Ақтөбе облысында өртенген үйде көз жұмған 5 жасар егіздердің отбасына қатысты дерек шықты
Ақтөбе облысында өртенген үйде көз жұмған 5 жасар егіздердің отбасына қатысты дерек шықты
Фото: NUR.KZ
336
оқылды
Ақтөбе облысында түтінге тұншығып, өртенген үйден шыға алмай қалған 5 жасар егіздердің отбасына жерлестері көмек қолын созып жатыр. Мамандар балалардың өмірін жалмаған өрттің қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлады nur.kz
"Қазіргі кезде тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Алдын ала себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуына байланысты. Тоқ жүріп жатқан сым есіктен өтеді, есіктің топсасы, төбесі өртенген. Сол шоқтар линолеумға түскен, әрі қарай түтін пайда болған", - дейді облыстық төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Асқар Төлешов.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы төрт бала тәрбиелеп отырғаны белгілі болды. Қаралы оқиға болған күні ата-анасы жұмыста болған, ал үлкен балалары мектепке кеткен. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, отбасы қазір ата-анасының үйінде тұрып жатыр. Жергілікті атқарушы орган аз уақытта үйді демеушілер тарапынан қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырып жатыр.
"Қаралы отбасы ата-анасының үйінде тұрып жатыр, олар көрші тұрады. Жергілікті атқарушы орган аз уақытта  үйді демеушілер тарапынан қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырады. Қазір "Шапаған" қорынан материалдық көмек көрсетіледі", - дейді Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов.
Бұған дейін Ақтөбе облысында 5 жасар егіздер өртенген үйден өлі табылғанын жазған болатынбыз.