Астана Опера» театрының балет өнерінің әйгілі әлемдік орталықтарымен афишада қатар тұруы зор мәртебе.