Шалғай ауылдардағы медицина маңдымай тұр
Шалғай ауылдардағы медицина маңдымай тұр
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
270
оқылды
Медицина саласына мемлекеттен қомақты қаражат бөлініп жатса да, облыс орталығынан шалғайда орна­ласқан елді мекендердегі жағ­дай көңіл көншітпей отыр. Ауыл тұр­ғындары емделу үшін қаншама ша­қы­рым жердегі аудан, облыс орта­лығына салпақтап, әбден шаршаған­дарын айтады. Өзге аймақтарды қайдам, Шығыс Қазақстан облысында бұл мәселе өзекті болып тұр.

Тұғыл тұрғындары неге наразы?

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы балығымен аты шыққан Тұғыл ауылында бүгінде 10 мың тұрғыннан 4 352 адам қалған. Ең өкініштісі, халық саны азайғаннан кейін ауылдағы емхана қысқартылып, шағын амбулаторияға айналыпты. Қазір бар болғаны үш-ақ маман жұмыс істейді. «Ауыл тұрғындары шұғыл ота қажет болған жағдайда көлікке мініп, аудан орталығына аттануға тура келеді. Жұрт осыған ренжиді. Тәуліктік стационар да жұмыс істемейді. Тек күндізгі стационар бар. Сонда ауыл тұрғындары түнгі уақытта ауырып қалса қайтеді? Аудан мен қалаға сабыла ма? Міне, мен бүгін УЗИ жасату үшін аудандық ауруханаға бардым. Таксиге 2 мың теңге төледім. Өйткені біздің Тұғылда қарапайым физиокабинет жоқ. Мүгедек балам болғандықтан, айына 10 күн физио мен массаж алуымыз керек. Ауылда маман болмаған соң 60 шақырым жердегі Ақжар ауылына баруға мәжбүр­міз»,– дейді осы ауылдың тұрғыны, жалғызбасты ана Жадыра Жүнісова. Айтпақшы, жақында әлеуметтік желілерде осы ауылдағы емхана бөлмесінің суреті жарияланған еді. Суреттен бөлмедегі қабырға сылақтарының түсіп жатқанын байқауға болады. Осы жағдайға байланыс­ты түсінік берген Тұғыл дәрігерлік амбулатория­сының меңгерушісі Жеңісгүл Смағзанова әлеуметтік желіде тараған сурет ЭКГ-ға түсетін кабинет екенін, бұл бөлмеге жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін айтады. «Әлеуметтік желіде тараған суреттегі палатада науқастар ем алмайды, себебі бізде барлық палаталар науқастарды қабылдауға дайын. Жөндеу жұмыстары жүргізілген. Стационарда VIP палата да бар», – дейді ол. Ал ауыл тұрғындарының «Ауылдағы емхана қайта қалпына келе ме?» деген сұрағына аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Тұғыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясында стационар­лық 7 адамға арналған күндізгі балалар және терапия бөлімі жұмыс істейді. Былтыр облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ильяс Мұхамеджан мен облыстық мәслихаттың хатшысы Денис Рыпаков келіп, жөндеу жұмыстарын жүр­гізу­ге көмектесетінін айтқан. Алайда об­лыстық Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан смета жасауға қаржы бөлін­беген­діктен, бұл іс қолға алынбады. Қазір Тұғыл ауылында халық саны жылдан-жыл­ға азайып келеді. Бекітілген тұрғындар регистрі бойынша былтыр 4 656 адам болса, биыл 4 352 адам болды. 304 адамға азайып отыр. Сондықтан қосымша штат беру мәселесі шешілмейді» деп жауап жазған болатын.

