Жаңа көлікке жайғасқысы келетіндер жеңілдетілген автонесиеден дәметіп жүр. Жоспар бойынша бағдарлама наурызда басталуы тиіс. Бірақ отандық автонарықтың аянышты ахуалын қайтпекпіз? Бағдарламаға қатысуға жазда қаңырап бос тұрған автосалондар қауқарлы ма? Қазір жаңасын қойғанда дөңгелегінің білігі дірілдеген көне техниканың өзі «әкесінің құнын» сұрайды. Қазақстанда көлік арзандайтын күн қашан?
ЖАҢА КӨЛІКТІ ҚАЙДАН ТАБАМЫЗ?
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Атырау қалаларындағы автосалондарға хабарласып, жұрттың сұранысындағы Chevrolet Cobalt, Chevrolet Nexia, Hyundai Accent, Toyota Camry және Hundai Elantra көліктерін сұрастырдық. Көзіміздің жеткені автомобиль салондарындағы жаңа көліктер тапшылығы әлі шешілмеген. «Жаңа көліктер қашан келеді?» деген сұрағымызға автодиллерлер мардымды жауап бере алмай отыр. Бірқатар автомобиль брендтеріне тапсырыстар қабылдап жатқан жоқ.
«Hyundai Accent жоқ. Қашан келетіні де беймәлім. Тапсырыс та қабылдамаймыз. Hyundai Elantra ғана бар. Құны 9 миллионнан асады. Басқа көліктердің бәрі жүрілген» деген жауап алдық елордалық автосалондардың бірінен.
Алматыда Kia Rio-ның жаңасын табу оңайға түспейді. Үш автосалонға хабарласып, біреуінен де таппадық. Қытайдың Changan автокөлігінен басқасы жүрілген деп отыр менеджерлер. Ал Атырауда Toyota Camry 75-ті алу үшін алдын ала төлем жасап, 6 айдан 1 жылға дейін күтесіз.
Алдын ала тапсырыс бергеннен кейін көлігіңізді күтіп жүргенде оның бағасы қымбаттаса, сол бағада сатып алуыңызға тура келеді. Егер мұнымен келіспесеңіз, онда алдын ала төлем ретінде енгізген қаржыңызды қайтарып ала аласыз. Болмаса күткен көлігіңіз басқаның қолында кетеді. Автосалондардың талабы осындай.
Ақшаңыз болса да, ойыңыздағы автокөлікке оңай қол жеткізе алмайсыз. Неге? Бұған микрочип мәселесінің қатысы бар. Себебі көліктің негізгі бөлшектері бізге Корея мен Жапониядан келеді. Пандемия кезінде бұл елдерде автомобильге қарағанда теледидар, тоңазытқыш сынды тұрмыс техникасы көп сатылды. Сондықтан микрочиптер тұрмыс техникасына жұмсалды. Дегенмен микрочип мәселесі бір жыл бұрын өзекті еді, қазір біртіндеп бұл мәселе де шешімін тауып келеді.
Тағы бір мәселе, Қазақстанға жеткізу қиындап, кезек көбейген. Мысалы, қазақстандықтардың қалтасы көтеретін кореялық Hundai және Kia көліктері Қытайда тұрып қалған. Ал Қытай үшін біз нөмері бірінші нарық емеспіз, сондықтан олар автокөліктерді асықпай жіберіп жатыр.
Жаңа көліктердің жетіспеушілігіне утилизациялық алым, алғашқы есепке тіркеу мөлшері және техникалық регламент те айтарлықтай әсер етіп отыр. Осы үшеуінің салдарынан соңғы 6 жылда елімізге сырттан көлік кірген жоқ. Сондықтан іштегі автоқұрастырушылар сұранысты қанағаттандыра алмады. Барлығы жылына 80 мың көлік елімізде өндірілсе, нарықтың сұранысын қанағаттандыру үшін жылына тағы 350 мың көлік сырттан келіп отыру керек.
АРЗАНДАЙ МА?
Егер екінші деңгейдегі банк сайттарындағы бөлімдегі автонесиелендіруге үңілсек, пайыз мөлшерлемесі анағұрлым көп екенін байқауға болады. Орташа мөлшері 17-23 пайыз. Жақында елімізде базалық мөлшерлеменің деңгейі тағы 0,1 пайызға өсті. Негізі 2021 жыл 8,4 пайызбен аяқталған еді. Қазір жалпы көрсеткіш 8,5 пайызға жетіп отыр. Сондықтан тағы бір ескеретіні, базалық мөлшерлеме жоғарылаған сайын еліміздегі екінші деңгейлі банктерден көлікті төмен пайызбен несиеге ала алмайсыз.
Ал жеңілдікпен автонесие беру бағдарламасының шарттарына келсек, 1 жеңіл автокөлік құны – 15 млн теңгеден, несие мерзімі – 7 жылдан, соңғы қарыз алушы үшін номиналдық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4%-дан аспауға тиіс. Соңғы қарыз алушы ЕДБ алдындағы несиесін өтеген кезде қайтарылған қаражат есебінен отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алушыларға қайта несие беріледі. Бүгінде осы бағдарламамен сатып алу үшін елімізде құрастырылған Hyundai, KIA, JAC, Chevrolet және LADA сияқты автомобильдер қолжетімді.
Жалпы, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2015 жылы іске қосылды. Бұл 20 жылға есептелген және «револьверлік» әдіске негізделген. Қаржыландырудың жалпы шегі – 82 млрд теңге. Бағдарлама іске асырылған сәттен бастап револьверлік қайтарымды қаражатты ескере отырып, 159 млрд теңгеге 30 525 қарыз берілді. Қазірдің өзінде 80 мыңға жуық адам отандық автокөліктерді сатып алған.
Жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 5 банк қатысады. Қай банк болсын, жеңілдетілген автонесие бағдарламасын өз қаражатынан ұйымдастырмайды. Бұл жерде утилизациялық алымнан түскен қаржыдан өтеледі.
Қорытындысында елімізге сырттан келетін автокөліктер, олардың қосалқы бөлшектері шетел волютасымен сатып алынады. Сондықтан жеңілдетілген автонесие көлік бағасының арзандауына әсер етпейді. Жеңілдетілген автонесие қайта жалғасады дегеннен көлігін сатылымға қойғандар құнын тағы көтеріп әлек. Бұл бағдарлама халықтың автокөлікке деген сұранысын арттырса, көлік бағасы тағы қымбаттауы мүмкін. Ал бағдарламаға ілігіп, игілігін көремін деушілер айлап кезек күтуге мәжбүр болмақ.