Жүкті әйелдер ауылда босанғысы келмейді

«Қайда барсаң Қорқыттың көрі» демекші, Өскеменнен 500 шақырымға жуық жерде, шекараның шебінде, елдің шеті, желдің өтінде орналасқан Марқакөл өңірін­де де – осыған ұқсас мәселе. Бұрын­ғы Марқакөл ауданының орталығы Марқа­көл ауылында аудан тарағанға дейін үлкен аурухана болғаны белгілі. Мұндағы перзентхана бөлімі 2012 жылы жабылған. Сон­дықтан бұл өңірдегі аналардың бәрі нәрестелерін өмірге әкелу үшін Өскеменге баруға мәжбүр. 2017 жылы облыс әкімі Даниал Ахметов Күршім ауданына жұмыс сапарымен келіп, Марқакөл өңіріндегі жұртшылықпен жүздескенде көл жағасын­дағы Ұранқай ауылының 70 жастан асқан тұрғыны Валентина Сосновских «Марқа­көл ауылындағы ауруханада жабылып қал­ған перзентхананы қайта ашса, шалғай­дағы өңірдің аналарына көп көмек болар еді. Әйтпесе, 200 шақырымнан асатын аудан орталығы Күршім мен 500 шақырым­ға жуық жердегі Өскеменге жету оңайға соқпай тұр. Осы мәселені шешуге жәр-демдессеңіз» деп өтініш айтты. Қиырдағы қарияның сөзі әсер етті ме, әлде шалғай елді мекендегі аурухананың жағдайына бұрыннан қанық па, Ұранқайдан кейін бірден Марқакөл ауылын бетке алып, ондағы емхана ұжымымен кездесіп, рент­ген, УЗИ кабинеттерімен танысып: «Ауылдық аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге 80 миллион теңге қаржы бөлеміз. Күршім аудандық ауруханасының бас дәрігеріне 10 орындық перзентхана ашуды тапсырамын» деген еді. Содан бері 4 жыл өтті. Мәселенің мән-жайын білейік деп Күршім аудандық ауруханасы бас дәрігері­нің міндетін атқарушы Ләйлім Шоқаеваға хабарласқанымызда, 10 төсек-орынды перзентхана ашу жөнінде тапсырма болғанын, алайда мұның тиімсіз екенін жеткізді. «2020 жылы Марқакөл ауылында бір ғана әйел босанған. 2021 жылы бірде-бір әйел босанған жоқ. Жасыратыны жоқ, көбі қалаға кетіп қалады, кейбірі Күршімде босанады. Денсаулықтары әлсіз болған соң Өскемендегі Ана мен бала орталығына жіберткізеді. Мәселен, ауданда жылына 390 бала дүниеге келсе, соның 60-70-і ғана Күршімде, қалғандары қалада босанады. Кейде тұрғындарды да түсінбей қаласың, өздері сұрайды да, өздері қалаға тартып отырады» деген ол Күршім ауданы бойынша 10 төсек-орынды перзентхана бар екенін, оның сегізі аудан орталығында жұмыс істеп тұрғанын, екеуі Марқакөлде ашылғанын тілге тиек етті. «Марқакөл ауруханасына 2020 жылы 67 миллион теңгеге перзентхана бөлім­шесімен бірге күрделі жөндеу жүргізіліпті. Мұнда бір гинеколог, бір акушер, бір бала дәрігері бар екен. Енді төрт акушер қажет», – дейді Ләйлім Шоқаева. Осы ауылдың тұрғыны, журналист Абзалбек Мұхамеджановтың пікірінше, жергілікті дәрігерлер жүкті әйелдерді қалаға жіберуге асығып тұрады. «Жүкті болған әйелдер мұнда тіркелсе бір ай бұрын Өскеменге қуып жібереді. Менің екі келінім де бір ай жатып, Өскеменде босанып келді. Жарайды, менің Өскеменде балаларым бар. Баратын үйі бар. Баратын жері жоқ адамдар не істейді сонда?», – дейді ол.

Абыралы мен Шұбартауда да перзентхана жоқ

Ал бұрын өз алдына аудан болған, бүгінде бірі Семей қаласына, бірі Аягөз ауданына қарайтын Абыралы және Шұбартау өңірлерінде қазір бірде-бір перзентхана жұмыс істемейді. Мәселен, бұрынғы Абыралы ауданының орталығы Қайнар ауылындағы шағын ауруханада босанатын әйелдерге арналған бір ғана төсек бар екен. «Мұның өзі шұғыл жағдайда босанатын аналарға лайықталған. Негізі аяғы ауыр әйелдерді 15 күн бұрын қалаға жібереміз. Бұрын Қайнарда 10 орындық перзентхана болған. Кейіннен қысқар­тылды. Қайта ашылса жақсы-ақ болар еді»,– дейді Абыралы ауруханасының бас дәрігері Әкімбай Шақантаев. Абыралы – сан жыл Семей полигоны­ның зардабын тартқан аймақ. Әлі де ядро­лық сынақтың зардап-зияны жойылған жоқ. «Перзентхана да қажет қой. Бірақ Абыралыға қазіргі жағдайда өңір тұрғын­дарының денсаулығын зерттеп, көмек көрсететін оңалту орталығы аса қажет. Ең болмағанда, 10 орындық орталық салынса, полигоннан зардап шеккен тұрғындарға үлкен көмек болар еді, әрі жаңа жұмыс орындары ашылатын еді», – дейді бас дәрігер. Бұрын өз алдына аудан болған, бүгінде Аягөз ауданына қарайтын Шұбартау өңірінде де осы кеп. Перзентхана дегеніңіз атымен жоқ. Бұл аймақтың аналары босану үшін 300 шақырым (Аягөз), 500 шақырым (Семей) жол жүруге мәжбүр. Жол демекші, Шұбартаудың ой-шұңқыры көп жолдары өз алдына бөлек әңгіме. «Шұбартаудың аналары негізінен Аягөз қаласында босанады. Баршатас ауылын­дағы амбулаторияда бір акушер бар», – дейді Баршатас (бұрынғы аудан орталығы) ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі.

Шығыс Қазақстан облысы